Аймақ басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісімен кездесті
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевпен кездесті.Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы міндеттер мен Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму барысы сөз болды.
Жолдауда еліміздің болашақ даму стратегиясы айқындалып, мақсатқа жетудің жеті бағыты белгіленді.
Мәлік Отарбаев берілген тапсырмаларды жүзеге асыру жолында атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды. Экономикаға қомақты инвестиция тартудың, өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін берудің маңызын атап өтті. Жолдауда баса мән берілген бағыттар – ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, көлік-логистиканы одан әрі дамыту. Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту мәселелерін шешу де кезек күттірмейді. Мемлекет басшысы атап өткендей, экономиканы цифрлық дамытуға жан-жақты үлес қосу – жаңа дәуір жүктеген міндеттер.
Аймақ басшысы Жолдауда белгіленген жеті бағыт бойынша атқарылған жұмыстар, қолға алынған бастамалар туралы айтты.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










