Майдангердің өмір жолы мен хаттары
Менің әкем Байменов Әбдіхалық қазіргі Сырдария ауданы көлемінде Байзақ болысында 1898 жылы дүниеге келген. Алғашқыда әкесі Бәймен ахуннан сауат танып, оқуын Троицк қаласындағы «Расулия» медресесінде жалғастырады. 1918 жылы сол қаладағы жаңа әдіспен бала оқытатын бір жылдық мұғалімдер курсын бітірген.
1919 жылы қазіргі Жалағаш ауданы орталығында алғашқы мектеп «Ақсу» интернатын ашып, бала оқытады. 1924-1929 жылдар аралығында Қызылорда округтік халық ағарту басқармасының бұйрығымен Тереңөзек ауданының «Айнакөл» мектебін басқарады. Заман талабына сай білімін толықтыру мақсатында 1923 жылы Қызылорда халық-ағарту мұғалімдер институтына (Казинпрос) оқуға түсіп, оны 1932 жылы бітіріп шығады. Иститутта оқып жүріп «Колхозтехникумда» қысқа мерзімді курстарда дәріс беріп, округтік халық ағарту басқармасының мүшесі ретінде мәдени ағартушылық жұмыстардың жақсаруына үлес қосады. Сонымен бірге «Лениншіл жас», «Социалды Қазақстан», «Жас маман» газеттерінде тілші ретінде шығармашылықпен айналысады. 1932 жылы институтты бітіргеннен кейін Халық ағарту комиссарының (Наркомпростық) жолдамасы бойынша Түркістан қаласындағы облыстық кеңес партия мектебінде және педтехникумда оқытушы болып 1936 жылға дейін істейді. Жолдама мерзімін аяқтап, 1936 жылы Қызылорда қаласындағы №6 мектеп пен ауылшаруашылық техникумында өз мамандығы бойынша дәріс береді.
1941 жылы соғыс басталғаннан кейін көп ұзамай №6 мектеп жабылып, ғимараты әскери госпитальға беріледі. Сол аулада тұрған мұғалімдердің отбастары пәтерлерінен шығарылады. Әкем үй ішін Тереңөзек ауданының «1 май» колхозына көшіріп, өзі сол ауылдағы мектептің директоры болып қызмет атқарады. Ол 1942 жылы 29 қазанда әскер қатарына алынды.
Соғыстан оралмаған осы майдангердің артында қалған жалғыз тұяғы мен көп жылдардан бері әкемнің жауынгерлік жолын зерттеп, ізденіп келемін. Ұлы Отан соғысы Жеңістің 75 жылдығында осы зеттеуімнің нәтижесінде, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан азаматтарымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа жеткізу – бізге міндет.
1942 жылы 29 қазан күні қазіргі Сырдария ауданы С.Сейфулин ауылынан менің әкем Әбдіхалық Байменов және Әбілда Күзембасов, Байзақ Жаманов, Оразақ Кеделбаев, Әбдіхалық Омаров, Дауылбек Аманбаев, Мұхамедияр, Смайл, Аққұлақ Отанды қорғауға аттанды.
Ақмола қаласында 1942 жылдың қараша айында жасақталған 286 атқыштар дивизиясы 994 атқыштар полкі құрамында 21 желтоқсан 1942 жылы соғысқа кіреді. Бұл жөнінде әкем 1942 жылғы 14 желтоқсандағы хатында: «5 желтоқсан күні Ақмоладан пойызбен шығып, 14 желтоқсанда Ленинград облысындағы Тихвин қаласына жақындап тұрмыз, әзір пойыз үстіндеміз» деп жазыпты.
