«Тереңөзектің Жақаевы»
Қазір бұрынғы «Қызылдихан» колхозы болған іргелі шаруашылық тарихында егіннен рекодттық көрсеткішке жетіп, мерейі үстем болған 3 Социалистік Еңбек Ері шыққан. Бүгін елдің мақтанышына айналған тұлғалардың ішіндегі егінжай ері Дүйсенбай Керейтбаевқа тоқталмақпыз.
Даңғайыр диқан 1885 жылы Тереңөзек ауданы аумағында дүниеге келген. Жастайынан ата кәсіппен айналысып, мал баққан. 1929 жылдан бастап «Қызылдихан» колхозына мүше болып кіріп, диқаншылықпен айналысқан.
«Ердің ерлігі ел басына күн туғанда сыналады» дегендей, соғыс кезінде ерен еңбек еткен Дүйсенбай Керейтбаев Отан қорғау қорына 150 пұт астық беріп, танк колоннасын құруға 145 мың сом ақша аударған. Диқан сол кезеңде жылына 800 еңбеккүн тапқан екен. Егер әр жылда 365 күн бар дейтін болсақ, күніне сегіз сағат жұмыс істеген адам 365 қана еңбеккүн табады. Ал қызылдихандық даңғайыр диқан бұл көрсеткішті екі жарым есе орындаған.
Күріш өсіруші Дүйсенбай Керейтбаевтың нағыз еңбекқор жан екендігі туралы Темірхан Оспанов «Әке жолы» кітабында былайша суреттейді:
«Ауылда Д.Керейтбаев секілді күрішшінің аты аспандап тұрған шақ. Соғыс жылдары 15 гектар алқаптың әр гектарынан 120 центнерден Сыр салысын жинап, айды аспанға шығарған. Республикада Жақаевтан кейінгі белгілі адам еді. Жердің қуаты күшті, күтім бар, су астынан сабағы қылтиған Сыр салысы күн санап салмағына салмақ қосады. Ал гектар сайын 100 центнердің үстінде өнім беру биологиялық өлшем бойынша еді. Бұл жердің ішкі қуатын білдіретін көрсеткіш. Д.Керейтбаевтың алқабынан өнім де солай жиналды».
Осындай ерен еңбегі үшін даңғайыр диқанды әріптестері «Тереңөзектің Жақаевы» десе, келіндері «Рекорд қайнаға» деп атады.
Ерен еңбек иесі 1949 жылдың 31 мамырында КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болды. Даңғайыр диқанға қазақтың белгілі ақындары Асқар Тоқмағамбетов, Жақан Сыздықов жыр арнаған. Жалағаштық ақын Т.Үкімбаев Дүйсенбай Керейтбаев туралы поэма жазған.
Абзал азаматтың еңбегін талантты ақындар жырға қосса, тереңөзектік шебер қолөнерші Марқа Қобландин Дүйсенбай Керейтбаев Социалистік Еңбек Ері атағын алғанда өз туындысы сырлы сандықты сыйға тартты. Ол бүгінде аудандық мұражайдың құнды жәдігерлерінің бірі. Бұл баға жетпес экспонатты мұражайға аудандық кітапхананың қызметкері Дүйсенбай атаның немересі Гүлдана Әбенова тапсырған.
Жерлестері даңғайыр диқан, ерен еңбек иесін әрдайым мақтан тұтады. Бүгінде аудан орталығы Тереңөзек кентінен бұрынғы «Қызылдихан» ауылына қарай шығатын үлкен бір көше Социалистік Еңбек Ерінің атында. «Еңбек ер атандырады, даңққа бөлейді» деген өмірлік қағиданың жарқын көрінісі осы болса керек.
Біздің іргелі шаруашылықтан осындай даңғайыр диқан шыққан!