Құрманғали ұста
Ол Тереңөзекте өмір сүрген атақты темір ұсталарының бірі. Ұстаханасын «Қара дүкен» деп атайды екен. «Алла сүйген құлына ұзақ жас береді» дегендей, Құрманғали Махамбетов 96 жыл өмір сүріпті.
– Самат деген баласымен бірге ойнап, бірге өстім. Осы Тереңөзекте бұрынғы райпотребсоюздың орнында үлкен қора болды. Сол жерге Құрманғали ұста ауыл шаруашылық техникаларын, соқаларды жөндейтін. Бұл біздің бала кезіміз. 1935 жылдары болуы керек. Ұзын сапты балғасын қолынан тастамайтын. Баласы Самат ер жеткенде соғысқа аттанып, майданнан оралмады, – дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, батагөй қарт Яхия Тасыров.
Құрманғали ұста тәрізді қолында өнері бар адамдар халыққа қадірлі болған. Өйткені күнделікті тұтынатын заттардың барлығын жасаған ғой. Өткенді білмей, бүгінгімізді бағамдай алмайтынымыз анық. 1873 жылы дүниеге келіп, 1969 жылы өмірден өткен қарт ұстаның еңбек жолына зерттеу жүргіздік. Аудан аумағындағы есі ауысқандар емханасының 1926 жылы құрылғаны белгілі. Сырдарияның Қараөзек саласының бойында орналасқан бұл емхананың тіпті төңкеріске дейін де ізі болған. Бала күнімізде сол маңға жақын елді мекенде тұрдық. Сонда ауылдың құймақұлақ қарттары емхананың тарихын әңгімелеп отыратын. Патшаның, әлде губернатордың тұла бойы алтынға малынған жалғыз қызының есінде ауытқу болыпты. Жүйкесі сыр берген аруды Ресейден отарбамен Қараөзек бекетіне жеткізеді. Одан дарияның жағасындағы оңаша, жанға жайлы тыныш мекенге апарады. «Әкең жынды болса, байлап бақ» дегендей, жүйкесі сыр берген аруға арнайы дәрігер күтуші бекітеді. Кейін бұл жерден, яғни 1926 жылы есі ауысқандар емханасы ашылады. Мұның барлығын тәптіштеп жазып отырған себебіміз, біздің кейіпкеріміз Құрманғали ұста осы мекеме құрылғаннан бастап Тереңөзекке қоныс аударған 1935 жылға дейін Қараөзек бойында еңбек етеді. Қолы ашық ұста мекемеге ғана қызмет етіп қана қоймай, сол маңға қанаттас мекендеген ауыл тұрғындарына да қол көмегін тигізгенін аталарымыз ризашылықпен айтып отыратын.
Соғыс жылдарында Тереңөзек бекетінде теміржолмен жүк таситын паровоздың қозғалтқышы майысып, шығып кетіпті. Бұл жөнінде хабарланған Құрманғали ұста өзі тәрізді әріптестерімен бірге майысқан темірді түзетіп, паровозды жүргізіп жіберіпті.
Ұстаның «Қара дүкенінің» иесі – бүгінде Асқар ауылында тұратын немересі Әубәкір. Бірыңғай атасының тәрбиесінде болған Ә.Махамбетов бала күнінен ұсталыққа, техникаға жақын болып өсті.
– «Қара дүкеніме осы немерем ие болады», деп марқұм атам марқайып отырушы еді, – дейді Әубәкір.
Кезінде ұста өзіне ізбасар шәкірт те дайындаған. Олар асқарлық Шәйеке, сәкендік Әбдікамал ұсталар.
Ауылдағы мектеп мұғалімдері өтініш жасағаннан кейін Әубәкір атасының ұсталық құралдарын осындағы музейге өткізген. Қазіргі таңда бұл экспонаттар – тарихтан сыр шертетін ескінің көзіндей жәдігердің бірі. Атадан балаға мирас болып келе жатқан ұсталық өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретіні анық.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