Қамшы өру өнері жанданса игі
Біздің дәуірімізден 5-6 мың жыл бұрынғы «Ботай» мәдениеті кезіндегі жылқыны қолға үйреткелі бері адам баласы оны ат-көлік ретінде пайдаланды. Осы жылқыны мінгенде оның жүрісін жылдамдату үшін алғашында табиғи заттарды – қурай, шыбық, балғын, бұта бұтақтары қолданылды. Ал кейін халық ішінен шыққан шеберлер осы бүгінгі таңда пайдаланып жүрген қамшыны ойлап тапты. Оны жетілдіріп әрі түрлендіру нәтижесінде әрі мықты, әрі шып етпе, өткір, қолға ұстауға қолайлы жеңіл қамшы мен бишіктер қолданысқа енді.
Қамшы атқа мінген адам ұстайтын, бірнеше таспа, қайыстардан көркемдеп өрілген, сабы тобылғыдан, ырғайдан, аңдардың аяқ-мүйіздерінен, әшекейлеп орындалады. Қамшыны адамдар атқа мінгенде айдап жүргізетін құрал болумен қатар, қару ретінде де пайдаланған.
Қамшы – көшпелі қазақ тұрмысында мал шаруашылығы өнімдері – ірі қара, ешкі терілерін илеу өнері арқылы орындайтын жабдық. Ол әр елдің салт-дәстүрімен бірге, атқаратын қызметіне қарай түрленіп, жіктеледі. Ат қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, күдері қамшы, жортуыл қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, білеу қамшы, сарала қамшы, борбас қамшы, орама сапты қамшы, мүйіз сапты қамшы, «сайтан» қамшы, қасиетті қамшы, жыланбауыр қамшы, өзекті қамшы, шашақты қамшы, тобылғы сапты қамшы, шыбыртқы қамшы секілді көптеген түрлерін халық шеберлері ойлап тауып орындаған.
Негізінен, ат-көлікті айдау жабдықтарының бір түрі – бишік. Оның түрлеріне жалғыз таспа шыбыртқы бишік, екі таспа, үш таспа, төрт таспадан өрілген, ширатылған ұштарына таспа жалғаған, ұзын және қысқа сапты бишік жатады. Сондай-ақ төрт таспа, бес таспа, алты таспа, сегіз таспадан өрілген, ұштарына таспа жалғанған түрлері декөп кездеседі. Қамшы – төрт таспа, алты таспа, сегіз таспа, он екі таспадан өріледі.
Таспаны тіліп, қырнап, сыдырып өңдеуіне қарай жуан-жіңішке болады. Сәйкесінше, қамшы да таспаның өңдеуіне орай жуан жіңішке болып өріледі. Көп таспалар ішіне өзек салып өрілгендіктен жуан болып келеді. Кейінгі үлгісі жұмыр төрт қырлы, алты қырлы болып шығады. Сапталмай тұрып, түрлі-түрлі ысқыдан өткізіледі. Қамшының сабынан өрімі қысқа түрлері де болады. Ерлерге арналған, әйелдерге арналған, балаларға, шал-шауқанға арналған түрлері ел ішінде молдау кезігеді. Жастар мен жігіт ағалары ұстайтын қамшылар алты тұтам ат қамшы, жеті тұтам жер қамшы деп аталады. Өткірлік жағынан өлшемі сабы алты тұтам, өрімі жеті тұтам қамшы дұрысырақ саналады.
Қамшы өлшемі мұнымен шектелмейді. Терінің иленуі, таспаның тілінуі тері мен таспаның ерекше қасиеттеріне байланысты атаулары бар. Қалай өрілуі, өрім мен саптың өзара ұзын-қысқалық салыстырмасы, қамшының алақаны, алақанның ұзын-қысқалығы, қатқыл не жұмсақтылығы шарт болып айтылады.
Қазақ халқының көшпелі мал шаруашылығы, тіршілік салтына байланысты тепкішекке аяғын салған бөбектен бастап, еңкейген кәріге дейін, ат-көлік мінетін ер-әйел бәрі қамшы ұстайды. Әркімнің өзіне лайық, өзіне тән қамшылары болады. Ат-көлікке мінгенде қамшысы қолында, қонышында, білегінде, белінде, тақымында, ерінің алды-артында, үстінде ілулі тұрады. Кейде тіпті қарбалас шақта, ат үстінде айқас кезінде, көкпар тартқанда ауызға да көлденең тістеледі. Ал үйде уық қырында, сыртқы дәдге мен белдеуде немесе ашада қыстырулы тұрады. Қарбалас кезде жабық киіз-сырмақ астында, тіпті тізесінің астында жатады.
