Шәкір ұста
Қазақ темір ұсталарының ұсталығының бастауын сонау Дәуіт пайғамбардан алатыны, темір ұсталары істі бастар алдында Дәуіт пайғамбарға тәу ете отырып, ісі бастайтыны барша жұртқа аян. Осыдан да болар темір ұсталарына ел ішінде әруақты, аса қадірлі, киелі өнер шеберлері деп құрмет көрсетіледі. Оның үстіне екінің бірі ұста бола алмайды.
Жалпы өнердің қай саласы болсын, атадан балаға мирас болып келе жатқан киелі өнерді қасиет тұтқан. Сан ғасырдан бері ата-бабадан жалғасып, үйреніп келе жатқандықтан, өнердің құпиясын өзгеге ашпай, күнкөріске айналдырған. Десек те бүгінде бұл заңдылықтың мәні мен мағынасы жойылғандай көрінеді. Оған себеп – кешегі зұлматты кер заман. Ол кезде өнер түгіл, «қалай аман қалам» деп, бас қайғысымен босып кеткен халықтың жағдайы еді. Уақыт өте аман қалғандарының ұрпақтары көне дәстүрді қайта тірілтіп, аянбай еңбек ету арқылы ұсталық өнердің қайта жанданғаны қуантады.
Сол қиын қыстау кезеңнен аман шыққан өнер шеберлерінің бар құпиясы бүгінгі заман талабына сай келмеуінен, әрі көпшілік қажетсінбеу салдарынан шеберлер құпиясы өз дүкендерімен бірге кеткендей. Осы сөзімізге дәлел –кезінде Қалжан ахун ауылында туып, ел басына күн туған заманда қолынан келгенін жасап, ел құрметіне бөленген Шәкір Мешітбаев ұста мен оның дүкені еді. Ұстаның ұрпақтары киелі мекеннен жырақта өмір сүргендіктен болар, Шәкір ұстаның дүкенінің бүгінде ізі де жоқ. Оның ұрпағы Нұрлан әке дүкеніне иелік ете алмаса да, әкесі ұстап, тұтынған құрал-саймандарын көзінің қарашығындай қастерлеп ұстауда. Ұстаның ұлы Нұрлан:
– Мен перзенттік борышымды өтеу үшін әкем Шәкір ұста туралы білетінімді жадымнан шығарған емеспін. Әркез әке әруағына бас иіп, кезінде елде Шәкір сынды әруақты темір ұстасы болғанын, оның шеберлігімен қатар, өте арқалы, әруақты кісі болғанын оның көзін көргендер болса, еске алар деген оймен, әрі келер ұрпаққа жеткізу мақсатында естелігімді айтамын. Темір ұсталығы біздің әулетке сонау арғы аталарымыздан бірге жалғасып келе жатқан киелі өнер, – дейді.
Қазақшеберлігінің қай қайсысы болсада темір ұсталығы сонау бабалары далада немесе қалың тоғай ішінде құрулы темір ұстаханасына тап болып, осы уақыттан бастап иелік еткен. Иесі келгенше ол дүкенге екі жылан ешкімді жолатпай, иесі келгесін ол жерді босатпаған. Дүкенде ұста жоқ кезде бейтаныс адамдар келе қалса, жыландар қайта шығып айбат көрсеткен. Оның ішіне кіруге мүмкіндік бермегені жайлы аңыз әңгіме де бар.
Шәкір ұстаға даұсталық өнер әкесіне бабаларынан бері мирас болып келе жатқан киелі өнер. Сонау Тыныбек бабасы айдалада құрулы иесіз қалған темір дүкенге тап болады екен. Осы өнер атадан балаға үзілмей жалғасып Тыныбектен ұлы Қосыбекке, Қосыбектен Қонақбай, Жетібай, Мешітбай, Шәкірге жетіп тоқтаған. Осылай атадан келе жатқан өнерді Шәкір ұста ел ішінде халық игілігіне жарата еңбек еткен қадір-қасиеті мол жан болыпты. Өзі сыршыл, әңгімешілдігімен ұстаға тән арқалы жан, қайын жұрты Боқайлар тойында жеңгелері күйеу табақтан ұстаға тартуға таласады екен. Себебі ұста күйеу табаққа керней, каконтоз секілді заттар салып құтылатын болған. Бұл заттар ол кезеңде ел ішінде аса құнды дүние. Тағы бір жақсы қасиеті – ауыл адамдарының айтқанын ұзатпай орындап беріп отырған.
