Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТОҚСАННЫҢ ТӨРІНДЕ

ТОҚСАННЫҢ ТӨРІНДЕ

Ауданның Құрметті азаматы, белсенді ардагер Рахымжан Әбдіхалықұлы Бәйменов осы жылдың 31 шілдесі күні торқалы тоқсан жасқа толады. Саналы ғұмырын халық ағартушылық саласына арнаған ақсақал қазірде қоғамдық жұмыстардың алдында жүреді. Өнегелі өмір жолымен жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге үлкен еңбек сіңіріп жүрген ширақ қимылды қарт ардагерлер арасында шахмат, бильярдтан аудан жеңімпазы. Өмірден көргені мен көңіліне түйгені көп қария туралы мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.

Редакциядан
Балалық шақтан естелік

Өмірден көргені мен көңілге түйгені көп қазыналы қарт деп осы Рәкең туралы айтса керек көпшілік. Тоқсанға екінің бірі келе бермейді. «Алла Тағала сүйген құлына ұзақ жас береді» дейді хадисте. Осы орайда сүйегі асыл ардагердің өткен өмір жолына тоқталатын болсақ, оның ғибратты өмір кешіп келе жатқанын аңғарамыз. Ол 1929 жылы Қараөзек саласының солтүстігінде орналасқан «Алтын төбе» деп аталатын жаз жайлауда дүниеге келген. Әкесі Әбдіхалық атасы Бәймен Ахуннан дәріс алып, кейін Тройск қаласындағы «Расулия» медресесінде оқыған. 1917 жылы медресені бітіргеннен соң жаңа әдіспен оқытатын біржылдық мұғалімдік курста оқып, еңбек жолын қазіргі Жалағаш кентіндегі «Ақсу» мектеп-интернатында мұғалімдік қызметтен бастап, осы мектепте 1924 жылға дейін жұмыс жасаған. Содан кейін Қызылорда округтік халық ағарту бөлімі Әбдіхалық Бәйменовті Тереңөзектің «Айнакөл» мектебінің меңгерушісі, мұғалімі етіп тағайындаған. Осы мектепте 1929 жылға дейін ағартушылық қызмет жасап, белгілі ғалым Әлішер Тоқмағанбетовке, ауданға белгілі азаматтар Төлеген Досымовқа, Қатыраушан Тәңірбергеноваға дәріс берген.
Мұнан соң заман талабына сай білімін толықтыру үшін Қызылорда қаласындағы мұғалімдер инсти­ту­тына (Казинпрос) оқуға түседі. Отбасындағы алты жанды асырау үшін оқумен қатар Қызылорда колхоз-техникумында, қысқы мерзімдік курстарда сабақ берген. 1929-1932 жылдар аралығында «Лениншіл жас», «Социалды Қазақстан» газетінде тілші болып, елдің қоғамдық-саяси мәдени өміріне белсене араласқан. 1932 жылы «Казинпросты» Сыр бойының алғашқы ағартушылары Шәмші Көшекбаев, Әділ Айзонов, Сейткамал Усабаевтармен бірге бітіріп, Халық ағарту комиссиариатының жолдамасымен Түркістан қаласындағы Кеңес-партия мектебі мен педагогикалық техникумға оқытушы болып орналасады.
– Ашаршылық басталғанда Қызылорда қаласының Полтарацкий көшесінде тұрғанымызда отбасын абыржытқан бір оқыс оқиғаның болғанын шешем айтып отыратын, – дейді Рахымжан аға.
– Мен 3 жасар кезімде ауладан көшеге шығып кетіп, Сарқырама каналының көпірі үстінде жылап тұрыппын. Бір фаэтон айдаушы жанына отырғызып, өз үйіне алып кетіпті. Сірә, оның баласы жоқ кісі болса керек, мені үйіне алып барып талқанға тойғызыпты. Ал әке-шешем мені 2-3 күн бойы зар қағып іздеп, шарқ ұрып Қызылорданың шағын кезінде әрең дегенде фаэтоншының үйінен тауып алыпты.

