Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Соғыс туралы шындық айтылды ма?

Соғыс туралы шындық айтылды ма?

Уақыт өткен сайын Екінші дүниежүзілік соғысқа деген адамзаттың көзқарасы өзгеріп келеді. Жалпы, соғыс туралы бар шындық түгел айтылып бітті ме? Ал біз үшін бұл жаһандық соғыстың тағылымы – шейіт кеткен аталарымыз бен олардың көрсеткен ерлік шежіресі.

Осыдан 18 жыл бұрын Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында Волоколамск қаласында генерал Панфилов пен даңқты әскербасы Бауыржан Момыш­ұлына ескерткішінің ашылу салтанатына қатысудың сәті түсті. Қайтар күні Мәскеу қаласында өтетін Жеңіс шеруіне дайындықтың барысы туралы «РИА-Новости» агенттігінің ұйым­дас­тыруымен болған баспасөз конференциясына қатыстық. Конференциядан соң үзілісте президиумда отырған армия генералы Третьякка мынандай сұрақ қойдым: «Жолдас генерал, соғыс туралы бар шындық айтылып бітті ме?». Оның жанында Кеңес Одағының екі мәрте батыры, авиация маршалы Мысыго мен армия генералы Бопков тұрған еді. Сұраққа алғашқы болып маршал Мысыго түсінік бере келіп, «Екінші дүниежүзілік соғыстың бар шындығы әлі ашылған жоқ, одақтастар келісімі бойынша бар шындық 2017 жылы ашылады», деп салқынқанды жауап берді. Неге 2017 жыл?

Келісім неге солай болған? Оған себеп біреу, 2017 жылы жер бетінде соғысқа қатысқан бірде-бір жауынгер қалмайды-мыс. Соғыс тарихы осы уақыт аралығында саясиланып кетті. Соғысты кеңес өкіметінің қол астынан шыққан мемлекеттердің әрқайсысы өз ыңғайына қарай көрсетуге тырысып бақты. Ресей тарапы ірі әскерба­сы­лардың өздерінен шыққанын айтып, қызыл әскерді фашист агрессиясын тоқта­тушы, Шығыс Еуропаны азат етуші деп көрсетіп келді. Оған бәріміз ила­нып келдік. Бірақ соңғы уақыттары мәлім болып отырған көптеген факті Екін­ші дүниежүзілік соғысқа деген көз­қара­сымызды өзгертуге мәжбүр етуде. Тіпті жау оғынан қирап қалған Украина соғыста болмағандай. Мәселен, фашис­тік Германияның екпінді шабуылынан кеңестер жағының күшімен аман шыққан, соғыстың дәл апанында тұрған Украина, Молдова сынды бірқатар мемлекет бүгін «бұл соғыс біздікі емес еді» дегендей көзқарасты танытып отыр. Ал түркі халықтарының арасында «фашис­тік Германияның көздегені славян текті халықтар, дәлірек айтқанда, орыс­тар, ал Гитлер түркі халықтарының бас бірік­­тіруіне қарсы емес еді» деген пікір­­лер де ара-тұра айтылып қалады. Егер қызыл әскер Шығыс Еуропа­ны фашист басқыншылығынан азат етуші болса, осыны неге ең алдымен сол Еуропа мемлекеттерінің өздері мойын­дамайды деген де сұрақ туын­дайды. КСРО құрамында болған Бал­тық жағалауы елдері (Латвия, Литва, Эстония) кеңес одағын ашық басқын­шы санаса, Украина, Белорусь, Гүржіс­тан, тағы бірқатар елде ол туралы пікір екіұдай. Сонда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?

Екінші дүниежүзілік соғысқа қа­тысты тек Ресей ұстанған позиция дұрыс, басқа Шығыс Еуропа мем­лекеттері мен жоғарыдағы «бауыр­ларымыздың» бәрінікі қате пікір деуіміз керек пе? Жоқ! Жалпы, тарихи оқиғаларға қатысты мұндай даулы мәселелер көп­жақты, арнайы комиссия құрылып, олардың шешімі бойынша ортақ келісімге келу арқылы жасалуы керек. Өмірде ондай тәжірибелер бар. Мысалы, 70-жылдардың басында-ақ, Германия мен Польша мемлекеттерінің арнайы комиссиясы бас қосып, Екінші дүниежүзілік соғыс оқиғаларын өз мектептерінде қалай оқыту керектігін шешіп алды. Бір өкініштісі, Ресей жағы мұндай қадамға бармады. Соғыстың біткеніне 78 жыл өтсе де Ресейдің өзгенің пікірімен санаспай, тек «менікі дұрыс» деген империялық пиғылы әлі де өршіп тұр. Одан зардап шегіп отырған тағы сол Ресейдің өзі.

