Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ елінің тұғыры

Қазақ елінің тұғыры

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Алтын орданың құрылғанына 750 жыл толуына орай айтулы датаны туризмді дамыту тұрғысынан тойланатынын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мәлімдеді. Мемлекет басшысы: «Туризмді дамытуға айрықша мән беріледі. Әсіресе экологиялық және этнотуризмге экономиканың маңызды бағыты ретінде көңіл бөлінуі тиіс. Алтын орданың 750 жылдығы туристердің назарын тарихымыз бен мәдениетімізге, жеріміздің табиғатына аудару тұрғысынан тойлануы керек» деді. Президент Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін өз мәнінде ұлықтау қажеттігін айтты.
Ел тарихында «Талас құрылтайы» деген атау бар. Бұл тарихи маңызды оқиға осыдан тура 750 жыл бұрын Талас өзенінің бойында орын алған. Шыңғыс хан ұрпақтары Жошы, Шағатай, Үгедей әулеті осында жиналып, үлкен құрылтай өткізген. Маңызды шешімдер қабылданған құрылтайда әрбір ұлыс жеке мемлекет болып жарияланды.
Үгедейдің немересі – Қайду ханның шақы­руы­мен өткен жиында Жошы ұрпақтары Беркечар мен Мөңке-темір, Шағатай ұлысынан Барақ өз шекараларын бекітіп алды. Тарихта Шыңғыс хан империясы ыдырап, үш мемлекет – Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы мен Моғолстан болып құрылуымен белгілі болған құрылтайда еліне билік ететін хандар қалада емес, жазық жерде қоныстанатынына уәделескен.
Ресми мәліметтерде Шыңғыс хан қайтыс болатында өз иелігіндегі жерді төрт ұлына бөліп берген. Жошының ұлдары Бату мен Орда-Еженнің меншігіне Оңтүстік Ресей мен Қазақстанның жерлері тиген. Бату Алтын Орданың билеушісі болса, Орда-Ежен Ақ Орданы басқарған. Кейін Бату жаңа жорық жасап, батыстағы башқұрт пен Еділ Бұлғариясын басып алған. Сонан соң Украина мен Русьті бағындырады.
Негізінен кейбір деректерде Алтын Орда тарихы құрылтайдан бұрын басталған делінген. Бату бірнеше жыл бойы орыс жерін жаулаумен болады. Ол Шайбан, Орда-Ежен, Байдар мен Мөңкелермен бірге батысқа жорық жасайды. Неміс-поляк әскерін талқандайды. Сол жорықта Үгедей ханның дүниеден өткенін естіп, қоршап алған Вена қаласын тастап, елге қайтады. Бұл моңғол әскерінің батысқа жасаған жорықтың соңы болса керек. Дегенмен Мажарстан арқылы қайту сапарында Пешт қаласы мен тұтас Болгарияны басып алады. Бұл Алтын Орданың астанасы Сарай-Батудан, Сарай-Берке қаласы болып ауысқан кез болатын.
Алтын Орданың ыдырауы туралы мынадай деректер бар. Қыпшақтар деп аталған Бату ханның әскері орналасқан мемлекет халқының басым бөлігі түркі тілдес қыпшақтар болған. Мемлекеттің тілі де қыпшақ тілі екен. Алтын Орда мемелкетін «Қыпшақ ұлысы» деп аталғаны тарихи әдебиетте жазылған. Алып мемлекет Ресей, Украина, Молдова, Қазақстан және Кавказ жерін қамтыған. Мемлекет Шығыс Еуропаның Орал тауларынан Днепр өзенінің оң жақ жағалауына дейінгі жерлерді қамтып, Сібірге дейін созылған. Алтын Орда Өзбек пен Жәнібек хан билік жүргізген тұста дәуірлеп тұрған. Дегенмен Ақсақ Темірдің жорықтарының бірі Алтын Ордаға жойқын соққы жасайды, оның астанасын қиратады. Ірі сауда қалаларын тонап, қолөнер шебер­лерін тұтқынға алып, Самарқанға әкетеді. Сол жылдары Алтын Ордада азамат соғысы тұтанып, мемлекет бірнеше хандыққа бөлі­неді. Қасым хандығы, Қазан хандығы, Астрахан хандығы, Қазақ хандығы, Өзбек хандығы және Қырым хандығы билік етті. Хорезм Ақсақ Темір мемлекетінің құрамына кірді. Сөйтіп ішкі және сыртқы факторлар нәтижесінде Алтын Орда мемлекеті күйреді.
Шыңғыс хан – ұлы билеуші. Оның үлкен ұлы Жошы хан – Алтын Орда мемлекетінің негізін қалаушы тұлға. «Қазақстан тарихы» порталында жарияланған мақалада Алтын Орданың тікелей мұрагері – қазақ деген пікірді растайтын деректер өте көп. Мұнда Жошы хан мазарынан ұлысқа қарасты 26 таңбаның табылғандығы жөнінде айтылған. Ғалымдар осы 26 таңбаның барлығы бүгінгі қазақ руларына тиесілі белгілер екенін айтады. Сондай-ақ бұл таңбалардың арасынан моңғол ұлтына жататын рулардың бірде-біреуі кездеспейтіні дәлелденген. Сонымен қатар археологиялық қазба жұмыстары мен генетикалық зерттеулер осы дерекпен толықтай келіскен.
Отыз жыл бойы Алтын Орданы зерттеген ресейлік антрополог Т.Яблонский көшпенділердің бассүйегін, қаңқасын зерттеп, нәтижесінде алтынордалықтардың бет-әлпеті, оның пішіні қазіргі қазақтарға ұқсайтындығы туралы шешімге келген. Гене­тик-ғалым О.Смағұловтың айтуынша, қа­зақ­тарға тән генетикалық қосынды ХІІІ ғасырда екі популяцияның – жергілікті түркі-қыпшақ және шығыс Азиядан келген моңғол түрік популяциясының араласуынан пайда болған. Яғни кешегі Алтын Орданың мұрагері татар емес, басқа да емес, тек қазақ екені ақиқат. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденгендіктен ешқандай талас тудырмайды.
Жошы ханның мазары қазақ жерінде тұрғанын еліміздегі және шетелдегі жұрт­шылықтың көбі біле бермейді. Мұны Ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Сондықтан Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алу қажеттігін айтты.
«Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени тури­зм нысанына айналдыру – өте маңызды мін­дет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этно­гра­фиялық туризм орталығы болуы тиіс. Бұл жұ­мыстар Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы керек», – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Сондықтан елімізде биылғы жылы аталып өтілетін айтулы даталардың арасында Алтын Орда мем­лекетінің құрылғанына – 750 жыл толуына орай өтетін маңызды шараның орны ерекше.

Бибісара ЖАНӘЛІ
19 мамыр 2020 ж. 714 0