Түркістанда КСРО батыры Расул Есетовтің ескерткіші ашылды.
Түркістан қаласында Кеңес Одағының батыры Расул Есетовтің рухына тағзым жасалды. Батырдың есімі берілген Түркістан қаласындағы Расул Есетов атындағы №20 мектепте батырдың ескеркішінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Вaq.kzақпарат агенттігі.
Шараға қала басшылығы, мектеп ұжымы, қаланың ардагерлері мен ақсақалдары қатысып, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан арнайы қонақтар да келді.
Кеңес Одағының батыры Расул Есетов 1924 жылы Түркістанның іргесіндегі бүгінгі Теке ауылында дүниеге келген. Әкесі Есет 1936 жылы Расул атамыздың 12 жасында дүниеден озған. Анасы Хадиша екі баламен жесір қалып, үлкен ауыр күндерді кешеді. Анасының қолқанатына айналған Расул атамыз жастайынан отбасының асыраушысы болып, жұмысқа жегіледі. Осылай ауыр күндерді өткізіп жүргенде Мәскеуден суық хабар елдің құтын қашырады. Кеңес Одағына 1941 жылы Германия соғыс ашады. Бұл ІІ дүниежүзілік соғыс өртінің тұтанған сәті еді. КСРО-ның әскерге жарамды жігіттері отанды қорғауға соғысқа аттанады.
Қатыгез өмір атамызды қайсарлыққа, өжеттілікке үйретіп ерте есейткен еді. Содан болса керек небәрі 17 жасында Отанды қорғау үшін отты соғысқа өз еркімен аттанған.
Майданда толарсақтан саз кешіп жүріп қайсарлығымен көзге түсіп, талай соғыс ұрыстарында батылдығымен жауды жер жастандырады. Немістердің бекіністерін талқандап, көптеген жауынгерін тұтқынға алып бірнеше оқ-дәрі қоймасын қолға түсірген қақтығыстарда ерлік көрсетеді. Батырдың ерлігі мойындалып 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының батыры атағын алып, кеудесіне «Алтын жұлдыз» тағады.
Отанымыз Тәуелсіздік алған жылдардың жемісі ретінде 2002 жылы Расул Есетовті ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Сондай-ақ Түркістан қаласының, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» атанып, алғыс хаттармен марапатталады.
ҚР Үкіметінің арнайы қаулысымен 2017 жылы №20 мектепке Расул Есетов есімі берілген болатын. Қазіргі таңда мектепте білім алып жатқан 1800 оқушы батырдың ғұмырбаянына қанығып өсіп келеді.
Расул Есетовтың жанұясы атынан ұлы Ғалымжан Расулұлы мектептің бітіруші «Алтын белгі» иегерлеріне «Расул Есетов» атындағы шәкіртақы тағайындалатындығын және мектепке демеушілік жасап отыруды жоспарлап отырғандығын жеткізді. Алдағы жылдары батыр атында жыл сайын «Ұлы жеңіс күніне» турнирлер өткізетіндігін де хабарлады.