Кеңес өкіметі билік құрған кездегі оқу құралдарында КСРО ең бір әді­летті мемлекет болып көрсетіледі. Алайда фашистік Германия Батыста Чехословакия мен Польшаны жаулап жатқан кезде КСРО Финляндия, Балтық елдері, Украина, Белоруссияны қыспаққа алып, өзінің басқыншылық пиғылын көрсеткенін мойындағысы келмейді. Сондықтан болар, әлемнің бүгінгі тарихшылары бұл қырғын­ды «Ұлы Отан соғысы» деп атамай, «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп атап келеді. Украиндар мен Балтық бойы елдері үшін фашистік Германияның қол астына кіру мен отаршыл орыстың тепкісінде қала беру екі бөлек құбылыс еді. Яғни сол заманның алыптары қол астына неғұрлым көп аймақты басып қалуды көздеді. Тарихшылардың болжамынша, егер Гитлер бастаған қарулы әскер КСРО-ға басып кірме­генде, Сталин бастаған кеңестік әскер­дің Германияға шабуылдауы болмай қалмайтын жағдай еді.

Еуропа елдері Сталиннің жауызды­ғы Гитлерден кем болмағандығын, ал Қызыл әскердің басқыншы еке­нін айтудан танған емес. Бұл тіпті бір адамның пікірі емес, ресми Поль­шаның мемлекеттік ұстанымы. Поль­­шада мектеп оқулықтарында да солай деп жазылған көрінеді. Егер бұл шындыққа жанаспаса, ресми Ресей неге қарсылығын білдірмейді? Және бұл пікірдің негізсіз емес екенін, тарихи фактілердің өзі растап отырғанын мойындау керек. Бізге жеткен тарих беттерінен Сталин мен Гитлердің келісімімен тараптар бір-бі­ріне шабуыл жасамау туралы «Молотов-Риббентроп» пактісіне қол қойылғандығы мәлім. Міне, осы пактіде Германия мен Кеңес өкіметі Польшаны бөлшектеп алу туралы да уағдаластық жасасқан көрінеді. КСРО мен Германияның ортақ шекарасы жоқ, олардың арасында екі мемлекет жатыр, ал Польша орналасқан тұс қана жалғыз жол. Сонда, кеңестер мемлекеті өз еліне бейбітшілік тілесе, фашис­термен соғысып жатқан Польшаға не көмектесуі керек те, не жау өз шекарасына жеткенше тас-түйін қамал жасап, бекініп отыруы керек емес пе? Бірақ кеңестік билік олай істеген жоқ. 1939 жылы 17 қыркүйекте Қызыл әскер өздері неміспен жанталасып күресіп жатқан польяктың желке тұсынан соғып, әскерін күл-талқан етіп, Германияға жол ашып бергенін қалай жасырамыз?

 Кеңес тарихшылары көпке дейін бұл фактіні тарих беттерінен жасырып келді. Кейін әлем қауымдастығының алдында ақыры бұл қателігін мойын­дауға мәжбүр болды. Ресейлік тарих­шылар «Молотов-Риббентроп» пакті­сінің болғандығын, Қызыл Әскердің Балтық жағалауы елдерін 1939 жылдары жаулап алғандығын мойындай келіп, мұның бәрі сол кездегі заманға сай мемлекеттің қауіпсіздігі үшін жүргізілген саясат деп айта бас­тады. Егер бұл кеңес одағының қауіпсіздігі үшін жүргізілген қажетті шара болса, онда бұл жайттар осы күнге дейін қоғамнан неге жасырылып келді? Жоғарыдағы әскербасылар осы жайттың басын да қылтитып шығарып қойды. Олардың әсіресе, Еуропаға бойлай кірген кеңес жауынгерлерін тоқтатпағанда, бүгінгі Еуропадан түк қалмайтынын айтуы да бекер емес еді.

Сөз орайында соғыс және бейбіт­ші­лік мәселесін де айта кетейік. Ол саяси-құқықтық ілім ойшылдарының назарынан да тыс қалмапты. Солардың бірі – неміс әскери ғылымының теоре­тигі және тарихшысы Карл Филипп Готф­рид Клаузевиц. Дүние жүзіндегі 130-дан астам соғыс пен жорықты зерттеп, үш томдық кітап жазған осы ғалым: «Соғыс ермек емес, ол жай ғана тәуекел мен сәттілік саналатын ойын да емес, еркін шабыттың да туындысы емес, ол – елеулі мақсатқа жетудің құралы. Соғыста кездесетін бақыттың бүкіл сан алуан бояулары, нәпсінің бүкіл толқулары, ержүректік, қиял, оның мазмұнына кіретін шабыт, мұның бәрі құрал ретінде тек соғыстың ерекше­ліктері», деді.

Клаузевицтің тұжырымдамасы бойын­ша адамзат қоғамындағы соғыс барлық халықтың тағдырына әсер етеді. Өкінішке қарай, оны «өркениетті» деген елдер бастайды. Ол әдетте саяси жағдайдан тұтанып, саяси сарындардан туындайды. Ол – саяси акт. Әзірге бізге жеткені – сая­си актілердің туындылары.
 


Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,
журналист,
05 мамыр 2023 ж. 182 0