Күрішшілердің «Локомотив паровозы»
«Қызылдиханнан» шыққан Социалистік Еңбек Ерлерінің бірі – Қасым Бөдеев. Атақты диқан 66 жасында «алтын жұлдызды» кеудесіне таққан.
Еңбек Ері 1900 жылы Қарағанды облысының бұрынғы Байқоңыр ауданында дүниеге келген. Жас кезінде Сыр еліне келіп, Аманкелді атындағы колхозға мүше болып кіреді. Қасым Бөдеев күріш өсірумен 52 жасында айналысқан. Төрт жылдан кейін жоғары өнімге қол жеткізді. Ол басқаратын звено 40 гектар алқаптың әр гектарынан 51 центнерден өнім жинады.
66 жасқа келгеніне қарамастан Қасым Бөдеев қайраты қайтпай, ылғи ізденіс үстінде жүреді. Үлкен егістікті аз адам күшімен баптау жөніндегі херсондық диқандардың әдісін естіп, ол звеносымен 80 гектар алқапқа күріш өсіруге міндеттенеді. Оның қорытындысында да үлкен абыройға бөленді.
– Күріштен мол өнім жинау үшін химиямен, ғылыммен, озат агротехникамен үнемі достасып, үлкен егіншілікке күш-жігерді толық жұмсап, жұмысты жан-тәнімен сүйетін болуың керек, – дейді екен даңғайыр диқан.
Күріштен жоғары өнім алғаны үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1966 жылғы 26 маусымдағы Жарлығымен Қасым Бөдеевке «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілген.
– Қасым Бөдеев – біздің Тереңөзек ауданында Сыр саласынан мол өнім алып, кеудесіне «алтын жұлдыз» таққан ағамыз. Жергілікті диқандардың барлығына ақылшы ұстаз болған. Ол кісі аудан күрішшілерінің «локоматив паровозы» десек жарасады. Біздің аудан да кезінде Қасым ағаның егістігіне бармаған, оны көрмеген, одан үйренбеген күрішші жоқ. Қасекеңнің өзі бір мектеп еді. КСРО және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары болған Нәзира Сейсенова және Райкүл Жалғасбаева, Бексұлу Синаева, Күләш Әсімова, даңғайыр диқандар Орынкүл Сүлейменова, Абылай Ситенов, Абат Сүлейменов, Қырғызбай Әлібеков, Бақыткүл Ерғалиева, Балапан Арзымбетова атақты күрішшінің шәкірті болды. Сол сияқты жүздеген есімдерді атауға болады, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген ауыл шаруашылық қызметкері Ширек Сқақов ақсақал.
1966 жылдың күзінде республикалық газетте: «Социалистік Еңбек Ері Қасым Бөдеевтің звеносы 20 гектар күріш егісінің әрбір гектарынан 107,6 центнерден өнім жинады. Осыншама көлемдегі егістіктен мұндай өнімді еліміздің бірде-бір күріш өсірушісі осы күнге дейін алып көрген емес» деген ерекше хабар жарияланды. Осылайша, даңғайыр диқан, дала академигі Ыбырай Жақаевтың ізбасары болып, Сыр елінің мақтанышына саналатын «Ақмаржан» өсірудің майталман маманына айналды.
Еңбек Ері өмірде ақкөңіл, аңғал адам болыпты. Жалғыз ұлы Тұрым үйленгенде ««Еңбек Ері» деген атағым бар» деп тойға мініп жүрген жалғыз атын сойыпты. Той біткен соң «егістік басына мінемін» деп сол атты қорадан іздеп жүрген көрінеді.
Қасым Бөдеев пен жары Күнбаладан тараған ұрпақтар бүгінде үлкен әулетке айналған. Еңбек Ерінің қызы Гүлжаһан (1938 жылы туған) – 12 баланы өмірге әкелген ардақты ана. Ұлы Тұрым әкесі еңбек еткен шаруашылықта есепші болып қызмет атқарған.
Бүгінде ұл-қыздарының бәрі мұғалімдер. Үлкен қызы Ләззат Нұр-сұлтан қаласындығы мектептердің бірінде қызмет етеді. Ұлдардың үлкені Мұрат – көп жылдан бері Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы, бокстан спорт шеберлігіне үміткер.
Марат пен жары Рахат – екеуі де ғылым кандидаттары. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде қызмет етеді. Марат та спортшы. 2015 жылы қазанда Шымкент қаласында өткен көпсайыс бойынша республика чемпионы.
Тұрым Бөдеевтің кіші қызы Гүлзат Қызылорда қаласындағы білім ұяларының бірінде ұстаз болса, кенже ұлы Қанат – Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінде ұстаз, ғылым магистрі. Өсіп-өнген әулет Социалистік Еңбек ерінің ұрпағы екенін мақтаныш санайды.
Қазіргі таңда Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде даңғайыр диқан Қасым Бөдеев атында көше бар.