Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бабалар мұрасын сақтаушы ұста

Бабалар мұрасын сақтаушы ұста

Темірден түйін түю – көне кәсіп. Сонымен қатар біздің заманымызда сирек кездеседі. Темір ұстасын қазіргі кезде табудың өзі қиын болғандықтан кәдесый іздеушілер Талғат Ыдырысовты арнайы іздеп келіп жатады. Ұста Қоғалыкөл ауылында тұрады.

Темір ұстасының бар екендігінен жұртшылық хабардар болғанымен онымен бетпе бет кездескендер көп емес. Себебі темір ұстаның жұмысын қазіргі кезде жаңа техника ауыстырған. Сонымен қатар темірді өңдеу тәсілі де сан алуан. Бірақ Талғат Ыдырысов секілді алтын қолды шебердің жасаған бұйымдары өзінің әдемілігімен қатар қайталанбас халықтық көне мұра ретінде бағаланады. Өйткені әрбір бұйымды шебер осыдан жүз жыл бұрынғы шеберлер секілді балғамен, темір соғатын төс арқылы жасайды.

Ұстаны іздесеңіз оны күндіз шеберханасынан табуға болады. Ұстаның жұмыс орны қай кезде жинақы және жарық, әрі көз сүйсінерліктей. Ондағы құралдар үнемі өз орнында тұрғандықтан, іздегеніңді табу да оңайға соғады.

Ежелгі кәсіппен Талғат Ыдырысов әскери борышын өтеп келгеннен кейін айналыса бастайды. Ол Абай атындағы ауылға барып, сонда тұратын аты белгілі шебер Мизамға үйренуші болады. Ол аз уақыттың ішінде түйін түйюдің тәсілін, құралдарды, метал құрамын меңгеріп, ұстазына тапсырысты орындауға жәрдемдеседі. Шебердің көмекшісі бола жүріп, үйренгенінің арқасында ұстазынан да асқан шебер атанады.

Туған ауылға оралған соң Талғат аға ауыл шаруашылық техникаларын жөндейтін гаражға жұмысқа орналасады. Ол техникаларды жөндеумен қатар жаңа бөлшектерді қырнап жасауды үйренеді. Ол кездері жаңа бөлшектер туралы айтудың өзі артық болатын. Ал Т.Ыдырысовтың шеберлігі талай шаруашылық құрылымдарын қиын жағдайдан шығуға көмектеседі.

Ұстаның шебер қолы ауыл тұрғындарына да жәрдемі тиеді. Егіншілікпен айналысатын тұрғындарға кетпен, тырма, айыр жасап беріп, алғысқа бөленіп жүр.

Аңшылар үшін қақпан соққан ұста ол үшін кем дегенде бес күн кететінін айтады. Атқа ер-тұрман жасауға да сонша уақыт кетеді екен. Ал құрыштың бөлігінен семсер мен садақ жасауға одан да көп уақыт жұмсалады.

– Менің көрігім өте ескі. Оны біздің ауылда өткен ғасырда тұрған Ыбырай ұста пайдаланған. Соңғы үлгідегі көрікке пропан немесе көмір пайдаланса, мен сексеуілді жаратамын. Сексеуіл тез тұтанады және қызуды ұзақ уақыт сақтайды, – дейді Т.Ыдырысов.

Талантты адам барлық істе де талантты демекші, ұста ағаштан да ою ояды. Бұл өнерді ол Қызылорда қаласында меңгерді. Оның қолынан домбыра, қобыз, ұлттық нақыштағы сандық жасау да келеді. Оның қолынан шыққан бұйымдар көрме мен байқауларға да шығарылғанын айта кеткен жөн. Шеберге өзінің кәсібі сұранысқа ие екендігі және адамдарға көмектескені ұнайды. Ол бабалар мұрасын сақтаушы ретінде ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырғанына қуанышты.

Бибісара ЖАНӘЛІ
23 шілде 2020 ж. 925 0