Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫР ТҰНҒАН СЫРДАРИЯ

СЫР ТҰНҒАН СЫРДАРИЯ

Қазақ халқының аксиологиялық рухани құндылықтарының бірі – ел батырларын қастерлеу: елін, жерін қорғаған елі, жері үшін жанын қиған батырлар есімдерін жер-су аттарында мәңгі етіп қазақ халқы «топонимиялық жадында» сақтай білген. Мәселен, Сейіт батыр, Нарбай батыр, Шөңірек батыр, Шалбас батыр т.б.
Жалпы алғанда аудан топонимикасында кірме сөздерден жасалған атаулардың саны байырғы төл сөзімізден жасалған атау­лардан әлдеқайда аз. Бұл атауларға талдау жасау, атаулардың жасалу кезеңдерін анықтауға да себін тигізеді. Осы негізде аудандағы топонимдерді басты үш негізге бөліп қарауға болады.
1) Кеңес дәуіріне дейінгі кезең – бұл кезең ежелден келе жатқан байырғы қазақ тіліне тән атаулар (бұлар аудан топонимдерінің басым көпшілігін құрайды) мен көне түркі, моңғол, араб-парсы сөздерінен жасалған кірме атауларды қамтиды. Мәселен, Ашнас, Аламесек.
2) Кеңес дәуірі кезеңінде, негізінен бұрынғы атаулардың кеңестік саясатқа сай өзгеруі мен осы бағыттағы жаңа атаулар және қазақи атаулардың орыс тілі заңдылықтарына сай бұрмаланып қойылуы арқылы жасалған атаулар енеді. Мысалы: Қазақ ССР-нің 50 жылдығы, Ленин, Ильич, Сталин, Жамбыл, Сейфуллин т.б.
3) Егемендік кезең еліміз жаңаша өмір сүрген жиырма жылдың көлемінде қызыл империя саясатына сай қойылған атаулардың біртіндеп жойылып, байырғы қазақи атаулардың қайта келуімен және ұлттық сипатымызды танытатын жаңа атаулардың пайда болуымен айқындалады.  Мысалы: Қалжан ахун ауылы бұрынғы Аманкелді кеңшары, А.Тоқмағамбетов ауылы бұрынғы партияның – 18-съезі, Н.Ілиясов ауылы бұрынғы Қазақ ССР-нің 50 жылдығы атындағы кеңшар, т.б.
Жер-суға ат қою әдетте адамдар арқылы жүзеге асатыны айқын. Бірақ бұл үдеріс аталған үш тәсілмен қалай болса солай орындала қалмайды. Мұнда қойылатын атаудың, нысанның мазмұнына сай болуы басты назарда ұсталады. Бұл жерде ат қоюшы логикасының жүйріктігі, қажетті сөздерді тілдік байлықтан тез тауып алуға деген тапқырлығы шешуші рөл атқарады. Әрине, жер-суға ат қою алғашында бір адам тарапынан болғанымен, уақыт өте келе оның есімі ұмытылып, атау халықтық болып сақталып қалады. Алайда, нысан мазмұны мен формасына барынша толық сәйкес келген, тұтынушы халықтың неғұрлым көп бөлігінің қолдауына ие болған атау ғана ұзақ сақталады, өміршең болады. Әрине, атаудың ұзақ сақталуының бұдан да басқа факторлары бар. Дегенмен, атау мазмұны оның этимологиясы бірінші орында тұрады.
Жер-су атауларының мағыналарын айқындау екі түрлі ыңғайда – тарихи этимология және халықтық этимология ыңғайында қарастырылады. Әнине тарихи этимологиялық тұрғыдан зерттеу белгілі бір тарихи деректерге, нақты дәлелдерге сүйенетін болғандықтан көбінесе шындыққа біртабан жақын келеді. Ал, халықтық этимология бұл көбіне ұзақ уақыттан бері ел арасында ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткен аңыз-әңгімелерге сүйенеді. Сондықтан уақыт өткен сайын атаудың ертегі мағынасынан алшақтап кетуі, атаулар жақын кезеңге қойылған болса, оның шындыққа сай болуы  заңды құбылыс.