286 атқыштар дивизиясы жауынгерлерін қанды шайқасқа ешбір әскери дайындықтан өткізбестен қатыстырғанын пайымдауға болады. Менің әкеммен бірге соғысқа қатысқан ауылдастарының барлығы дерлік орыс тілін білмейтін, хат-сауаты да аз адамдар еді. Елге хат-хабарды осы жолдастары атынан жазып, хатта елде қалған «Ес білерлік ер-әйел азаматтар армия семьясына, жас балаларына көз қырын салыңдар, береке – бірлікте» – деп сәлем жолдаған. Әкем 1943 жылдың 22 қаңтар күні ауыл ақсақалы Есқұлыға жазған хатында: «21 декабрден бері майданның нақ өзіндеміз. Ауыл адамдарынан 19 қаңтар күні Оразақ, Әбдіқалық, Мұхамедиярды көрдім. Аман, дені сау! Тағдырдың жазуы шығар, 1943 жылы 12 қаңтарда Байзақ Жаманов, Әбілда Күзембасов жаумен күресте ерлікпен қаза тапты. Туғандарына көңіл қос айтамын, сабыр берсін. Біздің бала-шағаға көз қырын салыңыз. Әрі аға, әрі жақын адам едіңіз, Сізге айтпай кімге айтамыз?! Атаның көзін көрген» – деп жазыпты.
Менің әкем осы шайқастан аман қалғанымен өзімен майданға бірге барған ауылдастары Байзақ Жаманов 1943 жылы 12 қаңтарда қаза тауып, Ленинград облысы Мга ауданы Помень елді мекеніндегі №37 зиратқа, Әбілда Күзембасов 1943 жылы 13 қаңтарда қаза тауып, Мга ауданы №3 полктық зиратқа, ал Оразақ Кеделбаев 1943 жылы 4 наурызда Мга ауданындағы полктік зираттың №48 зиратына жерленген.
Әкем өз ауылдастарымен бірге 86 атқыштар дивизиясы, 330 атқыштар полкі, 4 атқыштар ротасы құрамында Мга ауданындағы шайқаста 1943 жылы 18 қаңтарда Шлиссельбург қаласын азат етуге қатысқаны осы дивизияның «Жауынгерлік жолы» құжатынан анықталып отыр. Бірнеше ауылдастары осы ұрыста қаза тауып, Мга ауданындағы полктік зираттарға жерленгеніне көз жеткіздік. 1943 жылы 29 қыркүйек жазған хатында: «Қарағым Іскендір, Мәжит, Торшан, Рақымжан, Тимур дендерің сау ма? Сырттағы балалардан хат не бөтен хабарлар болған жоқ па? Ұзақбайдан хат келіп тұр ма? Ауыл тегіс аман ба? Менен қарттарға, азаматтарға т.б. сұраған жанға сәлем. Майдандамын, денім сау, жағдайым жақсы. Қыркүйектің үшінде үш хат алып едім. Одан кейін Іскендірдің 28, Темурдың 22 тамыздағы хатын ғана алдым. Осы хатпен мына анықтаманы жіберіп отырмын, я қазір, я түбінде (келешекте) бір керегі болар. Разипа! Қалай ден сау ма? Балаларың азамат болғанша жетімсіретпей бағатындай болып ширап келесің бе? Халықпен бірге көрген жұмыс. Талай маңғаз, сырбаз боздақтар, жастар жүр ғой майданда. Бауырың есен болып, ағаларың аман болса, қазір-ақ жетігіп кетер. Тіршілік етіп тырбанып, халық қатарынан қалмау керек. Бәрің де аман бол! Қош! 29 қыркүйек 1943 жыл. Апама, Сұңғатқа, Сейітжанға, Күлғаншаға, Қатираға сәлем» делінген.
86 дивизияның «Жауынгерлік жолы» туралы құжатында 1944 жылдың қаңтар айында Александровск станциясы үшін болған шайқаста 80 процент жауынгер қаза тауып, қайта толықтырылғаны жазылған. 1944 жылдың 15 ақпан мен наурыз айы аралығында Псков бойындағы ұрысқа да қатысқан. Іздену нәтижесінде ғаламтордан 86 атқыштар дивизиясы, 330 атқыштар полкінің 1944 жылғы 13 шілдедегі №025 Н нөмірлі бұйрығы табылды: «Президиум Приказ от имени Верховного Совет ССР награждаю Медалью «За боевые заслуги» Стрелька 4-й стрельковый Роты рядового Абдукалика Байменова за то, что он 08. 04.1944 года в бою по деревней Оленино при отражении вражеской контратаки, лично уничтожил трех немцев. 1898 года рождения, призван Терень-Узяком РВК, Кызыл-Ординской области, легко ранен в 1943 году».
