ШАЛ СӨЗІНІҢ ТҮПКІ МАҒЫНАСЫ ЖАЙЫНДА БІР АУЫЗ СӨЗ
...Тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханның «Найман хандығының мемлекеттік құрылымы» атты еңбегіне жүгінеміз. («Қазақ Ордасы» 2003 ж №3). Ғалым «Найманның әкімшілік атауы - «Шал» деп сенімді жазады, дәлелдер ұсынады. «Жамиғат тауарихтың» «Шыңғыс хан» шежіресінде Найман Күшіліктің әпкелері, қарындастары мен руы туралы әңгімеде осы сөз бар: «Әмин Шал, Тарту Шал, Таян Шал, Түңге Шал ағайынды. Төртеуі де Күшіліктің руынан. Шал - ханзада деген мағына береді. Найман Таян ханның бір әмірі, әки бегінің аты Титик Шал. Ал осы Титик Шалды «Юань Чао Би-Ши»-да «Титик сақал» деп жазған. Сондай-ақ, «Ляо ши»-дің «Шалға» берген түсініктемесіндегі «ұл» деген сөзді «патша ұрпағы ханзада» деп түсіну керек. Бұл наймандарды ханзаданың «Шал» деп көрсетуімен мағынасы бірдей. Шал немесе сақалдың мәнсап көлеміне келсек, олардың іс-қимылынан (атқарып жүрген қызметтерінен) мынаны көреміз: Шал-сыртқа қол бастап шығады; жат ру-тайпалардың істеріне қатысады; ел арасындағы араздықтарды келістіреді; заңды атқарады».
Бақыт Еженханның осы деректерін таратып айтсақ Шал:
Әскербасы.
Өз бетінше шешім қабылдайды.
Сыртқы саясат мәселелерін шешеді, шекара қорғанысын басқарады, бодан елдерге билік жүргізеді, ішкі істеріне араласады.
Соттың, бидің бар қызметін атқарады. Үкім шығарады, төрелік айтады; Мемлекеттік заңдардың жүзеге асырылуын бақылайды.
Заң бұзушыларды айыпқа тартады. (соттайды).
Көріп отырсыздар, «Шал» патшадан, ханнан кейінгі лауазым иесі. Әр, жеке-жеке саланы басқаратын уәзірлер сияқты емес, мемлекеттің барлық салаларына тікелей араласады. Уәзірлерден әлдеқайда жоғары лауазымды адам-Шалымыз. Ал уәзірден жоғары ханзада екені кімге де болса мәлім. Шалдың қызмет ауқымы аса кең.
Демек, «Шал», сөз жоқ, хан ұрпағынан. Ендеше сол тұста-ақ Хан басқаратын дербес мемлекет немесе ұлыс болғаны ғой. Ол, не дегенде де, мол жұрт...
Камал Абдрахманов
"Өкіреш Шал" немесе Найман шал зерттеулерінен үзінді.