Түркістанда


Бәйменовтер отбасы Түркістан қаласында 1932-1936 жылдары облыстық кеңестік партия мектебінің ауласында мұғалімдерге арнап салынған пәтерде тұрған. Бұл отбасы педагог әкенің арқасында ашаршылық зардабын тарта қоймаған. Қазір 90 жасқа келген қарияның 3-4 жасар кезінде еміс-еміс есінде қалған жайлары да бар. Мәселен, ауласындағы қоқыстар салатын ағаш қораптың ішіне түсіп, күл-қоқыстың ішінен өзіне қорек іздеп жүрген өңі өте жүдеу кішкене бала әлі күнге есімде дейді. Сонымен қатар, көшеден теріп алып арбаға тиеген барынша арыған жас балаларды да көзі көрген.
Голощекиннің қолдан жасаған ашаршылығынан бұл әулеттен де ондаған адамдар қаза тапқан. Әбдіхалық Бәйменұлы ата-аналары ашаршылықта опат болған немере ағаларының балаларын өз қолына алып, Жүсіп баласы Әбжамалды есепшілік мамандығына оқытса, Ахан баласы Скендірді педтехникумға, Жүсіп баласы Әбдіғаппарды мектепке оқуға беріп, ашаршылық апатынан аман алып қалды.
– Түркістанда туылған Райымжан атты інім бір жасты да толтырмай қайтыс болды. Мен де қатты науқастанып, талықсып кеткен екенмін. Әке-шешем менен де күдер үзіп, бетімді ақ шүберекпен жауып қойыпты. Сәлден кейін менің қимылдауымнан тірі екендігімді сезген ата-анам бетіме жабылған ақ шүберекті ашып, жылағандарын қойып, қуанып қалыпты,- дейді Рахымжан аға азабы мол ашаршылық жылдарды еске алып.
Әбдіхалық Бәйменұлы кеңес-партия мектебінің директоры Тереңөзектік Қарақойлы Мұратбаев Нұрмағанбетпен, өзінің туыс-ағайындары - «Қызыл Түркістан» газетінің редакторы Абдрашит Бердаулетовпен Түркістандағы ет комбинатының басшысы Әбжаппар Жанаевтармен қатысып тұрған. Жан-жаққа қоныс аударып, ауып жүрген ағайындары да осы отбасына келіп тұрады екен.
Сол жылдарда Түркістан қаласы мен темір жол вокзалы арасы ашық елсіз болыпты. Дүрманбатты Әсет деген туысының үйі вокзал жанында, өзі теміржолда істейтін. Бір рет бала Рахымжан қаладан вокзалдағы туысының үйіне ұлықсатсыз кетіп қалғаны үшін әкесінен таяқ жей жаздапты. Әкесімен бірге Қожахмет Яссауидың кесенесіне зиярат етуге баратыны және кесене жанындағы моншаға түсетіні есінде еміс-еміс сақталыпты.


Қызылордада

1936 жылы әкесі Әбдіхалық Бәйменұлы Халық ағарту комиссиараты жолдамасының мерзімін абыроймен аяқтап, Қызылорда қаласына көшіп келген. Ол №6 Темір жол мектебіне оқытушы болып тағайындалып, осы мектептің ауласындағы мұғалімдерге арналып салынған пәтерге қоныстанады. Үй ішін орналыстырып болғаннан кейін баласы Рахымжанды қасына ертіп Тереңөзекке келеді. Тереңөзекте әріптесі, досы әрі құрдасы Абдупаттаев Оспанның үйіне түсіп, ауылға баратын көлік күтті. Ауылдағы ағайын-туыстар Тереңөзек станциясының солтүстігінде 10 шақырымдай жерде «1-май», Құндызды деген колхоздарда тұрады екен. Ашаршылық зұлматынан естерін жинай бастаған ағайын-туыстар бір-біріне тіркестіріп, бір бөлмелі шағын, тәпелтек баспаналар салып алған. Талай қиыншылықтарды бастан өткірген ағайындар өте бауырмал, әкелі-балалы жандарды құшақтарына алады. Бәймен ахунды көзі көрген ақсақалдар әкесін төрге отырғызып, атына мағзұм деген сөзді тіркеп айтып, ұзақ әңгімелеседі. Ауыл ақсақалдары: Бұланбайдың Тұрғанбайы, Қосбармақтың Есқұлысы, Керімқұлдың Рахметі, Сәмен, Төлеу, Төлептің Рахметі мен Алмағанбеттер.


«БӘРІ МАЙДАН ҮШІН»