Әкем 1944 жылы 12 мамыр жазған хатында былай деп жазған: «Төрт айдай елден дым хат болмай, 6 мамырда Рахымжан мен Сұңғаттың 14-18-19 сәуірдегі хатын алып, елдің, сендердің амандығыңды естіп, өте қуандым. 20 наурыздан соң менің де жазып отырғаным осы. Жағдай солай болды. Уайым етеді демеңдер, жаманшылық суық хабар болса жасырмай жаз. Менен үлкен-кіші барлық жанға сәлем. Майдандамын, ден сау тірімін. Сәуірде соғысқа кіріп аман шықтым. Осы мекенжайға үзбей хат жаз. Аман болып, сау жүрсем, мен де жазармын. Қош! Анама, апама, Разипаға... Сұңғатқа, Рақымжан, Сәбит, Камалға, келіндерге сәлем. 7 сәуірде Мәнсүр мен Іскендірдің хатын да бүгін алдым. Полевая почта 37586-Ч Байменов Әбдіхалық».
1944 жылдың сәуір айында 86 атқыштар дивизиясының шабуылға шыққаны, осы шайқаста әкемнің немістің үш солдатының көзін жойып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны айдай анық болып тұр.
Майдандағы әкем жайындағы деректерді анықтау мақсатымен бірнеше рет Подальск қаласындағы Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіне хат жолдаған едім. 2013 жылдың қараша айының 11 күні келген жауап хатта әкемнің 1944 жылы 18 шілдеде жарақат алғаны, 330 атқыштар полкінің 2 батальонның жауынгерлері есебінен №200 бұйрығымен шығарылғаны жазылған. Бірақ оны емдеуге қайда жіберілгені беймәлім. Сонымен әкемнің 570 күн бойы майданда алғы шепте тірі жүріп, жаумен айқасқаны тайға таңба басқандай толық анықталды. Әкемнің Отаннын, халқын қорғап, кеудесінен жаны шыққанша ерлік жасағаны кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге.
Әкем майданда жүргенде хатты өлең түрінде де жазған еді. Оны да назарларыңызға ұсынып отырмын.
Рақымжан қажы Бәйменов,
майдангердің ұрпағы,
тыл және еңбек ардагері,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы.
Сағынышты хат!
Қуатты отырсыз ба, ғазиз анам?
Сағынып хат жазғалы алдым қалам.
Аман ғып Сізді онда, бізді мұнда
Көруге жазғай енді Хақ Тағалам.
Разипа, аманбысың, жан жолдасым,
Болғанда өмір-серік жар жолдасым.
Балалар бауырыңдағы есен-сау ма?
Ермегің қаңғыр-күңгір жан мұңдасың.
Рахымжан, келемісің азамат боп,
Сыртыңнан жұрт санайды азамат деп.
Қуанам жүрегіме демеу санап,
Тапсырдым бір Құдайға аманат деп.
Райханым, денің сау ма сеніңдағы,
Перзент қой ержігіттің көңіл бағы
Сабитжан дені сау ма, шауып жүр ме?
Тілектес, Роза, Бақыт және-дағы.
Келе ме жігіт болып Этен, Болат
Болғанда бірі құйрық, бірі қанат.
Дариғай, тағы арман қала ма еді!
Қауышсақ туған елде Құдай қалап.
Іскендір, Темір, Мәжит денің сау ма?
Ағаңа хат жазып тұр есен сауда.
Хат алып қанып тұрсам амандықта
Шыққандай бір боламын биік тауға.
Аман ба елдің тегіс азаматы?
Сиректеу жатыр келіп жазған хаты.
Елден хат үстін-үстін келіп тұрса,
Ағаңның көтерілед көңіл шаты.
Жүрсің бе аман есен, келіндерім?
Тылдағы еңбек ері ерендерім.
Қауышса елге есен жолдастарың
Бөленер қуанышқа көңілдерің.
Елдегі аманбысың құрбыласым,
Болған да заманы бір тұрғыласым.
Әбдіхалық Бәйменовтің
майданнан жазған хатынан