84 жылдық мерейлі белес
Біреу білер, біреу білмес, осыдан тура 84 жыл бұрын, яғни 1939 жылдың 26 наурызында аудандық газеттің алғашқы нөмірі оқырман қауымға жол тартты. Бүгін 84 жылдық мерейлі белесті бағындырып отырған шығармашылық ұжым осынау жылдар ішінде іргелі істер мен жақсы жаңалықтардың жаршысы бола білді.
Жергілікті басылымның тарихына зер салсақ, аудандық газет алғашында оқырман қауымға «Сталин жолы» деген атпен таралған. Кейіннен, яғни 1956 жылдың 1 маусымынан бастап «Еңбек майданы» болып өзгертілсе, 1963-1967 жылдары «Сырдария», 1967-1992 жылдары «Еңбек Туы», 1992-1997 жылдары «Тереңөзек тынысы» болып жарыққа шыққан. Ал 1997 жылдан күні бүгінге дейін «Тіршілік тынысы» атауымен таратылуда.
Жергілікті газет елімізге белгілі қаламгерлердің ұстаханасына айналды. Дарынды жазушы Қалтай Мұхамеджановтың қаламының ізі қалған, ақын Сейфолла Оспан, Қайырбек Асанов, Жадыра Дәрібаеваларды көпшілікке танытқан басылымда Мұхтар Сақтапов бастаған алдыңғы буын өкілдері еселі еңбек етті. Бүгінде олардың ізбасарлары да осал емес. Ауданда газеттің өзіндік орны, мәртебелі төрі бар деп нық сеніммен айта аламыз.
«Сыр медиа» серіктестігіне қарасты аудандық газет жұмысы сан алуан тақырып пен бағытты қамтиды. Бүгінде жергілікті басылым аптасына екі рет жарық көреді. Шығармашылық топ мүшелері түрлі айдарлар бойынша оқырманға ой саларлық дүниелерді, маңызды мақалаларды, сұхбаттарды жариялауда. Ең маңыздысы, жыл санап оқырмандар қатары артып келеді. Бұл – ұжымның жұртшылықпен бірлесе жүргізген жемісті жұмысының нәтижесі.
Аудан жаңалықтарының жаршысына, сырдариялықтардың сырласына айналған төл басылымның ардагерлері мен қызметкерлерін газеттің 84 жылдық мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын! Басылым тілшілеріне шығармашылық табыс тілеймін!
Ақтөре Ибрагимұлы
Пікір 2