1998 жыл: Сырдария жетпіс жылдық белесте
ХХ ғасырдың соңғы жылдарында ауданның дамуы қарқын ала бастады. Астықты өңір 1998 жылды зор қуанышпен қарсы алды. Өйткені, бұл жылы сырдариялықтар ауданның 70 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Айтулы жылды дүркіретіп өткізіп, жыл көлемінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылған.
Ауданның мерейлі жылын тарқатпас бұрын, 1998 жылдағы еліміздегі басты оқиғаға тоқталып өтсек. Яғни, 1998 жылы Қазақстанда Президент сайлауы өтті. Осы жылы қабылданған өзгертулерге сәйкес, Президент 7 жылға сайланатын болды. Осыған орай, республикада үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген. Аудан көлемінде де үгіт бригадалары жұмыс істеп, мемлекеттің көшбасшысын сайлауда сырдариялықтар белсенділік танытқан. Жалпы, сайлау нәтижесінде 91,15 пайыз дауыс жинаған Нұрсұлтан Назарбаев Ел Президенті болып қайта сайланды.
1998 жылдағы аудан тынысы туралы аудандық архивте газет тігіндісінің 7-8 саны ғана сақталған екен. Соның өзінен сырдариялықтар 70 жылдықты зор жауапкершілікпен атап өткенін аңғаруға болады. Белесті жылға байланысты арнайы мерекелік газет шығарылған. Онда сол кездегі аудан әкімі Алмагүл Божанованың «Жаңарған, жасарған өлке» тақырыбындағы мақаласы жарияланған. Аудан басшысы өлкенің 70 жылдық тарихын тізбектей келе, сол жылғы жетістікке тоқталған.
«...Республика көлеміндегі өзгерістермен үндескен аудан халқы шынайы нарықтық жолға түсті. Шаруашылықтар жаппай жекешелендірілді. Ондаған шаруа қожалықтары, шағын кәсіпорындар құрылды. Аудан халқына шағын несиелер берілді. Жаңа қоғамға тез бейімделген халық қазір жеке кәсіпкерлікпен, фермерлікпен айналысу жолына түсті. Аудандағы «Шаған», «Қалжан ахун», «А.Тоқмағамбетов», «О.Мәлібаев» секілді шаруашылықтар өзгелерге өнеге болар өрелі тірліктер атқаруда. Үстіміздегі жылы аудан диқандарының облысымызда күріш өндіруден 1-ші орын алуының өзі осы сөзіміздің нақты дәлелі. Ал «Шаған» агрофирмасы облыстың барлық шаруашылықтарының арасында ең үздік көрсеткіштерге жетті. Аудан өткен жылы ірілендіріліп, бұрынғы Сырдария ауданының 5 ауылын қосқанда 14 үлкен ауылды құрап отыр. Оларда ондаған шаруа қожалықтары, фермерлік шаруашылықтар жұмыс істеуде. Қайбір қоғамның да өтпелі кезеңінде болуға тиісті экономикалық қиыншылық қыспаққа алып тұрған кезең болса да өткен тарихынан тәлім, ағалар өнегесінен тағылым алған аудан халқы кеніш келешекке нық басып келе жатыр» деген А.Божанова.
Ауданның мерейтойына осы топырақтан туып-өскен тұлғалар жылы лебіздерін аудандық «Тіршілік тынысы» газеті арқылы жеткізген екен. Олардың қатарында Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов, техника ғылымдарының докторы, профессор Совет Біттібаев секілді даралар бар. Белгілі драматург Қ.Мұхамеджанов өзінің құттықтауында «Тереңөзек – менің балалық шағымның Парижі. Соғыс жылдары «Бостандық жолы» колхозынан ақпар әкеліп, газет-хаттар алып қайтатын астанам. Міне, ауданның 70 жылдық мерейтойын атап өткелі отырсыздар. Той тойға ұлассын, жерлестер» деп сәлемін жолдаған.
Белесті жылда диқандар аудан мерейін үстем еткен. Сол жылы аудан бойынша 11500 гектар жерге күріш егіліп, әр гектардан 45,1 центнерден өнім жиналған. Барлығы 51,9 мың тонна Сыр маржаны қамбаға құйылып, нәтижесінде облыста алдыңғы қатардан көрінді. Облыс жеңімпазы атанған аудан басшысына шет елдік автокөлік сыйға берілсе, «Шаған» агрофирмасының төрағасы Қожабек Дәдікбаев қаржылай сыйақы алды. Сондай-ақ А.Тоқмағамбетов атындағы ЖШС төрағасы Тұрмахан Арапов бастаған ауданның еңбек адамдары Бисенбай Кенжебеков, Баянбай Тұрлыбеков, Өміртай Жаңабаев, Сәкен Айтбаев, Әлихан Ибрагимов, Қайырбек Кеукенов, Қалдыгүл Аяпова, Ұлтай Айтбаева облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған.
1998 жылы ауданда кәсіпкерлік саласы өркендеген. Атап айтар болсақ, шағын кәсіпкерлікпен айналысатын 71 заңды тұлға тіркелсе, 84 адам жеке кәсіппен айналысқан. Аудан бойынша 162 шаруа қожалық есепке алынған. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінде 4288 адам жұмыспен қамтылған. Осы құрылымдар арқылы 1998 жылдың алғашқы жартыжылдығында 75 млн 600 мың теңгенің өнімі өндіріліп, олардың қызметінен аудан бюджеті 15 560,0 мың теңге кіріспен толыққан.
Бұл жылы білім саласында да жаңалықтар болған. Егемендікке қол жеткізгеннен кейін еліміздегі қала, аудан, ауыл, жоғары оқу орындары мен мектептер тарихи атаулармен қайта қауышты. Соған орай, аудан орталығындағы қара шаңырақ – №35 мектеп 1997 жылға дейін Кеңес көсемдерінің бірі М.И.Калинин атымен аталып келді. Ал 1998 жылы білім ошағына ауданнан шыққан қоғам қайраткері Иса Тоқтыбаевтың есімі берілді.
Аудан спортшылары да мерейлі жылда жақсы жетістіктерге қол жеткізген. Жалпы, осы жылы ауданда 16 спорт зал, 24 волейбол, 18 футбол ойындарына арналған спорттық алаңдар қызмет көрсетіп, 6 спорт түрінен секциялар ұйымдастырылған. Аудан спортшылары ұлттық спорт түрлері бойынша аймақта 8 жыл қатарынан жүлдегер атанса, тоғызқұмалақшылар республикада биік тұғырдан көрінген. Сол арқымы облыс мерейін үстем еткен.
70 жылдық мерейтойды кең көлемде атап өткен сырдариялықтар 1998 жылды жақсы нәтижемен қорытындылаған. Бұл жыл аудан тарихында алтын әріптермен жазылған жылдар қатарында екені сөзсіз.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