Қамшы ер қаруы емес
«Жәнібек хан тағы бір әңгіме үстінде: – Бұл дүниеде кімнің төрт құбыласы тең болмақ? – деп сұрайды. Сонда Жиренше шешен: – Бұл дүниеде жүйрік аты, қыран құсы бар, өзі сұлу, мінезді қатыны, бес атар мылтығы бар жігіттің төрт құбыласы тең болады, хан ием, – депті. Бұдан асқан жауапты естімеген Жәнібек хан ерекше ризашылығын білдірген екен. Сол сияқты көне грек тарихшысы Геродот жазып, қалдырған скифтердің ертедегі бір аңызы еске түседі. Елу жыл бойы жорықта жүрген скиф жауынгерлері еліне қайтып келе жатады. Ұзақ жылдар бойы ерлерінен хабар болмаған әйелдері өздерінің соқыр құлдарымен тұрып, олардан бала туады. Скиф жауынгерлері елдің шетіне жеткенде құлдан туған, есейген ұлдар оларды елге жібермей, соғыса бастайды. Ұзақ айқасқан скифтер оларды жеңе алмайтын болған соң, айқасты тоқтатып, өзара кеңес құрады. Сонда ортада тұрған қарт жауынгер батырларға мынандай кеңес берген екен: «Ей, скиф жауынгерлері, осы біз не істеп жүрміз, Біз өз құлдарымызбен соғысып жүрміз, біз қарумен соғысқан соң, олар өздерін бізге тең санап, азат адам санап жүр, сондықтан жеңіліс бермейді. Біз найза, жарақтарымызды тастап, оларға қамшы алып шығайық. Егер біздің қару орнына қамшы алып шыққанымызды көрсе, олардың өздерінің құл екені естеріне түсіп, оны мойындап, қарсыласуға шамасы жетпейді» деген екен. Скифтер бұл кеңесті мақұл көріп, құлдарға қамшы алып шығады. Қамшыны көрген құлдар сескеніп, айқас туралы ұмытып, қаша жөнелген екен. Міне, бұл аңызда скифтер қамшыны жауынгерлік қару емес, құлды бағындыратын құрал ретінде пайдаланғаны жөнінде анық айтылған, оның осы мәні құлдан туған ұлдарға өздерінің құл екенін есіне түсірді. Көшпелі халықтың жауынгерлік этикасын дұрыс түсінбегендіктен, Ресей ғалымы А.П.Бородовский бұл аңызға сүйеніп, скифтер қамшыны соғыс құралы ретінде қолданған деп теріс тұжырым жасайды. Бірақ өзі аналог ретінде Ертедегі Спартада да құлдар көтерілісін спарталықтар жауынгерлік қарумен емес, қамшымен басқан. Яғни құлдарға қару емес қамшы қолданғанын мысал қылып келтіреді. Дәстүрлі қоғамда затты қолданғанда оның символдық мәні ескеріліп отырады. Жауынгер скифтер мен спарталықтар үшін құлдарды өздеріне теңеп, олармен қару алып соғысуы қаншалықты мүмкін емес болса, өздеріне тең, азат әскери адамға қамшы жұмсау соншалықты мүмкін емес. Қазақтарда да қамшы әскери қаруға жатпайтынын 19-ғасырда Ш. Уәлиханов та жазып кеткен. Шығыс бейнелеу өнерінде де айқас кезінде қамшы қолданған жауынгерлер бейнесі кездеспейді. Әрине, адам өзін-өзі қорғауда немесе кісі өлтіруде тұрмыстық затты да, егіншінің, малшының құралдарын да, тасты да, пайдалана беруі мүмкін, бірақ әр кәсіби істі кездейсоқ зат емес, тек кәсіби құрал ғана сипаттайтынын ескерсек, малшы құралы – қамшыны ер қаруына жатқызу қателік. Қамшыны батырлар ғана емес, атқа мінген әр адам (әйел, еркек, жас, кәрі) және мал баққандардың бәрі ұстанған. Қамшыны, әдетте, малды және құл иеленуші қоғамда мал санатында есептелген құралдарды ұру үшін пайдаланды. Қазақтарда да, басқа халықтарда да қылмыс жасаған адамға қамшымен дүре соғылатын. Сондықтан көшпелі халықтарда, оның ішінде қазақтарда да біреуге қамшы жұмсау оны малға, құлға немесе қылмыскерге теңеумен бірдей болды. Қамшыны құлға, қылмыскерлерге жұмсалатын құрал ретінде түсіну орта ғасырлық жазба деректерде айтылады. Шайқы Балхи өзінен ақыл-кеңес сұраған Халиф ар-Рашидқа былай дейді: «мұсылмандардың әміршісі ол Алла тағала саған халықты әділеттілікте ұстап отыру үшін үш зат берді: байлық, семсер және қамшы. Байлықпен сен кедейлікке тосқауыл қоюуың керек. Семсермен сен халықты езушілерді құртуға міндеттісің, ал күнахарларды қамшымен жазалауға тиіс». Бұл бір дерек.
Шын мәнінде, жауына күйрете соққы беретін қару-жарақтың әрқайсысының өзіндік қайталанбас қасиеттері бар. Осы қасиеттеріне қарай ер қаруы: ату, кесу, шабу, түйреу және соғу қаруы деп бес түрге бөлінген. Әр топ іштей бірнеше түрге жіктеледі. «Ер қаруы – бес қару» қандай? Бүгінгі ұрпақ ата-бабасының серігі саналған қару-жарақтың атауларын біле ме?
Бердибек Хабайдың фейсбук парақасынан