Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АУДАН ҮНЖАРИЯСЫНА БИЫЛ – 80 ЖЫЛ!

АУДАН ҮНЖАРИЯСЫНА БИЫЛ – 80 ЖЫЛ!


«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Ұлт жазуының реформаторы Ахмет Байтұрсынов айтқан осы айқындама ақпараттық қоғам қанша жерден цифрланғанымен құндылығын жойған жоқ. Өйткені, газет – жұртшылықты жағымды жаңалықтармен сүйіншілеп, руханиятқа бойлататын, билік пен халық арасын байланыстыратын саяси, қажетті құрал. Ал қажеттіліктен ешкім де бас тартпайтыны анық.
Ескі жылдың есіркеуін, Жаңа жылдың жарылқауын тілеп, 2019 жылды жұрт болып қарсы алдық. Бұл жыл ауданның үнжариясы болған «Тіршілік тынысы» газеті ұжымына ерекше жыл. Себебі, өткен жылы ауданның 90 жылдығын тойлаған халықтың жаңалық жаршысы болып, мұң-мұқтажын жеткізіп келе жатқан газетке биыл 80 жыл толмақ. Айтулы мерейтой аудан айнасы ұжымы үшін айрықша қуанарлық жәйт. Осы тұста, аудандық басылымның тарихына бойлап, сегіз ондықтағы шежіресіне қысқаша тоқталуды жөн санадық.
Қазіргі аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тарихы сонау 1939 жылдан басталады. Сол жылы Тереңөзек ауданы қайта құрылды да, осы жылдың 26-шы наурызында «Сталин жолы» деген атпен аудандық газеттің алғашқы саны жарық көрді. Ол 1956 жылға дейін шығып тұрды. Ал 1956 жылдан кейінгі аралықта аудандық басылым «Еңбек майданы» деген атаумен тарады. 1963 жылы Тереңөзектің Сырдария ауданына бірігуіне байланысты газет қайта құрылып, «Сырдария» деген атпен 1967 жылға дейін шықты. Сол жылы аудан қайтадан екіге бөлініп, сол кездегі аудандық партия комитеті мен халық депутаттары аудандық кеңесінің органы шешімімен аудандық газет «Еңбек туы» деген атпен 1992 жылдың 30-шы шілдесіне дейін шығып тұрды. 1992 жылдың 30-шы шілдесінен бастап «Тереңөзек тынысы» деген атпен оқырмандар тілегіне орай жария болды. Бүгінде бұл газет «Тіршілік тынысы» деген атпен оқырманға жол тартуда. Газет тиражына көз жіберер болсақ, алғашқы «Сталин жолы» – 1000, одан кейінгі «Еңбек майданы» – 1350, «Сырдария» – 4105, «Еңбек туы» – 3010, «Тереңөзек тынысы» – 2905 дана таралыммен оқырманға жетсе, бүгінде аудан айнасы өз оқырманының қолына 3000 данадан аса таралыммен тарайды.
Аудандық басылымның 80 жылдық тарихы аз уақыт емес. Осы аралықта аудандық жалғыз баспасөз аудан халқымен, оның тұрмыс жағдайымен, әлеуметтік-рухани жай-күйімен бірге жасасып келеді. Өзінің алғашқы санынан колхоз құрылысының жемісін насихаттаудан бастаған газет соғыс жылдарындағы, одан кейінгі кезең тудырған түрлі жағдайларды үзбей жариялап келді. Мұның айқын айғағы – сол кездерде газет бетінде берілген түрлі айдарлармен жарық көрген мақалалар қайнаған тыныс-тіршілікті аңғартса керек. Егемендік алғаннан кейінгі тұста да аудан үнжариясы азаттық айбынын, ел жетістіктерін назардан тыс қалдырған жоқ. Оның берісінде ауданның тыныс-тіршілігін үнемі ақпараттандырып, басылым көзі қарақты оқырманның көзайымына айналды.
Бүгінде «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты аудандық газет заман ағымына сай түрленген. Ерекше дизайн, оқырман талғамына сай ойсаларлық дүниелер, мәйекті мақалалар жариялануда. Түрлі айдарлар, арнайы беттер оқырман сұранысын қамтуда. Алысжақын елдердегі жерлестер газет бетінде үнемі жарияланып келеді. Оған қоса, аудандағы айшықты жаңалықтар, үлгі етерлік дүниелер жан-жақты ақпараттардырылуда. Сондай-ақ, серіктестік тарапынан редакцияның материалдық-техникалық базасы нығайып, қазір аудан басылымдары арасында аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясы алдыңғы қатардан көрініп келеді.
Тарих еншісінде қалған 80 жылдық белесте аудандық газетте небір мықтылар жұмыс істеген. Қарымды қаламгерлер мен мықты журналистертің осы аудан айнасының қалыптасуына қосқан еңбектері орасан зор. Олар туралы материалдарды биылғы аудан үнжариясы мерейтойы барысында жариялайтын боламыз.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
09 қаңтар 2019 ж. 2 256 0