Әрине, аудандағы жер-су атауларының этимологиясын түгелдей дерлік осы еңбекте талдап беру мүмкін емес, міндет те емес. Сондықтан атаулар тарихының жоғарыда аталған алғашқы (Кеңес дәуіріне дейінгі) кезеңінен біршама мысалдар ғана беріледі.
Айдарлы – ауданға қарасты ауыл. Ауыл шетінде биік құм басындағы шоқ жыңғыл өсіп тұрған. Оның  кішкене  баланың басындағы айдарға ұқсап тұруына байланысты ауыл Айдарлы деп аталған.
Айнакөл – Сырдария ауданы мен Қызылорда қаласының шекарасында орналасқан жер аты. Шеңгелді, жыңғылды айналасында құрғап қалған көл, сайлардың орны бар. 1968 жылы осы жердегі ауылда болыстық құрылып, ол Айнакөл болыстығы атанған.
Ақжарма – аудандағы ауыл, округ орталығы. Аудан орталығы Тереңөзек кентінен 36 км жерде.
Арыс – Қазақстанда көп кездесетін ауыл. Сырдария ауданы Бетбақ дала батысындағы Оңтүстік Қазақстандағы Арыс өзенімен аттас тұзды көл. Теңіз деңгейінен 59 метр биіктікте жатыр. Аумағы 124,5 шаршы метр, ұзындығы 21,2 км, ені 9,5 км болады. Көл көктемгі жауын-шашын кезде толығып, жаз айларында құрғап қалады.
Баршынкент – Сырдария ауданындағы орта ғасырлық қала орны. Академик Ә.Марғұлан Баршынкентті Алпамыс батыр жырындағы Гүлбаршынның есімімен байланыстырады.
Баршындария – ертеде Жетікөлден бас­тау алған дарияның бір саласы. Сыр бойында өмір сүрген адамдар Баршын қыздың атымен атаған.
Жаңадария – Сырдария өзенінің құрғап қалған ескі арнасы. Сырдарияның Қызылорда қаласының тұсындағы сол жағалауынан басталып, аудан жерінен өтіп, Оңтүстік батысқа қарай Қарақалпақстан жеріне қарай кетеді. Ұзындығы 680 км, төменгі және жоғарғы арналардың ені 50 метр, орта тұсы тармақталып 200, 400 метрге жетеді. Қазақстандағы ең ірі сексеуіл орманы осы Жаңадария бойында.
Жақапбай түбегі – түбек аты. Сырдария өзенінің жағасында орналасқан Жақапбай деген кісінің қыстауы орналасқан. Жақапбай молда болған, ауа-райын  зерттеп айтатын көріпкелдік қасиеті болған.
Кілемжайған – Сырдария ауданындағы бірнеше ұсақ көлдер аты, ежелгі қоныс орны. Аудандағы Қараөзек ауылына жақын жерде, Қызылжарма ауылының солтүстік шығысында орналасқан. Зерттеуші Ә.Өтеулінің айтуынша Романовтар әулетінің 300 жылдығынан қонақтан күймелетіп келе жатқан патша әулеті осы жерге тоқтаған. Жергілікті би-болыстар көл жағасына 300 кілем жайып, үш-төрт қатар ақ үй тігіп, патша әулетін қонақ еткен. Сол жер кейін кілем жайған деп аталып кеткен.
Қайқы ағашы – кіші жүздің табын руынан шыққан Қайқы Ұзақұлы есімімен байланысты қойылған жер аты.
Қаракемпір – аудан жеріндегі дариялықтақыр жазығының солтүстігіндегі қыратты жазық дала. Қаракемпір Қазақстанның басқа облыстарында жиі кездестіретін атаулардың бірі.
