Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Атақты күрішші

Атақты күрішші

Қазіргі О.Мәлібаев аталатын бұрынғы шағын ауыл «Қызылдиханнан» Кеңес үкіметі тұсында үш бірдей Социалистік Еңбек ері шығыпты. Бұл осы ауыл тұрғындарының ерен еңбек иелері екенін көрсетіп тұр емес пе?! Қызылдихандық Социалистік Еңбек ері Дүйсенбай Керейтбаев, Ибадулла Ақниязов және Касым Бөдеев – кезінде елдің мақтанышына айналған тұлғалар. Ерен еңбек иелерін туған халқы да ұмытқан жоқ. Д.Керейітбаев атында аудан орталығында үлкен көше бар. Өткен жылы И.Ақниязовтың 90 жылдығы аудан көлемінде аталып өтті. Біздің бүгінгі мақаламыз Қасым Бөдеевке арналып отыр.
Еңбек Ерінің өмірдерегіне аз-кем тоқталатын болсақ, ол 1900 жылы Қарағанды облысының бұрынғы Байқоңыр ауданында дүниеге келген. Тас мешін – ашаршылықта Қырдан Сырға келіп, Аманкелді атындағы колхозға мүше болып кіреді. Қасым Бөдеев күріш өсірумен кешірек айналысты. Яғни 52 жасында. Төрт жылдан кейін жоғары өнімге қол жеткізді. Ол басқаратын звено 40 гектар алқаптың әр гектарынан 51 центнерден өнім жинады. Ал 1956-1966 жылдар аралығында оның учаскесінен жоспарланған 42 центнердің орнына 50-60 центнерден өнім алынды. Осы кезде 66 жасқа келгеніне қарамастан Қасым Бөдеев қайраты қайтпай, ылғи ізденіс үстінде жүреді. Осы жылы көлемі үлкен егістікті аз адам күшімен баптау жөніндегі херсондық дихандардың әдісін естіп, ол звеносымен 80 гектар алқапқа күріш өсіруге мін­деттенеді. Оның қорытындысында да үлкен абы­ройға бөленді.
Қасым Бөдеев күріш өсірудің озат әдістерін өз жұмысына кеңінен енгізіп, оны көпке насихаттап отырған. Активтер мен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кеңесінде тәжірибесін ортаға салып, аудан бойынша күріштен мол өнім алуына ықпал еткен.
– Күріштен мол өнім жинау үшін химиямен,  ғылыммен, озат агротехникамен үнемі достасып, үлкен егіншілікке күш-жігерді толық жұмсап,  жұмыс­ты жан-тәнімен сүйетін болуың керек, – дейді екен даңғайыр диқан.
Күріштен жоғары өнім алғаны үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1966 жылғы 26 маусымдағы Жарлығымен Қасым Бөдеевке «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді.
– Қасым Бөдеев – біздің Тереңөзек ауданында Сыр саласынан мол өнім алып, кеудесіне «алтын жұлдыз» таққан ағамыз. Жергілікті диқандардың барлығына ақылшы ұстаз болған. Ол кісі аудан күрішшілерінің «локоматив паровозы» десек жарасады.
 Біздің аудан да кезінде Қасым ағаның XXI партсъезд атындығы кеңшардағы егістігіне бармаған, оны көрмеген, одан үйренбеген күрішші жоқ. Қасекеңнің өзі бір мектеп еді. КСРО және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары болған Нәзира Сейсенова және Райкүл Жалғасбаева, Бексұлу Синаева, Күләш Әсімова,  даңғайыр диқандар Орынкүл Сүлейменова, Абылай Ситенов, Абат Сүлейменов, Қырғызбай Әлібеков, Бақыткүл Ерғалиева, Балапан Арзымбетова атақты күрішшінің шәкірті болды. Сол сияқты жүздеген есімдерді атауға болады, – дейді бүгінде көзі тірі Қазақстанның еңбек сіңірген ауыл шаруашылық қызметкері Ширек Сқақов ақсақал.
Атақты күрішшінің еңбек жолына тағы бір оралатын болсақ, 1966 жылдың күзінде республикалық газетте: «Социалистік Еңбек Ері Қасым Бөдеевтің звеносы 20 гектар күріш егісінің әрбір гектарынан 107,6 центнерден өнім жинады. Осыншама көлемдегі егістіктен мұндай өнімді еліміздің бірде-бір күріш өсірушісі осы күнге дейін алып көрген емес» деген ерекше хабар жарияланды. Осылайша, даңғайыр диқан, дала академигі Ыбы­рай Жақаевтың ізбасары болып, Сыр елінің мақ­танышына айналған «Ақмаржан» өсірудің майталман маманына айналды.