Өмір талабына орай, әркімнің қамшысы өзі қойған жерінде тұруға тиіс.
Қамшы – әркімнің қолында жүретін жабдық және елеусіз суық қару. Бірақ қолында қамшы жүргенмен, оны қару ретінде пайдалану көрінгеннің қолынан келе бермейді. Қамшылы адам – ол сырттай қарағанда қарулы адам. Қамшы арқылы жауынан қорғана алатын, не жайратып салатын адамдарды қамшыгер деп атаған.
Ерте дәуірде қазақ халқының салты бойынша қамшыны қолға ұстап, үйге кіру бір пәленің басы саналатын болғандықтан, сырт адамдар қашанда қамшыны үй сыртында, ат үстінде қалдырып кіретін болған. Мақсатсыз болса да үйге қамшымен кірген адам ауыр сөгіс естиді, не айыпқа тартылып отырған.
Жабдық және қару ретінде ұсталған қамшының ұрылуы мен тиюіне қарай – қамшы үйіру, қамшылай білу, қамшымен жасқау, сипай қамшылау, батыра қамшылау, орай тарту, серпе тарту, салып жіберу, тартып жіберу, тіле тарту, көстите салу, шекесін шеруен аттандыру сияқты сөздер арқылы қамшының қалай ұрылып, қалай тиген зардабын білдіреді.
Бұрындары жылқы ұрлығымен айналысқан ұрыларды, бетіндегі тіліктен біледі екен. Егер ұры қолға түсіп айыбын мойындағанда, ел ішінде жазалау арнайы дайындалған қамшымен іске асады. Оның өзге қамшылардан айырмашылығы жоқ. Тек бір таспаны оң, екіншісін теріс өрген. Жазалағанда ұрыны жатқызып, ұры бетіне қамшы өрімін бір кісі аяқпен баса ұстап, екінші кісі қамшыны тартып алғанда ұры бетіне өмірлік таңба түседі екен.
Қамшы өру өнерін кешегі кеңестік жүйенің кесірінен ел ішінде тек жеке-дара шеберлер ғана орындады. Ал бүгінгі таңда қамшы өру өнері өз деңгейінде дамуда деп айта алмаймыз. Десек те бұрынғы атадан келе жатқан киелі өнерді дамытушы шеберлер ел ішінде баршылық.
Қазақ елі бойынша Тараз қаласы әлемдік қолөнершілер қаласы мәртебесіне ие болды. Осыған орай биыл маусым айының 1-5 күндері аралығында Тараз қаласында әлемдік қолөнершілер көрмесі өтті. Осы көрмеде Жамбыл облысының, Байзақ ауданы, Қызыл жұлдыз ауылының тұрғыны, қамшы өру өнерінің хас шебері Байшекенов Алпысбай Нұрмақанұлының өнер туындыларын көріп, қазақтың дәстүрлі қамшы өру өнерінің қайта жанданып келе жатқанына қуандық. Алпысбай мырза тек өрімші емес, өрімшілік өнерінің тарихын да жетік білетіндігі, өзі орындап әкелген көптеген қамшының түрлері мен олардың орындалуына біздер емес бүкіл жұрт тәнті болғанды. Енді Алпысбай мырзаның орындаған өнер туындыларын былай ретімен жіктеп, атқаратын қызметіне қарай сараласақ.
Атқамшы: ұзындығы – 80 см, сабының ұзындығы – 40 см. Қамшы өрімі 6 өрімнен 24 өрімге дейін болады. Қамшы өзегі 6 мм-ден 8-12 мм-ге дейінгі өлшемде орындалған. Атқаратын қызметі күнделікті атқа мінгенде тұтынатын жабдық. Таспа иленген ірі-қара малы терісінен жасалған.
Дойыр қамшының ұзындығы – 1 метр. Қамшы қалыңдығы таспа санына, өзегіне байланысты болып шығады. Негізінен, бұл қамшы әскери қару болып саналады.
Сабау қамшының ұзындығы – 90 см. Орындалуы өзге қамшылардан өзгеше болып дайындалады. Қамшы алақаннан 1-7-ге дейін бөлікке бөліктеліп, шашақтала әр саласы 4 өрімнен өріледі. Адамдарды дүрелеп сабағанда бір сілтегенде қамшы 1-ден 7-ге дейінгі тарауы бір мезгілде тигенде әсері қатты болады екен.