Қараөзек – Сырдарияның одан бөлініп барып, қайта қосылатын бір арнасы. Сырдария ауданындағы елді-мекен атауы. Ежелде көктем кезінде өзек тасып, жағада отырған халық көп қиыншылық көреді екен. Көктем шығысымен көтеріліп келе жатқан суды көрген халық «Қара келе жатыр» деп сақтана бастайды. Содан өзек Қара өзек деп аталып кеткен. Аңыз осылай дейді. Қараөзек атауының тарихи этимологиясына Д.Жүнісов «Өзен-көл атаулары» деген еңбегінде былайша түсінік береді: «Қараөзек» – өте ертеден келе жатқан атау. «Қара» ежелгі түркі тілінде «биік» дегенді білдірсе, уз, ус, оз – су дегенді білдірген, қазіргі моңғол тілінде де суды ус, усу дейді, оқ/оғ/ көне дәуірдегі түркі халықтардың тіліндегі алғаш «ана» деген кейін тайпа, ру» деген мағына берген. Бұл бойынша өзек атауы уз-оқ-усок-өсек-өзек болып қалыптасып, «су-ана» деген мағына береді. Осы екі сөздің бірігуінен «биіктен, жотадан ағатын ағын» деген мағына береді. Алайда, Сырдарияның бір тармағы ретіндегі қазіргі Қараөзекті «биіктен, жотадан ағатын ағын» деуге келе қояр ма екен. Оның есесіне «қара» сөзінің мағынасын тілімізде бұрыннан айтылып келе жатқан, су тасып, елді мекендерді басып қалғанда айтылатын «қарық болу» (дария тасып, мол су келгенде үнемі осылай болып отырған) тіркесіндегі «қарық» сөзімен төркіндес деп қарауға да болатын тәрізді.
Қалмаққырылған – жазық алқап, Сырдария ауданындағы жер атауы. «Қалмаққырылған» жазығы «Қараөзек» кеңшарының солтүстігінде орналасқан болса, одан әрі қарай бұрынғы Жезқазған облысының «Қалмаққырылған»  өзені ұласып жатыр. Д.Жүнісов өзінің  «Өзен-көл атаулары» атты еңбегінде: «Тарихи деректерден қазақ жасақтарының жоңғар басқыншыларына 1728-1729 жылдары ойсырата соққы бергені белгілі. Сол жылдардың куәсі, халықтың ұлт-азаттық күрестегі ерлік істерінің ескерткіші ретінде Жезқазған облысының жеріндегі ірі өзендердің бірі – бұрынғы «Білеуті» өзені «Қалмаққырылған» деген атқа ие болды», – дейді. Олай болса Жезқазған облысындағы «Қалмаққырылған» өзені мен Қараөзектегі «Қалмаққырылған» жазығының атауларын бір атау деуге болады.
Қарашеңгел – Қоғалыкөл ауылы маңындағы жер атауы. Ел аузындағы әңгімелер бойынша орта ғасырлық қала орны.
Қаязды – аудан жеріндегі көл аты. Көлдің аумағы 2,3 шаршы метр, ұзындығы 2,9 км, ені 1,3 км, ең терең жері 5 м, судың көлемі 12,4 млн. м куб болады. Көлде қамыс, қоға көп өскен. Жаз айларында су деңгейі түскен кезде көлдің шығысы мен батысы  екіге бөлініп қалады.
Қоғалыкөл – аудандағы ауыл, ауылдық округтің орталығы. Осы аттас жер атауы Қостанай облысы, Аманкелді ауданында да бар.
Қосарық – Баян – Жаңадария арнасының оң жағалық аңғарындағы арық. ХІХ ғасырдың басында қазылған. Қариялардың айтуынша, Баян атты қыз сол жердегі жігітке ғашық болыпты. Қыздың әкесі: «Талас тудырған жерден арық қазып берсең, қызымды беремін», – депті. Жігіт арықты ұрымтал жерден қазып, бір жағадан екі жарманы бөлектеп, бірін ғашығы Баян ауылына, екіншісін өз ауылына бұрыпты. Арықтың қазылуына себепкер болған Баянның және жігіттің арықтары бірігіп, ел оны Қосарық – Баян деп атап кетіпті. Сол арықтың ізі әлі де байқалады.
Маймақ – көл аты. Сырдарияның оң жағасын алып, Қарабауыр көлімен жалғасып жатыр. Маймақ – Қоқан ханның батыры. Сол жерде Шөңірек деген қарақойлының батыры екеуі айқасқан.Шөңірек батыр жауға шапқанда айқайлап, бар дауысымен алға ұмтылады екен. Сол батыр жекпе-жекте Маймақ батырды басынан шауып өлтіреді. Кейін батырдың бас сүйегін көл жағасынан тауып алған соң, көл Маймақ көлі атаныпты. Қазір бұл көл құрғап қалған.

«Сырдария ІІ» кітабынан
25 мамыр 2019 ж. 1 836 0