Әбдікамал ұста
Қазақ халқының ертеден темір ұсталығымен айналысатын кісілерге деген құрметі ерекше болған. Оларға ілтипатпен қарап, темір ұсталарын киелі, әруақты деп санаған. Тиісінше, темір ұсталары да атқарған ісіне халықтан ақы сұрамай, тапсырыс беруші қолындағы барын берсе, соны қанағат тұтып, көптің ықыласына бөленген қадірлі жандар бола білген.
Темір ұсталығы мен зергерлік өнері атадан балаға мұра болып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқаны өткен күндерден белгілі. Өңірімізде осындай темір ұсталығымен танылғандардың қатарында кешегі Құндызды, бүгінгі Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны болған Әбдікамал Созақбаев ұстаның есімі құрметпен айтылады. Ұсталық өнер бұл кісіге арғы аталары Меңдіқұлдан бері төрт атадан үзілмей, жалғасын тауып келеді.
Әбдікамал ұстаның арғы атасы Меңдіқұл жоғалған малын іздеп жүріп қалың жиде мен шеңгел аралас тоғай арасындағы ұстахана-дүкен үстінен шығады. Дүкен ішіндегі құрал-саймандарының арасынан шеңгел мен жиделер өсіп кеткендіктен бұл жұрт көзіне түспей, тасада қалған. Айналаға зер сала шолып қараса, кезінде осы жер елді мекен болғаны байқалады.
Жас жігіттің бар ықыласы осы дүкенге ауып, ауылына келе астындағы жалғыз атын сойып, құдайы беріп, ұстаханаға иелік етіп, өздігінен темір ұсталығын меңгереді. Осы ұстахана киесі Меңдіқұлға қонып, өзінен кейінгі ұрпақтарына да жұғысты болып, олар да атадан келе жатқан дәстүр бойынша келген кісілерді кері қайтармай, ісін уақытында орындап беріп отырған. Оның ұрпағы Созақбай ұста кешегі кеңестік кезеңдегі елде қызылдардың «шаш ал десе бас алатын» шолақ белсенділерінің көрсеткен озбырлығына төзбей, әйелі екеуі Жаңақорғанның Төменарық станциясына қоныс аударады. Сол жақта Созақбай ұстаның ұлы Әбдікамал дүниеге келеді. Көп ұзамай баласының ер жеткенін де көре алмай, ұста дүние салады. Артында қалған әйелі мен баласының тұрмыстық жағдайы болмайды. Анасы ұлын шет жерде жүріп, ағайын-туысқа жат бауыр болып кетер деген оймен 1940 жылы ата қоныс – Құндыздыға қайта оралады. Елдегі ағайындар ұста ұрпағының орталарына қайта қоныстанғанына ризалықтарын білдіріп, атадан келе жатқан әке дүкенін көрсетіп, «ұстаханаға өзің иелік етерсің» деген тілектестіктерін білдіреді.
Жас баланың атадан қалған ұстаханаға иелік еткенімен өзі жас, ұсташылықтан еш хабары жоқтығын сезген ағайындары Әбдікамалды Тереңөзек қонысында тұратын белгілі қарт темір ұстасы Маханбеттің Құрманғалиына шәкірттікке береді. Әбдікамал темір ұсталығының қыр-сырына қанығу үшін барлық қиындыққа шыдас беріп, бар ынта-жігерін арнайды. Десе де қарт ұстаз ұсталық өнердің алғышарттарын игеруге жағдай жасағанымен, өзінің жеке жұмыстарына көбірек жұмсайтын болған.
Жас ұстаға ұзындығы сүйем қарыстай, жұмырлығы бармақ басындай темір кесінділерінің ортасынан белгі салып, ұзына бойына қол бұрғымен тесіп шығуды тапсырады екен. Біреулер келе қалса, қарт ұста дереу бала қолындағы темір кесіндісін аса жылдамдықпен жасырып үлгіреді екен. Бала көңіл орындап отырған ісінің не екенін білгісі келгенімен, осындай әрекеттер салдарынан алғашқы кезде ешнәрсе ұға алмаған. Кейіннен білгені, сол орындаған жұмыстарының бірнешеуі бір-біріне біріктіріліп, мылтық стволы болып жасалады екен. Мылтықтың басқа бөліктерін қарт ұста жасырын өзі орындап, оны белгісіз жаққа жіберіп отыратынын Әбдікамал қарт ұстаның сеніміне ие болғаннан соң ғана біледі. Сөйтсе, бұл мылтықтар қырда жасырынып жүргендерге жіберіледі екен. Олардың «Қарақұм» көтерілісіне қатысқандар және осы аумақтағы елді мекен адамдары екенін де біледі. Үкімет үнемі аңдитын болған соң қарт ұста қару жасау жұмыстарын осылай жасырын орындайтын көрінеді. Елдегі жұрт та сол қашақтарды іштей қолдап, қолдарынан келген көмектерін көрсетпей беріп отырады екен.
