Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Соғыс ардагерлеріне қандай көмек беріледі?

Соғыс ардагерлеріне қандай көмек беріледі?

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігі ұрпақ жадында мәң­гі жаңғырып тұрады. Бүгінгі ашық аспан мен бейбіт өмір – май­дангерлердің өшпес ерлігінің арқасы. Жыл сайын қатары сиреп бара жатқан қарт жауынгерлерге мемлекет тарапынан көмек көрсетілуде. Ардагерлердің ауруханаларда ем алуынан бас­тап, коммуналдық шығындары, жүріп-тұруы тегін жүзеге асады.
Жыл сайын Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ерекше сый-сияпатқа бөленетін соғыс арда­герлеріне биылғы жылы жасалатын мате­риалдық көмектің мөлшері де белгіленді. Екінші дүниежүзілік соғыс адагерлеріне облыстан және аудандық бюджеттен берілетін бір жолғы көмек туралы мәліметті аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі хабарлады.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында облыстық бюджеттен берілетін бір жолғы әлеуметтік көмек Ұлы Отан соғысына қаты­сушылары мен мүгедектеріне 500 мың теңге, тыл ардагерлеріне 100 мың теңге, екінші рет некеге тұрмаған әйелдерге 100 мың теңге, бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдарға 53020 теңге беріледі.
Аудандық бюджеттен үлестірілетін бір­ жолғы әлеуметтік көмектер мөлшері аудандық мәслихаттың шешіміне сәйкес төленеді. Оның мөлшері: Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына 40 айлық есептік көрсеткіш – 106040 теңге мөлшерінде жылына бір рет төленеді. Жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан соғысқа қатысушыларға теңестірілген адамдардың басқа да санаттарына: Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адам­дарға 30 айлық есептік көрсеткіш – 79530 теңге мөлшерінде бір жолғы материалдық кө­мек тағайындалған. Аталған қаржы осы жылдың сәуір айынан бастап көмек алатындардың есепшотына аударылатын болады.
Жалпы бүгінгі таңда еліміздің бас қала­сында және барлық өңірде өтетін мере­келік шараларға дайындық шаралары бас­талып кет­ті.


Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
18 ақпан 2020 ж. 788 0