ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ЖАСАЛҒАН ТАҢДАУ
Өздеріңізге белгілі, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттілігін тоқтатқаннан кейін елімізде саяси науқан өткізу жоспарланды. Соған орай, 9 маусым күні Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Сайлауға мемлекеттегі саяси партиялардан 7 үміткер түсті. Олар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қазақстандықтарға өздерінің бағдарламасын ұсынды. Президенттік сайлауға уақытша Президент өкілеттілігін жүргізген Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр Отан» партиясынан кандидат ретінде ұсынылды.
Жарқын болашақ үшін дауыс берілген тарихи күнде ел тұрғындары өз таңдауларын жасады. Орталық сайлау комиссиясынан пәрмен берілгеннен кейін таңғы сағат 7.00-ден әрбір сайлаушы өз учаскелеріне барып дауыс бере бастады. Бұл жолғы саяси науқанда да қазақстандықтар белсенділік танытты. Өйткені, елдегі сайлаушылардың 77,4 проценті сайлауға қатысып, өз кандидаттарына дауыс берді.
Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуі жолындағы кезектен тыс сайлау жоғары деңгейде өтті. Саяси науқанның әділ өтуіне шет мемлекеттерден көптеген байқаушылар мен сарапшылар атсалысты. Шетелдік байқаушылар сайлау барысында өрескел құқық бұзушылық байқалмағанын айтады. Сондай-ақ, ашық, еркін және әділ өткенін де атап өтті.
Жалпы, ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс жасады. Онда заңдылыққа сәйкес жұмыс жүргізіліп, кешкі сағат 20.00-ге дейін ел тұрғындары өз таңдауларын жасады. Сайлау барысында әскери шептегі сарбаздардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне жағдай жасалып, мобильді топ жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде, болашақ Президентті таңдауға қазақстандықтар бір кісідей жұмылды.
Кеше ҚР Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылдың 9 маусымында өткен кезектен тыс Президенттік сайлауда кандидаттарға сайлаушылардың қанша дауыс бергендігін жария етті. Мұны ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров мәлімдеді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы бойынша Жамбыл Ахметбеков 167 249 дауыс немесе сайлаушылардың 1,83 процент дауысын, Дания Еспаева 478 153 дауыс немесе сайлаушылардың 5,2 процент дауысын, Әміржан Қосанов 1 472 733 дауыс немесе сайлаушылардың 16,02 процент дауысын, Төлеутай Рахымбеков 294 271 дауыс немесе 3,2 процент дауысын, Амангелді Таспихов 190 304 дауыс немесе сайлаушылардың 2,07 процент дауысын, Қасым-Жомарт Тоқаев 6 504 054 немесе сайлаушылардың 70,76 процент дауысын және Сәдібек Түгел 84 348 дауыс немесе сайлаушылардың 0,92 процент дауысын жинаған.
Жоғарыда атап өткендей, 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс жасады десек, оның 18-і ауданда орналасқан. Жарқын болашақ үшін сырдариялықтар да бір кісідей дауыс беріп, таңдау жасады.
Тарихи күнде аудандағы сайлау учаскелерінде ерте келіп дауыс бергендерге сыйлықтар табыс етілді. Мәселен, ең алғаш болып таңдау жасаған кент тұрғыны Әсия Масилова, Айда Болатқызы, Марат Шүмекеев, Айгүл Қарсаңқызына сыйлық берілді. Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектебінің биылғы түлегі, болашақ инженер Әсел Нұрлыбай «ең жас сайлаушы» ретінде өз үлесін қосты. Оған қоса, сайлау учаскесіне барып дауыс берген «ең қарт сайлаушы» еңбек ардагері Рахымжан Бәйменовке, 100-ші болып өз таңдауын жасаған Жанымкүл Сейпуловаға да сый-құрмет жасалды. Мұндай жұмыстар аудандағы барлық сайлау учаскесінде жүргізіліп, белсенді қатысқан сайлаушыларға сыйлықтар берілді.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