Қасым аға қарапайым өмірде қандай адам болған деген сұрақ тууы мүмкін. «Батыр  аңғал, ер күдік» дегендей, Қасым аға ақкөңіл, аңғал адам болыпты. Жалғыз ұлы Тұрым үйленгенде ««Еңбек Ері» деген атағым бар» деп тойға мініп жүрген жалғыз атын сойыпты. Той біткен соң «егістік басына мінемін» деп сол атты қорадан іздеп жүрген көрінеді. Одан бөлек «Жоғалған мылтық» хикаясы да бар. Енді оның Қасым ағаның жұмысына қатысы болғандықтан осы оқиғаны сөз етелік.
Өткен ғасырдың 50-60 жылдары күріш өсірудің қиямет-қайым болғанын өз басынан өткен адам ғана түсінеді. Техника жоқтың қасы. Ал күріш болса, үш ай суда тұрып пісетін дақыл. Оны үш ай суда ұстау үшін атыз дайындау керек. Сол атыздарды Қасекең көмекшілерімен бірге қолдап көтерген. Күріш бас алып,  пісті ау дегенде ауылдың жылқы-сиыры «да­йын асқа тік қасық» болып жетіп келеді  екен.Ол заманда бүгінгідей егістікті сыммен немесе шеңгелмен қоршау мүмкін емес. Жұмыс барысында Қасым ағаның бір иығында мылтық, екінші иығында кетпені жүреді екен. Сондай арпалыстан күндердің бірінде Қасекең малды қуып, әбден шаршап шалдығып келе жатып байқаса, мылтығы жоқ. Малды қуып жүріп, бір жерде түсіріп алды ма, жоқ әлде бір жерге қойып кетті ме, есіне түсіре алсашы? Амал жоқ, іздеу керек. Кетпен жоғалса бір жөні болар еді, ал мылтық үкіметтікі. Содан оқиғаның бәрін еске түсіре отырып, атыз-атыздардың бәрі аралайды, мылтық табылмайды. Болмаған соң әбден шаршап күрішші ат басын ауылға бұрады. Есік алдына келген соң аттан түсейін десе арқасында тұрған бірдеңе кедергі жасайды, сөйтсе мылтығы арқасына кетіп қалыпты. Манадан бері ашу-ызасының барлығы тарқап Қасекең күліп жіберіпті. Әдеттегідей, есік алдында шалын күтіп отыратын Күнбала әжеміз шалының басынан өткен оқиғаны естіп бірге күлісіпті...
Қасым аға мен Күнбала әжеден тараған ұрпақтар бүгінде үлкен әулетке айналды. Еңбек Ерінің қызы Гүлжаһан (1938 жылы туған) – 12 баланы өмірге әкелген ардақты ана.  Ұлы Тұрым әкесі еңбек еткен шаруашылықта есепші болып қызмет атқарды. Ол еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер болатын.  Аяулы азамат денсаулығы сыр беріп, 50 жасында көз жұмды. Бүгінде ұл-қыздарының бәрі мұғалімдер. Үлкен қызы Ләззат Нұр-сұлтан қаласындығы мек­тептердің бірінде қызмет етеді. Ұлдардың үлкені Мұрат – көп жылдан бері Қалжан ахун ауылындағы  №126 орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы, бокстан спорт шеберлігіне үміткер. Марат пен Рахат – екеуі де ғылым кандидаттары. Е.А.Бөкетов атындығы Қарағанды мемлекеттік университетінде қызмет етеді. Марат та спортшы. 2015 жылы қазанда Шымкент қаласында өткен көпсайыс бойынша республика чемпионы. Тұрым Бөдеевтің кіші қызы Гүлзат Қызылорда қаласындағы білім ұяларының бірінде ұстаз болса, кенже ұлы Қанат – Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінде ұстаз, ғылым магистрі.
Абзал азамат, атақты күрішшінің ұрпақтары да атасы тәрізді елге адал қызмет етуде. Бұл «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, аға ұрпақ­тың жақсы тәрбиесінің, ұлағатты өнегесінің жемісі.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
18 сәуір 2020 ж. 1 962 0