Қара темірді қамырша илеу үшін...
Ұлттық құндылығымыздың негізі саналатын тіл тазалығын салт-дәстүр мен өнер арқылы жас ұрпақтың бойына сіңіру қажет. Бұл мәселе жаһандану заманында алдыңғы орында болуы шарт. Мұндай маңызды жұмыс алдымен ата-анамен бірге білім беру саласы қызметкерлері алдындағы үлкен жауапкершілік болып қала бермек.
Айтпағымыз, тіл тазалығы салт-дәстүрімізбен, өнерімізбен, ұлтық құндылықтарымызбен астасып жатыр. Сондықтан бізге құндылықтарымызды жандандыру керек. Оның ішінде қолөнерге ерекше мән берген жөн.
Негізі, қазақ халқы – өзгелерді өнерімен таңдай қақтыра білген ұлт. Сөзге шешендігі мен әуезді сазы, ұстаның өнері қазақты әлемге паш етті. Кезінде бабаларымыз бір сөзбен елдің бірлігі мен бекемділігін сақтаса, қолөнері арқылы жұртшылықты тәнті етсе керек. Ал осы қолөнер ұлтымыздың бүгіні ертеңге жалғайтын, мәңгілікке ұштастырып байланыстыратын құдірет екенін бүгінгі ұрпақ ұғынса екен.
Негізі, қазақ халқы – өзгелерді өнерімен таңдай қақтыра білген ұлт. Сөзге шешендігі мен әуезді сазы, ұстаның өнері қазақты әлемге паш етті. Кезінде бабаларымыз бір сөзбен елдің бірлігі мен бекемділігін сақтаса, қолөнері арқылы жұртшылықты тәнті етсе керек. Ал осы қолөнер ұлтымыздың бүгіні ертеңге жалғайтын, мәңгілікке ұштастырып байланыстыратын құдірет екенін бүгінгі ұрпақ ұғынса екен.
Бізге жеткен ұлттық өнер мұрасын, оның қадір-қасиетін игере отырып, жас ұрпақ бойына эстетикалық тәрбие мен адамгершілік, парасаттылық тәрбиені сіңіру – аға ұрпақ міндеті. Сол себепті қолөнер жанашыры ретінде көкейде жүрген өнер түрлерін, оның ішінде бүгінде қолданыстан қалып бара жатқан дәстүрлі темір ұсталығын дәріптеу мақсатында көргенім мен оқығаным және одан түйген ойыммен аз-кем бөлісуді жөн көрдім. Бұл тақырыпта тіл ұстартпасақ, қазіргі жастардың қолөнерге деген бетбұрысы жоқтың қасы.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халқының отырықшылыққа не жартылай отырықшылыққа көшу процесі мен дамуы нәтижесінде ұсталар өз қыстауларының бір бұрышынан лапас немесе күрке ішінде дүкен жасап, сонда қысы-жазы еңбек етті. Олар қажетті құрал-саймандарды өздері жасап отырған. Қазақ темір ұсталары негізінен орақ, тырма тістері, кетпен, күрек, қырықтық, арбаның темір бөлшектері, қақпан, балта, шот, үзеңгі, таға, кісен, темір адалбақан, ошақ, мосы және тағы басқа шаруашылық саймандарын жасаған. Сондай-ақ тұрмыстық құралдармен қатар қару-жарақ түрлері – пышақ, семсер, сапы, қылыш, найза ұшы, айбалта мен білтелі мылтық секілді заттарды да дайындай білген. Осындай заттарды жасау үшін ұсталар орыс саудагерлерінен сүймен (лом) темірін я өзі, болмаса тапсырыс беруші сатып алып беретін болған. Ұсталар осы секілді темірден соғылатын заттарды көрік пеште қыздырып, төске салып жасаған. Халық асқан шебер темір ұсталарын «қара темірді қамырша илеген» деп дәріптеп отырған. Бір айта кетерлігі, қазақ ұсталарының барлығы бірдей зергерлік өнерді игере алмаса, зергерлер темір ұсталығын толық игерген көрінеді.
Темір ұсталары әртүрлі құрал-саймандарды өздері жасап алғанын жоғарыда айттық. Енді соларға анықтама беріп өтсек.
Алдымен, көрік дегеніміз көмейдегі отты үрлеу үшін түйенің мойнақ терісін әбден иінін қандыра илеген теріден жасалған құрал. Негізінен, темір көрік пеште қыздырылып, орындылауына байланысты басты құрал қолкөрік пайдаланылған. Ұсталар жұмыс көлеміне қарай бір көрік не қос көрікпен жұмыс атқарған. Техниканың дамуына сәйкес бүгінде электрлі қозғалтқышты көрік дайындалып, қолкөрік қолданыстан ығыстырылған. Қолкөрікті қазір тек мұражайдан ғана көре аламыз. Көрік пешке жағылатын көмірді ұсталар өздері дайындаған. Негізінде сексеуіл қызулы болғандықтан, шеберлер соны көбірек пайдаланған. ХХ ғасырдың соңына қарай тас көмір қолжетімді болуына әрі жұмыс көлемінің үлкен болуына байланысты көп қолданылған.
Темір ұсталары көп қолданатын қысқаш – қызған темірді оттан алып, отқа салып немесе отқа тосатын имек басты, яғни құс тұмсықты қолды күйдірмес үшін пайдаланаты шебердің жеке аспабы. Қызған темірді қалаған қалыпқа келтіру үшін төстің көмегі көп. Төс – ұстаның темірден орындалатын бұйымдарын белгілі формаға келтіру үшін оның үстіне қойып соғатын, бір жақ ұшы сүйірленіп жіңішкеріп келген, астыңғы жағы дөңбек ағашқа қозғалмастай етіп орнатылған, көрік алдына жақын орналасқан аспаптың бір түрі. Ол бір орында қозғалмастай орнатылған үлкен де ауыр болып келеді.
Сонымен қатар темір ұста қолынан балға түспейді. Пештен алғашқы қызған темірді қажетті көлемге дейін жалпайтатын ауыр қосқол балғалар болады. Одан бөлек жұмыстың одан әрі орындалуына байланысты бір қолды балғалар қолданылады. Жұмыстың орындалу процесіне қарай кескір, тесетін құрал, егеулер мен тас қайрақтар үнемі қолданыста болған.
Заман ағымына сай ғылым мен техниканың дамуы қол еңбегін жеңілдетті. Жұртшылық жаһанданудың өркендеу кезеңі келешекте қол еңбегі қажет қылмай тастайды дегенді алға тартады. Бұл, әрине дұрыс та шығар, дегенмен адамзат ұрпағына ой еңбегі мен қол еңбегі әсте қажет. Келер жас өскін осылардан түбегейлі ажырайтын болса, ұрпақ бойынан көп ойланбайтын, икемсіз, шыдамсыз, қиындыққа төзімсіз қасиеттер көрініс тауып, ел болашағына қауіп болары анық. Сондықтан ата кәсіп болған қолөнерді, оның ішінде қара темірді қамырша илеу үшін темір ұсталығын дамытуға көңіл бөлу қажет. Сол арқылы кейінгі толқынды еңбекке баулимыз, өнер мен мәдениетіміз де өрістейтін болады.
Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы
өлкетанушы