Бәйге қамшы: ұзындығы – 80 см. Қамшы түрі өзге қамшылардан өзгеше болып орындалған. Орындалуы қамшы алақаннан 10 мм жұмырлықта өріле келе, соңғы жағы 25-30 см-ге дейін жалпақ болып, өзектің шеті айнала өріліп шығады. Қамшының соңғы жағы жалпақтала өрілгендіктен, атқа тигенде сипағандай болып, шауып келе жатқанда атты «кәлтелеп» еркелетіп демей, сипай отырғандай ұрып отырады. Ал қамшыны қырымен ұрғанда кәдімгі қамшыдан артық батпаса кем болмайды.
Соп (Бишік) қамшы ұзындығы 2,5 метр, жуандығы түбі 15 мм-ден соңғы жағына қарай жіңішкере 6 мм-ге дейін болады. Ат арба, өгіз арба айдаумен қатар өгіз соқамен жер жыртқанда пайдаланатын жабдық.
Ноғай қамшы ұзындығы – 80 см. Тобылғы сабының ұзындығы – 25 см, таспа мен сапты қамшы ұшына дейін өріліп шығады.
Албан қамшысының өлшемі өзге қамшылар секілді. Таспа өрімі де шамалас. Оның өзгешелігі алақанды сапқа бекіткенде байлас бас жағы омыртқа секілді, төменгі жағы жыланға ұқсатылып ирелеңдеп байланады.
Бала қамшы: ұзындығы – 50 см. Таспа саны, өзегі өзге қамшыларға ұқсас. Қамшы бесіктегі баланың жастығының астына қойылу үшін қайыстың түгі сыртына қарата өріледі. Бесіктегі баланың шошымауы үшін қолданылады, кейін бала осы қамшыны өзі тұтынған.
Молда қамшы 60 см-ді құрайды. Тар өріммен өріліп, жіңішке етіп өріледі. Сабы тобылғы ағашынан жасалады.
Тәуіп қамшы: ұзындығы – 60 см. Адам емдеу үшін, қамшы 15 см өріле келіп, ұш жағы шашақтала келіп, басы түйілмейді. Сабының ұзындығы – 25 см. Сабы ашық болып алақанға бекітіледі.
Би қамшысының өлшемі мен таспа саны өзгеше айтарлықтай бөлектігі болмаса да бидің дәрежесіне қарай көркемделіп, күмістермен безендіріліп орындалады. Көпшілік жиында сөз сұрағанда қолына қамшысын ұстай көтеріп, қамшысын алдына тастай салып сөйлейтін болған.
Қыз-келіншектер қамшысының ұзындығы 70-80 см болып келеді. Таспа саны 6-8-12-ге дейін болады. Қамшының басы таспа шеті түйілмей, шашақталып тұрады. Шашақ тіл-көзден сақтайды. Әкесінің байлығы мен дәрежесіне қарай қамшы күміс пен асыл тастармен көркемделіп, сабы киік тұяғы, тау теке мүйізімен орындалады. Өзге қамшылардан көп өзгеше болмаса да басы түйілмей өрілетінін айтқан Алпысбай шебер өзі орындаған өнер туындыларын осылай жіктеп-саралап көрсетті. Осыған қарап қамшы өру өнері осындай алтын қолды шеберлердің арқасында дамуда деп айта аламыз. Алпысбай шебердің бізбен әңгімесінің қорытындысын:
Сегіз өрім, бұзау тіл,
Түйе табан алақан.
Сақиналы, шашақты,
Тобылғы сапты сары қамшы, – деп тәмамдады.
Тараз өңірі қайыстан ат әбзелін дайындауда өзгелерге үлгі боларлықтай. Себебі, осы өңір шеберлері орындаған қамшының жыланбас болып келетіні, алақан жиектерін омыртқа байламмен әсем көмкеріп орындайды. Ал Сыр өңірінің белгілі қамшы өру ісінің шебері марқұм Алтынбай Кенбаев қамшыны 32 таспамен орындаушы еді. Ол кісі серке терісінен майда етіп таспалармен дайындаған. Шебердің қамшысын көргендер ерекше таңданыстарын білдіретін.
Жалпы, ер жігіт пен қамшының өзара байланысы бар. Ұл бала дүниеге келгенде «Қамшыұстарым» деген тікелей осыған байланысты. Сондықтан ежелден келе жатқан қамшы өру өнері жанданса, оның ұлтқа пайдасы зор.
Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы,
ҚР Мәдениет саласының үздігі