Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСТІ ӘУЕН

ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСТІ ӘУЕН


Қазақ халқының нағыз өшпес сан ғасырдан келе жатқан төл өнерінің бірі ән жанрының заман көшіне ілесіп, сан тарапқа бөлінуі өздігінен әсер қалдырады. Ұлт болмысымен біте қайнасқан халық әніне деген құштарлық әсте басыла қоймас. Ықылым заманнан ел арасында кеңінен танылған ескі әнді қайта жарыққа шығарған өнер майталмандарының еңбегі зор. Кешегі сүлейлердің сынығы саналатын өнерпаздар сахна төрінде қаз-қатар тізілген. Ауданға қарасты батырдың ауылы Н.Ілиясовта көпшілік қауым мағыналы кештің куәгері атанды.
Жанды дауыста шырқалған әннің әсерінен шыға алмаған халықтың қошеметі ерекше. Сонау 70-80-90 жылдардағы ретро әннің ырғағы кәдімгідей өткен күннің белгісін көз алдыңа келтіреді. Ұлт өнерінің інжу-маржаны, бұл өмірдің базары, ажары деген жоғарғы бағаға ие сағындырып жеткен есті әуен бағасы зор құндылығымыз. Осы ретте «Сағындырған әндер-ай» тақырыбында өткізілген мекемеаралық байқаудың көркін қыздырғандар қатарында ауыл әкімшілігінен Зарлыхан Әулебаев, №132 Т.Айтбаев атындағы мектептен Салтанат Кенебаева, спорт кешенінен Гүлбарам Әлшоразова, «Мағжан және К»-дан Құралай Қосназарова, Гүлфайруз Пірназарова, «Балдырған» балабақшасынан Ғалия Қойшиева, ауылдық емханадан Бақыт Медетова бар. Негізінен ел Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған байқау ауыл әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты. Өз кезегінде құрметті меймандар сөз алып, шараның маңыздылығына тоқталды.
Байқау барысында әділқазылардың шешімімен жеңімпаз бен жүлдегер қатысушылар анықталып, марапатталды.

Б.ОРДАБЕКОВ
27 желтоқсан 2018 ж. 906 0