ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ
Заман ағымына алтын әріптермен жазылып қалатын тағы бір жыл артта қалмақ. Жаңа дәуірде уақыт зырғып жатқанымен бір жылдың ішінде ғаламшарда айтулы оқиғалар, ерекше жағдайлар орын алды. Соның нәтижесінде, әлем елдерінің әлеуеті жақсарып, өркендеу үстінде. Оның ішінде, 27 жылдық Тәуелсіздік тойын атап өткен Қазақстан ілгері қарай қарышты дамуынан тайған жоқ. Елдегі әл-ауқаттың жақсаруы жолында бұл жылда жарқын жұмыстар атқарылды. Осы тұста, өтіп бара жатқан 2018 жылдағы жеткен жетістіктерді саралап көрелік.
Жеті қазынаның бірі саналатын ит жылы – құт жылы болғаны анық. Ең алдымен, бұл жылы мерейлі белестер жылы. Осы жылы ел жүрегі болған, татулық пен достық алаңына айналған Астананың 20 жылдығы дүркіреп өтті. Қос ондықта көркейген бас шаһардың мерейіне әлем жұрты тамсанды. Одан соң «Алаштың анасы» атанған Қызылорданың 200 жылдығы да жоғары дәрежеде тойланды. Екі ғасырда ажарланған арайлы Ақмешіттің абыройы асқақтап, өскен өңірдің шежіресі тарады. Сондай-ақ, ұлы дарияның атын иемденген Сырдария ауданының да торқалы 90 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Бүгінде айрықша серпінмен дамып келе жатқан ауданда үлгі етер істер көп. Түйткілді мәселелер мұнда түбегейлі шешімін тауып, көркейген өлке өркениетке қарышты қадам жасауда. Мерейтой барысында тамыры терең, тарихы кемел ауданның өткені мен бүгіні сараланып, жас ұрпаққа өнеге етілді. Дүбірлеген той өтіп, сырдариялықтар мерейі үстем болды. Осы себепті де 2018 жыл – мерейлі жылдар қатарын толықтырды.
Жыл басынан тұрақтылық пен татулықтың нақ үлгісі болған Қазақстанның әлемдік беделі айқын болды. Мемлекеттің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне уақытша төрағалық етіп, Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кеңесте баяндама жасауы әлем жұртының елге деген оң көзқарасын білдірсе керек. Сол кеңесте Қазақстанның халықаралық саясат пен әлемдік геосаяси қатынастардағы байсалдылық пен бейбіт диалогтарға негізделген айқын ұстанымы биік мінберден айтылды. Яғни, тарихи сәтте төрткүл дүниеге төрелік айтылып, жаһан қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқы қазақ еліне сеніп тапсырылды. Мұның өзі зор жетістіктің бастамасы болды.
Одан кейін Ақтаудағы 5-ші Каспий саммитінің өтуі де осы жылдағы жетістіктер қатарын толықтырды. Өйткені, теңіз жағалауындағы Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан елдерінің президенттері қатысқан алқалы жиында ширек ғасырдан бері күрмеулі мәселеге айналып келген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалды. Бұдан бөлек, елді өркендетуге айқын істер атқарылып, дамудың даңғыл жолындағы Қазақстанның қарқыны бәсеңдемеді. Оны жыл қорытындысындағы индустрияландыруға арналған телекөпірдің өзінен анық білуге болады.
Мемлекеттің өсіп-өркендеуіне өңірлердің ерекше дамуы ықпал етсе, бұл тұста дария бойындағы қаланың қосқан үлесі бір төбе. Олай дейтініміз, Елордаға қарап бой түзеп келе жатқан сырбойылықтар сол жағалауға жаңа қала салуға кірісіп кеткен. Оған қоса, өнеркісіп өндірісін қолға алып, одан түсер пайданы еселеп арттырды. Барлық сала бойынша өзге өңірлерден ілгері болып, аймақ табысы өсті. Соның арқасында облыс жұртшылығының тұрмыс деңгейі жақсарды.
Жалпы, Сыр елі үшін жылдың табысты болғанын жыл соңындағы жетістіктерден білуге болады. Атап айтқанда, «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығы облыс әкімі Қ.Көшербаевқа табыс етілді. Бұл арада облыста соңғы жылдары кәсіп ашуға қолайлы жағдай жасалып жатқанын айта кету керек. Түрлі бизнестік жиындар, дәстүрлі «Байқоңыр инвест» форумы осыған дәлел. Сонымен бірге, жыл қорытындысында Сыр спорты үлкен жетістікке жетіп, республикада алдыңғы қатарда тұр. Сыр мәдениетінде де айтулы сәт орын алып, облыс өнерпаздары шет мемлекетте өнер көрсетті. Айта берсе, жүйелі жұмыстар нәтижесінде аймақ толағай табысқа жетті. Желтоқсанның 21 күніндегі сағаттың кейін шегінуі де облыс жұртына жағымды жаңалық болды. Бұған көпшілік өз ризашылықтарын білдіруде.
Облыс орталығына жақын орналасқан ауданның да табысы еселенбесе, кеміген жоқ. Биылғы жылдағы барлық мәдени-спорттық шаралар ауданның 90 жылдығы аясында өтті. Ал әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп, елдің әлеуеті жақсарды. Бұл жылда да ауданда құрылыс қарқыны толастаған жоқ. Жаңадан әлеуметтік нысандар ашылды, қоныс тойы тойланды, асар әдісімен көпір салынды. Ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім жиналып, берекелі өлкенің ырысы артты.
«Өткен жылға өкпе жоқ» деп жатамыз. Табысқа толы жылда өкпе айтудың да реті жоқ. Сондықтан мерейлі белестер жылы еліміз айтулы жетістіктерге жетіп, бейбіт өмірдегі тағы бір жылды тарих қойнауына тапсырмақ. Құт жылы болған ит жылын шығарып, келер жылы бұдан да жоғары жетістіктерге жетеміз деген үміт басым.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