Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » "Алаш" сөзінің түп мағынасы қандай?

"Алаш" сөзінің түп мағынасы қандай?

Халқымызға аяулы, түркі жұртына ортақ, түбі терең ұғымдардың бірі – "Алаш" түсінігі. "Алаш" сөзінің мағынасы мен астары әрқилы. Ғалымдар "алаш" сөзінің шығуына қатысты түрлі пікірлер айтады. Бірі әскери бірлестіктен, бірі халықтың ұлысқа бірігуінен шықты десе, енді бірі ортағасыр мен Қазақ хандығы тұсынды өмір сүрген хандардың атымен байланыстырып жатады.

"Алты Алаш", "Алаш ұранды қазақ", "Алаш-алаш болғалы" сынды сөз тіркестері де көп ұшырасады.

Қазақтың рухани тарихында осы "Алаш ұранды" деген тіркесті ең алдымен данышпан Абай қолданған екен.

"Алаш" сөзінің шығу тарихына үңілген дана Абай бабаларымыздың жауынгерлігін айта келіп:

"Сондықтан "алаш-алаш" болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмап едік деп, алаш ұранды қазақ атанған себебі сол екен" дейді.

Қазақ халқының "Алаш" сөзін естігенде, рухтанып, айбар танытып, қозып кететіні де осыдан болар. "Алаш сөзі "ел, жұрт, қауым" деген жалпы мағынаны білдірумен қатар "қазақ елі, қазақ қауымы" деген нақтылы терминдік мәнде де қолданылған" дейді академик, қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеген Рәбиға Сыздық. 

Сонымен "Алаш" сөзінің қайдан шыққаны жайлы ғалымдары ойларын топтастырып көрейік.

Алты сан Алаш

Ғалымдардың бір тобы "Алаш" сөзінің түп мағынасын қауымдық бірлестікті, әскери құрамды білдірді дегенді алға тартады.

Мәселен, Қадырғали Жалайыридың "Шежірелер жинағында" Шыңғысханның әскерінде немесе оның ұрпақтарының, әсіресе, Жошы ханда "Алаш мыңы" атты қосынының болғаны айтылады.

Тарихшы Ж.Мырзахан "...Шыңғысхан тұсында "Алты сан Алаш" (қыпшақ, найман, жалайыр, қоңырат, алшын, қаракесек) аталып, Жошы ұлысына берілгеннен кейін Ақ орда хандығы құрылғанда ұйытқы болады да, оның қарулы күші екі қанатқа бөлінгенде Алаш мыңы деп аталады" дейді.

"Алаш мыңының" Жошы ұлысы, яғни, Ақ орданы, сондай-ақ, Алты сан алашты құраған қыпшақ, найман, жалайыр, қоңырат, алшын, қаракесек тайпаларының бірігіп, қазақ ұлтына айналғаны көп айтылып жүр.

Алаша хан жайлы аңыз


"Алаш" сөзінің шығуына қатысты тағы бір пікір – хан есімінен пайда болған атау деген тұжырым. Әсіресе, Алаша хан жайлы халық арасында әпсанаға айналған мына бір аңыз-әңгімеден таратып жатады. Бұл аңызды Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазып қалдырған.

Оқиға былай баяндалады:

Бұқара хандарының бірі Қызыларыстан ханның бәйбішесі сауысқанның аласындай ала бала туады. Алапес баланың дүниеге келуін жаман ырымға балаған Қызыларыстан хан қырық жігітіне баланы өзінің үкімі жүрмейтін жерге апарып тастауды бұйырады.

Қырық жігіт Сырдариядан өтіп, Алатау мен Қаратаудың арасын жайлап, осындағы жұрттың ортасына келіп, баланы өсіреді. Алапес бала он екі жасқа келгенде, Майқы бидің Үйсін деген баласы ит жүгіртіп, құс салып жүріп оған кезігеді. Кешке үйіне барғанда Майқы биге даладан көрген баланы баяндайды.

Ертесіне Майқы бидің өзі балаға жолығуға барғанда, алапес бала: "Ассалаумағалейкум, тамам ханның қазығы, бұқара жұрттың шірімейтін, сасымайтын, таусылмайтын азығы!" деп сәлемдеседі.

Сонда Майқы би: "Уағалейкумсалам, құрсақта жатып, несібесін алыстан тілеп туған балам, болайын деп туған ұл екенсің! Болатын жеріңе жете алмай тұр екенсің! Кел балам, қасыма мін!", - деп, баланы ауылына алып келіп, асықты жілік ұстатады.

Майқы би балаға Үйсінді қосып, жүз жігіт ертіп, Қаратаудан әрмен асып, Шу, Сарысу, Ұлытау, Кішітау, Есіл, Нұра өңірін жайлауды ұсынады. Майқы би соңынан тағы да Ақжол бастаған жүз жігітті аттандырады. Оның артынан жүз жігітке бас қылып, Алшынды жібереді. Бәрі жиналып, "Кел, енді ортамыздан хан сайлайық!" деп, алашаға салып, алапес баланы хан көтеріп, "Алаша хан" деп ат қояды.

Үйсін бастаған жүз жігіт Ұлы жүзді, Ақжол бастаған жүз жігіт Орта жүзді, Алшын бастаған жүз жігіт Кіші жүзді құрап, "Таңбалы Нұраға" әрбір ру өзінің таңбасын басып, бұл ел Қазақ атанады.

Хандар


Жоғарыда айтылған аңыздың басқа да нұсқалары бар. Жалпы халық ауыз әдебиетіне салсақ, бір аңыздың бірнеше нұсқасы, әпсана-хикаялары болатыны заңды. Ғалымдардың ойынша, Алаша хан туралы аңыз-әңгіме ел арасында тараған болса, оның прототипі болған хан тарихта да болуы тиіс қой деген ойға саяды.

Сондықтан тарихшы ғалымдардың кейбірі Алаша ханды Шыңғысханның өзі, бірі Жошы хан, енді ортағасырда өмір сүрген Оғыз қаған, Моғолстанның билеушісі Ахмет хан, XV ғасырда өмір сүрген Алаш баһадүр, енді бірі Қасым ханның ұлы Хақназар ханмен байланыстырып жатады.

Қымбат Слямбек,
Мassaget.kz
20 қазан 2022 ж. 580 0