Шәкір ұстаның балғашысы Құтып деген кісіге қызған темірді соқтырғанда әруағын шақырғандай «Ұр, Дәуіт» кейде құрдасының атын қосып «Ұр, Қожахмет» деп айқайлап отырған. Шәкір ұста 1904 жылы Қалжан ахун ауылында дүниеге келіп, осында білім нәрімен сусындап өскен. Кезінде бүгінгі Қалжан ахунның үлкен мешіт құрылысы жүріп жатқанда жас болса да, ел қатарлы құрылыс жұмысына әлі келгенше қолғабыс жасаған. 1916 жылы Қалжан ахун кайтыс болып, артынша елде 1917 жылғы қазан төңкерісі келіп, ел берекесі кеткен шақта мешіт құрылысы тоқтап қалады. Ел іші қалыпқа келе құрылыс жұмысы қайта жанданып, ахунның ниеттес кісілері ел халқын жұмылдырып, жұмысты қайта қолға алады. Қыш күйдіруге көмірді арқа жақтан, сандаған түйелер керуені арқылы жеткізіліп отырған.
Осындай ел халқының аянбай еткен еңбегінің нәтижесінде, құрылыс жұмысы 1922 жылы толық аяқталып, ел жастарына білім беру қызметін бастаған. Шәкір ұста 1930 жылы құрылған Ленин колхозына мүше болып, темір ұсталығымен айналысқан шаруашылықтың қажетті құрал саймандары ат, өгіз, соқалары мен тырмаларын дайындаумен қатар, елге қажеті ат тағасын, тұрмысқа қажетті құралдар соғып, елге қызмет ете білген.
1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ұстаны Магнитагорск қаласындағы оқ-дәрі жасау заводына жіберіп, темір ұста ретінде 1945 жылға дейін еңбек еткен. Осындағы еңбегі үшін «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. 1945 жылы аман-есен өзі туып өскен ауылына келіп, бұрынғы кәсібі темір ұстасы болып енбек етеді.
Соғыстан кейінгі елдегі ауыр кезеңде шаруашылықпен қатар ел қажеттігін өтеу барысында қолынан келгенше ағайындарға көмегін аямаған. Осындай адал еңбегі үшін көптеген медальмен марапатталған.
Шәкір ұста жоғарыда айтып өткеніміздей, бойындағы ерекше қасиеті арқылы ел алғысына бөленген жан.
Оны көзімен көрген Қалжан ахун ауылының тұрғыны Бораш Қақыметов ақсақал былай деген еді: «1973 жылдары басшылар уақытша ұстаға балғашылыққа жіберген. Ол кісі маған жезде болып келеді. Үйленгелі бірнеше сәбиім шетінегенін ұста білетін болар. Жұмыс үстінде орындап отырған кетпенінің ұңғысының ойылып алынған дөңгелек ыстық темірді маған қарай лақтырып жібермесі бар ма?! Менде сол ыстық темірді қалт жібермей қолым күйсе де, екі қолыммен қақпақылдай ұстап қалғанымды өзімде сезбей қалдым. Сонда ұста «балам дұрыс болды, енді балалы боласың» деп бата жасады. Айтқандай бір жылдан кейін 1974 жылы дүниеге Тұрсынай атты балам келді. Аллаға шүкір осы Тұрсынайымнан кейін екі қыз, екі ұлды болдым. Тағы бірде ұстаның құдіреттілігін көргенім – шаруашылықтағы ұста дүкенінен бір құрал алуға барғанымда, есік алдынан екі жылан шыға айбат көрсетіп, мені ішке кіруге мүмкіндік бермегенін ұстаға айтқанымда, «олар осы дүкеннің иелері, кірмегенің дұрыс болған» –деген еді.
Кейін зейнет демалысына шыққасын Қалжан атаға мойын бұрып, мешіт шырақшылығын атқара жүріп, ел ішіндегі сырқат жандарды мешітке, одан кейінгі өз дүкеніне түнетіп, ем жасайтын. Бұл кісі өзі жасап алған аса таяғын қолынан тастамайтын. Таяғының құдіреті – ел ішіндегі босануы қиындап жатқан әйел жатқан бөлменің есігінің алдына қойса, құдіреттілігі сол, әйел оңай босанатын болған. Кейде ауырған балаларды да осы таяғымен ұшықтап жіберген де балалар шауып кететін болыпты.
Иә, бізге жеткен осындай ауыздан ауызға тараған әңгімелерден ұстаның жасаған емінің кейбір түрлері шым-шытырық, ақылға былайша қонбайтын бос қиял-әрекет секілді көрінеді. Алайда соның өзінде емдеу іс-әрекеті құдірет күшімен іске асып отырған. Мұны осы күнгі деңгеймен салыстырғанда мүлдем түсініксіз, орынсыз көрінгенмен, оның мәні өз кезінде де, бүгінде де бар демекпіз.
Жәнібек Маханбет,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі