Тұғырыл ханның ордасы
Орта ғасырда Орталық Азияда орын алған тарихи оқиғалар тізбегі күллі адамзаттың назарын әлі күнге өзіне аударумен келеді. Әсіресе ұлы қаған Шыңғыстың өмір тарихына қатысты материалдарда керей, найман, қоңырат, меркіт, оңғыт (уақ), жалайыр тайпалары хақында дерек көп. Соның бірі – керей тайпасының билеушісі Тұғырыл хан туралы мәліметтер.
Қаратүңке қонысы
Орта ғасырдағы моңғол үстіртін мекендеген көшпелі тайпалардың басын қосу арқылы аса қуатты ұлыс құрған Шыңғыс хан туралы жазылған «Моңғолдың құпия шежіресі» атты көне жазбада атақты Тұғырыл ханның ордасы Тула дариясының сағасы Қаратүңке (кейбір деректерде Қарашілік) деген қоныста орналасқаны жөнінде нақты баяндалса, аталған шежіренің 224-тарауында «Тұғырыл жеңілген (1203 жылы) соң, оның ордасын Темүжин өзінің үшінші тоқалы Есүйге сыйға тартты. Жас тоқал онда 22 жыл өмір сүрді. Шыңғыс хан Таңғыт елін бағындыру жорығына (1225 жылы) осы ордадан аттанды» делінген.
Жоғарыда айтылған Қаратүңке қонысын орыс-моңғол ғалымдары 1940 жылдан бастап іздеді. Ақыры академик Х.Пэрлээ мен орыс оқымыстысы С.В.Киселев басқарған топ көне жазбаларға сүйене отырып, 1944 жылы Ұланбатыр қаласын жанай ағып жатқан Тула өзенінің жоғары сағасындағы 20 шақырым жерден хан ордасының орнын тапты. Бұл нысан Шыңғыс иелігіне өткен соң, «Қағанның ІІІ ордасы» деп те аталады екен. Ал астана іргесіндегі Боғда тауы бертінге дейін Тұғырыл ханның құрметіне «Хан тауы» аталып келгенін білеміз.
Жоғарыдағы орда-қонысқа 60-жылдардан бастап танымал археолог Д.Наваан барлау жүргізіп, нәтижесінде 2006 жылы қоныстың орнын анықтай отырып, қазба жұмысын жүргізді. Бір өкінерлік жағдай, қоныс Ұланбатыр қаласына іргелес болғандықтан, тұрғындар тарихи нысанды қоршай қора-жай, бау-бақша салып, жаппай қоныстанып жатқан көрінеді. Қысқасы, нысанның тынысы тарылып келеді. Мамандар: «Орта ғасырда атағы аспандап, тіпті еуропалықтардың назарын аударған Тұғырыл хан орда тіккен қоныс құрып кетудің алдында», деп алаңдаушылық білдіріп отыр.
Қонысқа осыдан 17 жыл бұрын жүргізілген қазба жұмысы кезінде ежелгі көшпелілердің дәстүрлі титулдық хайуандар: мешін, барыс, піл, ұлу және көне аңыз-әпсана кейіпкері бейнеленген жәдігерлер, сондай-ақ шығыстық жыл санаудағы дәстүрлі 12 жануардың мүсіні шекілген дөңгелек формалы, ортасы тесік, алтын жалатылған «Уақыт есептегіш құрал» табылған болатын. Бұған дейін еуропалық тарихшылар Тұғырыл хан несториан дінін ұстанған деген пікір айтып келген болса, қазба кезінде жоғарыдағы пікірді дәлелдейтін ешқандай артефакт табылмады.
Тарихи нысанға өткен жылы «Тула – Қаратүңке» жобасы аясында жүйелі зерттеу жүргізіліп, мамандар орда құрылысы 34х18,5 см тұғыры бар, биіктігі 4 метр, ені 70 см қоршау-қорғанның ішіне орналасқанын анықтады. Сонымен қатар қорғанның сырты су ағатын каналмен қоршалған. Осындағы зерттеу жұмыстарының нәтижесіне қарағанда, хан ордасының сәулеттік құрылымы аса шебер салынған көрінеді. Әсіресе қазба жұмысы барысында табылған заттар Тұғырыл ханның Батыстағы Еуропа және Шығыстағы Қытай мәдениетінің жетістіктерін толық пайдаланғанын дәлелдейді. Хан сарайының ортаңғы бөлігі 15х35 метр алаңды алып жатыр. Төрт үлкен бағана тіреудің сұлбасы сақталған. Биіктігі 6-7 метр шамасында.
Құрылыстың архитектурасы шығыс үлгісінің мәнерінде жасалған. Жоғары шатырдан аққан суды пайдаланатын кәріз жүйесінің сорабы жақсы сақталған. Сарайдың ішкі жағының төбесі шығыстық мәнермен безендірілген. Дала аңдарының бейнесі көркем түрде нақышталып, қабырғаларға қашалған. Айдаһар, мешін, пілдің мүсіндері, гүлдердің әсем оюлары бейнеленген заттар көптеп табылып жатыр. Мұндағы ою-өрнектер стилдік жағынан үнді-қытай зергерлерінің қолынан шыққан туынды деген тоқтам жасалуда. Бұл заттар Тұғырыл ханның будда мәдениетінің ошағы болған елдермен де сауда-саттық, барыс-келіс қарым-қатынаста болғанын айғақтайды. Осы орайда мақаламызға өзек болған Тұғырыл бабамыз туралы айта кеткен жөн.
Тұғырыл хан кім?
Моңғол империясының тарихын зерттеушілер Шыңғыс қағанның алғаш адам болып, ат жалын тартып мініп, күйзелген елін бүтіндеп, күйреген жұртын жинағанда дем беріп, демеу болған осы Тұғырыл хан дейді. Атақты Көкеш бақсының хан Шыңғысқа қаратып айтатын:
«Тәңірден суат алдың,
Тұғырылдан қуат алдың,
Найманнан хатшы алдың,
Керейден бақсы алдың,
Қоңыраттан ақыл алдың,
Жалайырдан батыр алдың,
Меркіттен қатын алдың», – дейтін толғауында дүйім тарихтың сыры жатыр.
Тұғырыл хан 1130 жылы туған. Шыңғыстан 32 жас үлкен. Темүжиннің әкесі Есукейдің серт байласқан досы. Себебі Есукейдің атасы Амбығайды, Тұғырылдың атасы Марғұзды татарлар мен жүржіндер ұстап алып, Алтын елінің патшасының қолына тапсырған. Алтын ханы оларды ағаш есекке шегелеп өлтірген. Оның сыртында Тұғырылдың әкесі Құршақұз Бұйрық пен Есукейдің әкесі Қабыл дос болған.
Тұғырылдың да көрмегені жоқ. Он үш жасында татардың Ажай ханы тұтқынға түсіреді. Одан қашып шығып еліне келіп, қайырымсыз аға-інілері Тайтемір мен Бұқатемірді ығыстырып, хан тағына отырады. Осылай тозған елінің аузын аққа жеткізіп, алыс-жуыққа атағы шығып дүркіреп тұрған шағында, бір күні жылап-еңіреп алдына Есукей досының баласы Темүжин келеді.
– Қарағым, саған не болды? – деп сұрайды Тұғырыл хан.
– Хан әке, қоңырат Дай шешеннің қызы Бөрте менің қалыңдығым еді. Соны әйелдікке әкеліп отау көтеріп едім. Тұқымы құрғыр меркіттер қатынымды тартып әкетті, – дейді Темүжин.
– Саспа, балам, – дейді Тұғырыл хан. – Әкең жақсы адам еді, аруағы риза болсын, мына менің ұлым Сенгүн ішімнен шықса, сен сыртымнан шыққан ұлым емессің бе. Қайда ол қаңғыған меркіттер! Сақалынан сүйреп сабасына түсірейін! – деп атқа қонып, Темүжиннің шайқалған шаңырағын тіктеп берген екен. Осы оқиға жайлы моңғолдың «Құпия шежіресінде», «Алтын шежіресінде», Рашид-ад-диннің тарихи шығармаларында айтылады. Бұл оқиға 1180 жылы болған.
1190 жылы Тұғырыл хан, Темүжин, Жамуқа үштігі атқа қонып, татар-меркітті тыныштандырады. Осы жорықта Жамуқа мен Темүжин барлық бұқарасын сарқып жүріп, 20 мың әскер әрең шығарғанда, Тұғырыл хан қиналмай-ақ бір өзі 20 мың қолды бастап келген. Осы жолы Алтын елінің императоры Тұғырылға «Уаң хан» деген атақ береді. Бұл атақ артынан ханның есіміне айналып кеткен жайы бар. Тегі италиялық жиһангер Марко Поло: «Әлемге әйгілі, әсіресе еуропалықтар қатты әсерленетін Шығыстағы «Иоан поп» дегеніміз осы «Уаң хан», деп жазады. Орыс жылнамаларында «Ван хан» деген атпен белгілі.
Заман өте келе Тұғырыл хан да Шыңғыспен шайқасып жеңіледі. Жан сауғалап батыстағы Найман хандығына бара жатқанда, шекара күзетінде тұрған қарауылдар қолынан қаза табады. Өлі бастың атақты керей Тұғырыл хан екенін таныған найманның Дайын ханы оны күміспен күптетіп, өзінің алтын тағының үстіне қойып аза тұтады. Бұл – 1204 жылы болған оқиға. Сол кезден бүгінге жеткен жоқтау бар. Онда:
«Уа, Тұғырыл, Тұғырыл,
Айбатты алып хан едің,
Даңқың кеткен әлемге,
Атағы зор жан едің,
Құтлық әже өсірген,
Бұйрықтан туған дана едің...», – деген жыр жолдары бар.
«Уа, Тұғырыл, Тұғырыл,
Айбатты алып хан едің,
Даңқың кеткен әлемге,
Атағы зор жан едің,
Құтлық әже өсірген,
Бұйрықтан туған дана едің...», – деген жыр жолдары бар.
Құдайдың құдіреті-ай, күллі найман аза тұтып жатса, әлгі өлген ханның басы ыржың-ыржың етіп күліпті. Бұны жаман ырымға жорыған екен. Ақыры ол да рас болды... Тұғырылдың інісі Жақа батырдың асқан сұлу төрт қызы болған. Осының үшінші қызы Сұртоқтыға Шыңғыстың кіші ұлы Төле үйленеді. Сұртоқтыдан атақты хандар Мөңке, Құбылай, Құлағу, Арық-бұқа төртеуі туған.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,