Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамшының қасиеті

Қамшының қасиеті

Бала күнімізде әр үйдің шаңы­рағында, төрінде өрулі қамшы ілулі тұратын. Бұл көрініс біздің са­намызда жатталып қалған. Үл­кен кісілер қамшы тұрған жерде жын-шайтан болмайды, ол кие, құндылық деп айтып отыратын. Хал­қымыз ерекше қастерлеген қам­шының киесі жөнінде ізденіп, ма­қала жазуды жөн көрдік.

Жалпы, қамшы – малшының, аңшының, ерте замандардағы жауынгердің құралы. Тарихи деректерге сүйенсек, сонау сақ дәуірінде үш затты (қылыш, тостаған және қамшы) иемденген адам патша болады, ел билейді деген түсінік болыпты. Қылыш жауынгерлік рухты айшықтаса, тостаған қонақжайлылықты білдіреді екен. Ал, қамшы мал бағу, жан бағу, бір сөзбен айтқанда, қолда бар қазынаның немесе байлықтың белгісі іспетті.

Сөзді астарлап, орайын келтіріп ай­татын дана халқымызда көбіне тілдің орнына қамшы сөйлеген. Мысалы, шаңы­раққа, төрге ілінген қамшыға қарап, от­ба­сының неше ұлы, неше қызы бар екенін білуге болады екен. Қамшы сал­бырап ілінсе, ол үйдің ері жоқ екенін біл­діреді. Қазақтың «Өмірге қамшы ұстар келді» деп сүйіншілейтіні осыдан болса керек-ті. Ер баланың бесігіне, кейін өсе келе жатын орнына немесе төсегінің ба­сына қамшы ілінеді. Себебі, қамшы ер адамды рухтандырады, жігерлендіреді, нә­ти­же­лі істерге құлшынысын арттырады. Сон­дықтан қазақ қоғамында белгілі бір ме­рекелік басқосуларда, отбасылық жиын­­дарда ағайын-туыстың бір-біріне қам­­шы сыйға тарту дәстүрі қалыптасқан.

Дала заңын ұстанған ұлы халқымыздың күнделікті дәстүрінде танымайтын үйге кірген адам үйге қамшысыз кірген. Себебі, қамшымен кірсе, қолға алған бастама дауға айналады деп ойлаған. Ал, ер адам үйге қамшысын салбыратып, сүйретіп кірсе, ол жағымсыз жаңалықтың нышаны деп бағамдаған. Яки, дау-жанжалдың бо­ла­тынын астарлап жеткізген. Ертеден жеткен есті сөздерді ел ағаларынан естігенде халқымыздың даналығына тәнті боламыз. Бір қамшының айналасында бү­тін бір ұлттың болмыс-бітімі, көзқа­расы мен ұстанымы топтасқанын да аң­ға­руға болады. Бір сөзбен айтқанда, ба­ба­ларымыз қамшы арқылы ұлтты тәр­биелеген. Қамшының киесін паш ететін келесі деректердің де мәні зор.

Жеті жарғы заңында белгілі бір даулы мәселені шешу барысында соңғы сөз ай­тылып, ортаға қамшы тасталса, ол түпкі шешімді білдірген. Яғни, ата-бабаларымыз айтылған шешімнің өзгермейтінін қам­шы арқылы жеткізген. Негізі қамшы сөзінің түбірін алып қарастырар болсақ, «қам» сөзі «қам жаса», «қамдан» деген сөздермен үндеседі.

Атақты Шоқан атасы Уәлиханмен ке­зік­кенде, немересіне: «Бәрін таста, сұл­тандыққа сайланасың», – дегенде Шоқан ғылым жолын таңдап, атасына ке­лісім бермеген екен. Содан тіл алмаған бала­сына ашуланған атасы Уәлихан: «Сен менің балам емессің!» – деп қамшысын сындырып, лақтырыпты. Бәлкім, қамшы­ның киесі шығар, арада жыл өтпей ғалым Шоқан қайтыс болады.

«Қамшының киесі қатты» деп са­наған бабаларымыз қамшыны аяқ­асты тас­­тамайды. Соңғы кездері ша­ңы­­рақ пен төрге көз тастасақ, ілінген қам­шыны көрмейміз. Бұл құндылық­тар­дың құл­ды­рап, салт-сананың өзгер­генін білдіреді. Дегенмен, әлі де кеш емес. Әр шаңырақта қам­шы мен домбыра болуы тиіс. Бұл – біз­дің қазақтығымызды паш ететін құн­дылықтар. Сондықтан қамшының киесін ұғып, оны қастерлей білейік.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
08 желтоқсан 2020 ж. 1 926 0