Әуелгі сөз – ағадан, әдепті сөз – ініден
Бүгінгі жазбамыздың тақырыбына арқау болған халқымыздың осынау тағылымы мол даналық сөзі алтыннан да қымбат қайталанбас өмірдің мәнін ашып, сыйластықтың қадір-қасиетін ұғындырып, ағалық пен інілік ұғымының мағынасын тереңдетіп тұрғандай. Иә, «Ақыл – ағадан, ілтипат – ініден» демекші алдымызда ақылшы аға, жастарға жанашыр пана болып, бізге ақыл-кеңесін айтып, әркез өмірлік мол тәжірибесімен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп жүрген ардақты азаматтар көп. Солардың бірі де бірегейі есімі Сыр бойы еліне етене таныс, 1999-2004 жылдары Сырдария ауданын абыроймен басқарған қоғам қайраткері –Әріп Битілеуұлы Хожбанов.
Бүгін Әріп аға бастаған Бекмырза Еламанов, Мұқадам Серікбаев, Ержан Әжікенов ағайлар аудандық газет редакциясына ат басын бұрды. Қарапайымдылық пен кішіпейілділіктің, азаматтықтың туын биік ұстаған азаматтар шығармашылық ұжымның тыныс-тіршілігімен танысып, атқарып жатқан жұмысымызды оң бағалап, ақ тілектерін арнап, тілектестік ниеттерін білдірді. Әріп аға өлеңдерім туралы жақсы пікірлер айтып, шабытыма дем беріп, шуақты да қуатты сөздерімен серпіліс сыйлады. Арнайы уақыт арнап, кейінгі толқын жастарға көңіл бөліп, қолдау көрсетуді мақсат еткен Әріп ағаға ерекше алғысымды айтамын.
Қазақ өзі ырымшыл халық қой. Қазақылық қалпымен, қарапайымдылығымен үлкен-кішіге үлгі болып абырой тұғырында жүрген Әріп аға бүгін жақсы ырымға балап, қазақы қамшы сыйлады. Зор құрметпен қабыл алып, ризашылығымды білдірдім. Осы ретте марқұм ағеден көңілді ақын Балашбек Шағырұлының бала күнімізде айтып берген мына бір оқиғасы еске түседі. 1960 жылы Сәбит Мұқановтың 60 жылдық мерейтойы өтіпті. Кенен Әзірбаев мерейтойға жиналғандарды Қордайға қонаққа шақырады. Сол жерде Сәбитке күмістелген ер тұрманы бар сәйгүлік мінгізіп, қолына күміс сапты қамшы сыйлайды. Оған мінген Сәбит шалқақтап, аттан түспей қойыпты. Бұл қылығын көрген ақын Хамит Ерғалиев қамшыны білдіртпей «ұрлап» алып, Сафуан Шаймерденовтің көлігіне тығып қоюын өтінеді. Сәбит қамшысын іздеп, шарқ ұрғанда екеуі сыр білдірмей отырады. Екеуі де тойдан соң, қамшыны иесіне қайтаруды ұмытып кетеді. Кейін қайтарып беремін деп жүргенде, үйінің төрінде ілулі тұрған қамшыны Сафуанның баласы өрімін жазып, конькиге бау етіп тағып алады. Сол бала Саян Шаймерденов кейін атақты хоккейші, жеті дүркін КСРО чемпионы атанады. Сафуан баласының спортта үлкен жетістікке жетуіне Сәбиттің қамшысының әсері болды деп әркез айтып отырады екен. Қазақ осылай игі ниетті жақсыға ырымдап, қамшы ұстайтын азамат болсын деп ырымдап, бір-біріне қамшы сыйлауды әдетке айналдырған. Лайым, біздің әулетке қазақы қамшы құт әкеліп, шаңырағымызда қамшы ұстайтын ұлағатты перзенттер өсе берсін!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