Тарихи атаулар – ел мұрасы
Қазақстан жер көлемі жөнінен дүние жүзі мемлекеттерінің ішінде 9-шы орын алады, яғни ұлан-байтақ Қазақстан жерінде миллиондаған жер-су аттары бар. Сол жер-су аттары қашан және қалай пайда болған? Мыңдаған өзен-көлдерге, тау-төбелерге, қалаларға, ауылдарға кімдер ат қойған? Географиялық атауларда қандай сыр жатыр? «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы негізінде осындай сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Әрбір мекен-жай, халық, қала атаулары белгілі-бір халықтың тарихына қатысты болғанын ондағы жер-су атауларынан аңғаруға болады. Осы жер-су атаулары арқылы сол жерде өмір сүрген халық, тайпа, ру туралы мағлұмат аламыз. Қазақ даласындағы елді-мекен атауларының ұзына-бойғы тұрқына назар аударсақ, біздің ата жұртымыздың өткендегі қанды тарихында, басқыншылық, отаршылдық жорықтардың, саяси-идеологиялық мақсаттағы саясаттардың түрлі қатпарлы іздері жатыр. Халқымызда «Жердің аты – тарихтың хаты» деген аталы сөз бар. Атамекен атаулары атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын асыл қазына, тарихи жәдігер.
Ақжарма ауылы №130 Абай атындағы орта мектебінің география-биология пәнінің мұғалімі Ақмарал Жақанова оқушысы Ерасыл Төребекпен «Қазақстан географиялық атауларын зерттеу» тақырыбында ғылыми жоба әзірлеген. Жоба негізінде Қазақстандағы жер-су атаулары туралы көптеген мәлімет келтірілген. Олардың шығу тарихы да баяндалады. Географиялық жер атаулары жайындағы ғылым саласы – топонимика жайы кеңінен айтылады.
– Қай жер, қай елді алып қарасақ та ондағы жер атауларын сол жердің халқы қалыптастырып отыруы белгілі. Бұрын-соңды тарихта жер дауын шешуде, яғни белгілі бір жердің қай халыққа тән екендігін анықтауда да ең сенімді тарих куәгері ретінде алдымен сол жердің топонимикалық атаулардың көлденең қояды. Өйткені қандай жаңа зат жасалсын немесе өз иелігіндегі жер болсын оның атын халық қояды. Қызығушылықты арттыру үшін жер-су аттарының шығу тарихы жайында қызықты әңгімелер келтіру тиімді. Мысалы Екібастұз, Қоңырат атаулары қайдан шыққан? – дейді ғылыми жоба жетекшісі А.Жақбарқызы. Ғылыми еңбекте жер-су атауларына байланысты аңыз-әңгімелерден мысал келтірілген.
Қазақстандағы ірі объектілік топонимдердің аталуында да жалпы топонимдердің аталуындағы сияқты белгілі заңдылық бар. Өйткені, топонимдер кейде кісі я ру атына немесе өсімдік, жануарлар дүниесіне, объектінің түр-түсіне, қасиетіне немесе сол объектіні басқа бір затқа ұқсатуға, теңеуге байланысты аталған. Осындай заңдылыққа сәйкес өсімдік атына байланысты атаулар, жануарларға байланысты атаулар, адам, ру, халық атына қойылған топонимдер т.б. мысалдарды көптеп келтіріледі. Қазақстан – ертеден мал шаруашылығымен шұғылданған ел. Ондай елдердің топонимдері өсімдіктердің, жануарлардың аттарымен аталуы заңды құбылыс. Өйткені, малдың негізгі қорегі – шөп. Мысалы: Қаулы, Қаудантал, Миялы, Өлеңті, Жантақты, Құрайлы, Жуалы, Қоғалы сияқты ұсақ объектілі топонимдердің аты сол жерлерде аты аталған өсімдіктердің өсетінін білдіреді.
Топонимдер құрамындағы аң, жануар, құс атаулары Қазақстанда аңдардың кейбір түрлері кең тарағандығын және солардың аңшылық маңызы болғандығын аңғартады.
Халық өмірінің айнасы іспеттес топонимияда аң, құс, жан-жануарлар да өз іздерін қалдырып отырған. Қазақстан жерінде бүгінде сирек кездесетін құлан, көне заманда үйір-үйір болып жүрген. Құландардың ұзақ мекендеген жері Сарыарқа, Бетпақдала аймағы. Оған дәлел Көкшетау жеріндегі Құлансу, Ақмола облысындағы Құланөтпес өзені, Құланкетпес аңғары, Орталық Қазақстан облысында Басқұлан, Жамбыл облысында Құланши көлі т.б.
Қазақстан картасында көп таралған атаулардың бірі – адам атына қойылған географиялық атаулар. Мұндай атаулар өте ертеден бері келеді. Және көбінесе сол жерді жаз жайлап, қыс қыстаған, иемденген адамдардың атына байланысты туған. Мысалы: Абралытау, Амантоғай тоғай, Шерубайнұра өзен, Жәнібек елді мекен, Мырғалымсай, Байжансай сай, Медеу жер аты, Қызылорда өңірінде: Ақтайлақ темір жол бекеті (Қызылорда қаласында), Бекбауыл (Бекбаулы) ауыл, темір жол стансасы (Арал ауданында), Аңламас – жер атауы (Сырдария ауданында).
Қазақстан картасында кездесетін географиялық атаулардың ішінде әлеуметтік және басқа да халық өміріндегі, күнделікті тіршілігіндегі әртүрлі оқиғамен байланысты атаулар да көрнекті орын алады. Қырық қыз оқиғасына байланысты ел арасында сан түрлі аңыз-әңгімелер сақталған. Ауданның белгілі ардақты азаматтарының бір болған Әбдіхалық Байдаулетов «Басында Қазығұрттың» атты жыр кітабында Өгемдегі таңғажайып табиғат көрінісін тамылжыта суреттей келіп, ондағы қолдан соққандай қырық қыздың тас боп қатқан ғажап мүсінін келтіреді. Аңыз бойынша, ханның қыз ұзату тойының салтанаты өтіп жатса керек, тосыннан жау әскері шабуыл жасап, ер азаматтың бәрін жайратып, мал-мүлікті талап, таңдаулы деген қырық қызды ұстап елдеріне әкеткелі жатқанда қыздар қолдарын көкке жайып, Құдіретке «жатқа қор қылғанша сүйегіміз өз елімізде, өз жерімізде қалсын, бізді тас қыл» деп жалбарынған екен. Ақыры қыздардың ниеттері қабыл болып, бәрі бірге тас болып қатып қалған деседі. 40 қыз оқиғасына байланысты аңыз-ертегілер қырғыз фольклорында да көптеп кездеседі.
Ғылыми жобада жер-су аттарының шығу тегі, талдау жолдары, түрлері, жазылу ережесі зерттелген. Қорытындысында жергілікті жер-су аттарын бұрмаламай дұрыс қолдану елдің егемендігінің басты белгісі деген тұжырым жасалады.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
Пікір 4