Осылай ұстазынан тәлім алып жүргенде ауыл басшылығынан Әбдікамал ұстаның оралуын талап еткен хабар келеді. Екі-үш айдың ішінде темір ұсталығын толық игеріп үлгермесе де, ұстаз бойынан бір сөзділік пен іске тиянақтылықты бойына сіңіреді. Шамалы уақыт ішінде үйренгені және ойына түйгенімен ауылына жетеді. Келісімен кезінде әкесіне балғашы болған қарт кісі екеуіне жуық арада шаруашылыққа 50 кетпенді дайындау керектігі жүктеледі.
Темірді ол кезде табу қиын болған. Пайдаға жарамай қалған темір жолдың болат шегелерін көрік пешке қыздырып, бір-біріне бекітеді. Оны әрі қарай жалпайта соғып, кетпен формасына келтіруі, ұңғысы, жүзі секілді бірнешелеген сатылы жұмыстарын атқарады. Кәнігі шебер ұсталар болмаса, Әбдікамал секілді алғашқы орындаушыларға өте аруырлық келтіріп, кейбір қателерін балғашы кісі «Әбдікамал-ау, Сәкең бұл жерді былай қайырып соғатан» деген ақыл-кеңесінен кейін алғашқы кетпенді дайындап шығарады. Анасы да ұлына қолдау білдіріп, бұл істе шыдамды болу керектігін айтып, жігерін жани түседі. Осындай қолдаулардың арқасында ұсталыққа деген ізденісі артып, тапсырыстар орындай бастайды.
1942 жылы елге бас ұста болып Игісін деген қарт ұста келіп, Әбдікамал оған көмекші әрі шәкірті болады. Бұл кісі ұзақ жыл бойы темір жол бойында ұсталық қызмет атқарған аса білікті шебер екен. Қандай іс атқарса да белгілі өлшемді үлгі бойынша орындайтын құйма ісін жетік игерген. Ол кісінің қара темір мен зергерлік өнерді қоса игергені шәкіртіне көп пайдасын тигізсе керек. Қарт ұстадан ат әбзелдері, үзеңгі, ноқта-тартпа доғалары секілді сандаған өнер түрлерінің құю әдістерін игеріп шығады. Осылай үш жыл шәкірт болып, ризалықпен берген батасын алып, киелі өнер жолында өзіндік қолтаңбасы бар шебер атанады.
1945 жылдың ақпан айында жүк вагондарын сүйреген паравоздың қозғалтқыш жетегі ортасынан шорт сынып, Тереңөзек стансасына келіп тоқтапты. Аудан басшысы соғыс кезінде уақытты оздырмай, жеделдетіп паравоздың сынған жерін қалыпқа келтіру үшін осы маңдағы бар ұсталарды жинап іске кірісуді тапсырады. Бұл іске 7-8 ұста кіріседі. Басында жауапты болып Құрманғали ұста бекітіліп, көмекшілерінің ішінде Әбдікамал ұста да болады. Вокзалға жақын Құрманғали ұстаханасында екі көрікті пешке қосып, жетекті жөндеуді бастайды. Әбдікамал секілді жастарға жетекті сынған жерін орнына келтіріп, оның өзгеріп кетпеуі үшін екі қапталынан екі жанама темірмен ұстап тұру әрі бас ұстаның тапсырмасы бойынша аса баппен жетекті айналдыра тұру міндеттеледі. Сынған темірдің қосылған жері пештегі отта белгілі түске еніп, қызған кезде бас ұста топырақ секілді ұнтақты себе отырып, жұқа лента тәрізді сарғыш түсті металмен жетек темірдің сынған жерін айналдыра орай береді. Жұмыс толық орындалғаннан кейін жұртшылық зер салып қараса, сынықшының сынған сүйекті орнына салғанындай, жетектің сынған тұсы айнала шорлана сарғыш түсті болып байланысыпты. Кешке таман паравоз жетегі орнына салынып, жүк пойызы әрі қарай жүріп кетеді.
Өміріндегі осындай ауыр да жауапты жұмысынан соң Әбдікамал ұстаның өнер жолындағы беделі ел алдында арта түсуіне ықпал еткен. Осылай Созақбайдан қалған жалғыз тұяқ Әбдікамал Қарақойлы Әбдіраманның Қалтай атты қызымен отау құрып, 3 ұл, 1 қыз өрбітеді. Бүгінде ұрпақтары тамырын кеңге жайған алып бәйтерекке айналып, ата атына дақ түсірмей, өмірден өз орындарын тапқан.
Елге белгілі болған Әбдікамал ұста 1978 жылы абыроймен еңбек демалысына шықса да бойынан қуаты кеткенше көпшіліктің сұранысын орындап берген. Ол кісі 2004 жылы 77 жасында өмірден озды.
Ұстаның көзі тірісінде інісі Сейітмұрат Ембергенов аудан орталығынан тарихи-өлкетану музейін ұйымдастырып жатқанын айтып барғанда, өз қолымен жасаған өнер туындылары ошақ, кісен, қабан қақпаны секілді құнды дүниелерді берген. Бұл жәдігерлер бүгінде ауданның музей қорында сақтаулы тұр. Осындай темір ұсталарының жолын бүгінгі жас ұрпақ лайықты жалғастырса, ата кәсіп жанданып, оның елге тигізер пайдасы көп болар еді.
Жәнібек МАХАМБЕТ,
өлкетанушы
өлкетанушы