Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Даңғайыр диқан

Даңғайыр диқан

Өткен ғасырдың орта шенінен бастап мәртебелі еңбектен мерейі үстем болып, рекордтық көрсеткішке жеткен егінжай ерлері Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Осындай жоғары атаққа аядай «Қызылдихан» ауылынан үш бірдей азамат ұсынылып, Алтын жұлдызды өңірлеріне тақты.
Жалындаған жиырма жасында Социалистік Еңбек Ері атағын алған Ибадулла Ақниязов, күріштен тау тұрғызған Қасым Бөдеев туралы бұған дейінгі мақалаларымызда жазғанбыз. Бүгін қызылдихандық күрішші Дүйсенбай Керейтбаев туралы әңгіме қозғамақпыз.
Даңғайыр диқан 1885 жылы Тереңөзек ауданы аумағында дүниеге келген. Жастайынан ата кәсіппен айналысып, мал баққан. 1929 жылдан бастап «Қызылдихан» колхозына мүше болып кіріп, диқаншылықпен айналысқан.
«Ердің ерлігі ел басына күн туғанда сыналады» дегендей, соғыс кезінде ерен еңбек еткен Дүйсенбай Керейтбаев Отан қорғау қорына 150 пұт астық беріп, танк колоннасын құруға 145 мың сом ақша аударған. Диқан сол кезеңде жылына 800 еңбеккүн тапқан екен. Егер әр жылда 365 күн бар дейтін болсақ, күніне сегіз сағат жұмыс істеген адам 365 қана еңбеккүн табады. Ал қызылдихандық даңғайыр диқан бұл көрсеткішті екі жарым есе орындаған. Күріш өсіруші Дүйсенбай Керейтбаевтың нағыз еңбекқор жан екендігі туралы Темірхан Оспанов «Әке жолы» кітабында былайша суреттейді:
«Ауылда Д.Керейтбаев секілді күрішшінің аты аспандап тұрған шақ. Соғыс жылдары 15 гектар алқаптың әр гектарынан 120 центнерден Сыр салысын жинап, айды аспанға шығарған. Республикада Жақаевтан кейінгі белгілі адам еді. Жердің қуаты күшті, күтім бар, су астынан сабағы қылтиған Сыр салысы күн санап салмағына салмақ қосады. Ал гектар сайын 100 центнердің үстінде өнім беру биологиялық өлшем бойынша еді. Бұл жердің ішкі қуатын білдіретін көрсеткіш. Д.Керейтбаевтың алқа­бынан өнім де солай жиналды».
Осындай ерен еңбегі үшін даңғайыр ди­қанды әріптестері «Тереңөзектің Жақаевы» десе, келіндері «Рекорд қайнаға» деп атады. Осы орайда бүгінде көзі тірі 93 жастағы ардагер-ұстаз Фания Файзуллинаның естелігіне кезек берелік:
– Дүйсекең үлкен қайнағам еді. Атпалдай ірі кісі болатын. Кетпенінің өзі қазанның қақпағындай үлкен еді. Соғыс кезінде колхозда трактор жоқ. Егістік алқапты қолдап, кетпенмен аударатын. Еңбегіне сай өнімі мол болды. Танк колоннасын құруға ақша аударатын кезде өзі жұмыстан босай алмай, туған ағасы менің қайныатама өтініш айтқан екен. Атам Тереңөзекке барып, жинақ кассасына Дүсенбай ағаның жарты қап ақшасын өткізіпті. Диқан аға қарапайым, керемет жақсы адам болды. Адал еңбегімен ел құрметіне бөленді, – дейді Фания әжей.
Ерен еңбек иесі 1949 жылдың 31 мамырында КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Даңғайыр диқанға қазақтың белгілі ақындары Асқар Тоқмағамбетов, Жақан Сыздықов жыр арнаған. Жалағаштық ақын Т.Үкімбаев Дүйсенбай Керейтбаев туралы поэ­­ма жазған. Сол поэмада атақты диқан еңбек ететін «Қызылдихан» колхозына арналған мынадай жолдар бар.
Қарқыны күшті ел екен,
Қаптаған қара дауылдай.
Игеріпті бәрін де,
Қапқа салған қауындай, – деп баға берген.
Абзал азаматтың еңбегін талантты ақындар жырға қосса, тереңөзектік шебер қолөнерші Марқа Қобландин Дүйсенбай Керейтбаев Социалистік Еңбек Ері атағын алғанда өз туындысы сырлы сандықты сыйға тартты. Ол бүгінде аудандық мұражайдың құнды жәдігер­лерінің бірі. Бұл баға жетпес экспонатты мұра­жайға аудандық кітапхананың қызметкері Дүйсенбай атаның немересі Гүлдана Әбенова тап­сырған. Жерлестері даңғайыр диқан, ерен еңбек иесін әрдайым мақтан тұтады. Бүгінде аудан орталығы Тереңөзек кентінен бұрынғы «Қызылдихан» ауылына қарай шығатын үлкен бір көше Социалистік Еңбек Ерінің атында.
«Еңбек ер атандырады, даңққа бөлейді» деген өмірлік қағиданың жарқын көрінісі осы болса керек.


Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
02 маусым 2020 ж. 800 0