Рахымжан Бәйменов 1941 жылы мамыр айында бас­тауыш мектепті мадақтау грамотасымен бітірді. Әкесі оны алдына алып, маңдайынан сүйіп: «Менің Рахжаным мықты азамат болады, мектеп бітіргеннен кейінМәскеуде жоғарғы оқу орынында оқиды», - деп қуанышын білдіреді. Бала Рахымжанның балалық шағын соғыс өрті шарпыды. Ауылда қалған қарттар мен әйелдер бала-шаға таңның атысы, күннің батысы колхоздың жұмысына жегілді. Сол кезеңді Р.Бәйменов қарт былай еске алады:
–12 жастағы менің ат үстіне отырып, соңыма 5-6 атты жетектеп бидай бастырып, астықты есекке артып, Тереңөзектегі астық қабылдау пунктіне тасығанымыз әлі күнге дейін естен кетпейді. Әйелдер күрішті қолмен орып, баулап, оны қырманға арқалап тасиды, қырманнан қашықта орылған күрішті, өгіз арбамен тасып, қырманға жинайды. Жиналған күрішті МТС-тан келген молотилка арқылы бастырады. Бір сөзбен айтқанда, соғыс кезінде тылда жұмыс еткен жас балалардың, әсіресе, әйелдердің бастарынан өткен қиыншылықтарды түгел баяндап беру мүмкін емес, – дейді ол.
Әкесі Әбдіқалық Бәйменұлы «1-май» жетіжылдық мектебінің директоры болып қызмет істеп жүргенде 29 қазан 1942 жылы әскер қатарына шақырылады. 5 желтоқсан 1942 жылы жазған хатында Ақмола қаласында Қазақстандық дивизия болып жасақталып, Ленинград майданына поезд үстінде кетіп бара жатқан хабарласа, ал 21 желтоқсан 1942 жылы майданның дәл өзінде соғыста жүргенін мәлімдейді. Бұдан кейін хабар-ошарсыз кетеді.
1943 жылдың көктемінде «1-май» колхозына Қазақ ССР Жоғарғы советі президиумының төрағасы Қазақбаев Әбсамат келген. Қасында мектеп директоры Қодар ағай, тағы бір екі кісі бар. Алдыңғы партада отырған Рахымжанды Төрехан ағай: - Озат оқушы, әкесі майданда соғыста деп таныстырып, одан кейін оқушы қыздардың майданда жүргендерге арнап жүн шұлық, қолғап тоқып жіберіп жатқанын, жалпы оқушылардың сабақтан тыс уақыттарда колхозда майдан үшін, жеңіс үшін қолдан келген көмектерін жасап жүргенін айтқан.
Соғыс және соғыстан кейінгі кезеңдерде сансыз қиыншылықтарды бастан өткерген. Рахымжан қарт тынбай ізденіп жүріп, ғаламтордан соғыста хабарсыз кеткен әкесінің дерегін тапты. Ол 83 атқыштар дивизиясының 330 атқыштар полкының 1944 жылғы 12 шілдедегі № 52 бұйрығы еді. Осы бұйрықта 330 атқыштар полкына қарасты 4 взводының жауынгері Бәйменов Әбдіқалықтың Ленинград облысындағы Оленино селосындағы шайқаста немістің көптеген солдатының көзін жойған ерлігі үшін «За боевые заслуги» медалімен наградталғаны жазылған. Осыдан кейін 83-ші атқыштар дивизиясының Ұлы Отан соғысының кезіндегі жауынгерлік жолын интернеттен тауып алу қиындық тудырған жоқ. Осы атқыштар дивизиясының 330 полкі құрамында әкесі шамасы 650 күн действующая армия қатарында қан майданның дәл өзінде шайқастарға қатысқан. Тағы бір айта кететін жәйт, осы 330 атқыштар полкының құрамында Ресей президенті В.В.Путинның әкесі Владимир Спиридонович Путин соғысыпты.


ЕСЕЮ ЖЫЛДАРЫ

Р.Бәйменов аудан орталығындағы №35 М.И.Калинин атындағы орта мектепті 1946 жылы бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне оқуға түсті. Жоғарғы оқу орнында отбасы жағдайына байланыс­ты көп оқи алмады. Бірінші курсты тәмамдаған соң, анасы төсек тартып жатып қалғандықтан оқуды тоқтатып, ауылда мұғалімдік қызмет етуге тура келді.
Халық ағарту саласында еңбек ете жүріп, Қызылорда педагогикалық училищесін жедел бітіріп, мамандық алды. Аудан орталығында өзі білім алған мектепте еңбек етіп, алғырлығымен, жасқа тән жігерлігімен көзге түскен Р.Бәйменов білім ұясының жастар жетекшілігіне сайланды.
Бүгінгі «Жалын» лагерінің бұдан 67 жыл бұрын негізінін қалануына Рахымжан ағаның еңбегі сіңген. Қиыр шығыста Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген абзал аға өзінің осыншама жасқа жетуіне әскери өмірдің ыстық-суығына шынығуының септігі болды деп есептейді. Әскерден кіші лейтенант шенімен елге оралған Р.Бәймеов №126 «Қызылдихан» мектебінде мұғалімдік қызметін жалғастырды. Отау көтерді. Сырттай оқып, жоғары білім алды. КПСС мүшелігіне қабылданды. Саяси сауатты, білімдар азамат 1964 жылы Сырдария селолық, өндірістік, партия комитеті «Білім» қоғамының жауапты хатшылығына бекітілді. Аудандық партия комитетінде 14 жыл еңбек етті. Сектор меңгерушісі болды. Жалпы бөлімге басшылық етті. Бұдан соң білікті педагог аудан орталығындағы кешкі мектепті басқарып, зейнет демалысына шықты.
Құдай қосқан қосағымен бірге 9 бала тәрбиелеп, олардан 20-дан астам немере 4 шөбере сүйіп отырған Бәйменовтер отбасы 2018 жылы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауынан бас жүлдесін жеңіп алды. Қадірменді қарт ағарту саласымен қатар қасиетті, дәстүрлі дініміздің тұрғындар жүрегіне орнығуына, жастарды имандылыққа баулуда белсенді қызмет жасап келеді. 2019 жылдың наурыз айында қызы Индирамен бірге Мекке-Мединаға сапар шегіп, қажылық парызын орындап келді. Қадірменді қария аудан өміріне белсенді араласып, оның өркендеуіне ерекше үлес қосқаны үшін ауданның «Құрметті азаматы» атағына ие болды.


Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
27 шілде 2019 ж. 791 0