Сағыныш толы сарғайған хаттар
Тереңөзек ауданында Шолақарық ауылындағы Каганович ұжымшарында туған Әзиз Ұзақбаев Қызылорда қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Содан кейін Ташкенттегі жасөспірімдер үйінде оқып, білім нәрімен сусындаған.
Әзиз көкем 1930 жылы Қазан қаласындағы жұмысшылар факультетін үздік бітіріп облыстық орман- тоғай шаруашылығы мекемесінің директоры болып жүргенінде Воронеж қаласына бір жылдық курсқа жіберіледі. Оны бітіргеннен кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық және Шыршық, Бостандық, Түлкібас аудандарында орман-тоғай мекемелерін басқарды. Ол кезде шаруашылық басшылары жиі ауыстырылады екен. Осындай аласапыран кездерде Әзиз көкем Түлкібас аудандық «Социалистік егінші» газетінің редакторы болып тағайындалып, сол жылдары ел мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан.
1938 жылы Түлкібас ауданының аудандық кеңесін басқарып, елмен етене араласып, шаруашылықтың экономикасы мен мәдениетін алға жылжытуға мұрындық болған. Содан кейін басшылық істерде шеберлігін шыңдай түскен.
Ол әскер қатарына шақырылып бір жылдық атқыштар полкіне курсант болып қабылданады. Оны бітірген соң кіші лейтенант атағы беріліп, №1 таулы атқыштар полкінде взвод командирі болады. Әскери қызметін өтеген көкем 1941 жылға дейін Түлкібас аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарған. Соғысқа аттанғанға дейін де, аттанғаннан кейін де өзінің кенже інісі Нұртайға (менің әкем) келіні Айттықызға (менің анам) үзбей хат жазып хабарласып тұрған. Енді сол сағыныш толы сарғайған хаттарды сөйлетсек...
«Қарағым, Нұртай! Соңғы 9.08.1942 жылғы хатыңды алдым. Жеңістің (інісі Нұртайдың баласы) өлгенін естіп, қабырғам қайысты. Бала шыр етіп дүниеге келген соң, әрбір қылығы: жүрген жүрісі, күлген күлкісі адамның көңілін жадыратпай ма? Соның бірі Жеңіс еді ғой. Соғыс зардабынан соң тәрбиесіне көп көңіл бөлінбеді-ау. Қайтейін қолдан дәрмен жоқ. Өздерің аман болсаңдар бала көп. Шәкір (Тәжібаев, туысқаны, құрдасы) соғысқа аттанатын болған соң ауылға барып, амандасып қайтуға жіберілген жоқ. «Шешем өлді, ағам әл үстінде жатыр» деген соң жіберілген. Одан мен жайлы біраз хабарды естіп қалған шығарсыңдар. Ендігі жаңалық біз ертең 11.08.42 күні тегіс майданға аттанғалы тұрмыз. Баратын жеріміз ана жылы оқып келген жақ болуы мүмкін. Бүгін естіп, апас-қапас әзірленіп жатырмыз. Бірақ, Тереңөзек станциясының үстінен қай күні өтетініміз белгісіз. Осыным Алматыдан жазған соңғы хатым болар. Тоқа (Тоқсейіт үлкен ағасы) сізді де қашанғы қояр дейсіз, майданға кетерсіз. Ақылдарыңызды айта беріңіздер. Біздер Отан қорғау жолында бала-шағадан елден жырақ жүргенде, олар тату-тәтті тапқандарып бөліп жеп, бірлесіп балаларды тәртіпті етіп өсіріңдер. Жауды жайратып, тірі барсақ жөні болар. Мені сұраған жандарға түгел сәлем айт!
Күлайша, Бибісара, Рәзия, Айттықызға көп-көп сәлем! Тату болыңдар, ауызбірлікке ештеңе жетпейді. Сөйтіп, үш-төрт баланы тәрбиелеңдер, өздерің көр болмаңдар, халық алдында ұятқа қалмаңдар. Көзімнің қарашықтары балапандарым бәріңді шөпілдетіп сүйдім. Қош қалқам, Нұртай! Сәлеммен, Әзиз. 10.08.1942 жыл».
Майдан шебінде жүріп жазған хаттары да ет жүрегіңді елжіретеді.
«Нұртай! Бұрынғы тұрған жерден шығып, екі күн поезбен, 5 тәулік жаяу жүріп майдан болып жатқан жерге жеттік. Жүрген жерім қалың тоғайдың іші. Жатқан жеріміз күрке, күн суық. Күннің көзін көп көрмейміз. Майданға екі-үш күннен кейін кірісеміз. Біздің жүрген жеріміз Калинин облысы. Қай жерде соғысып жатқанымызды айтуға болмайды. Осы жерде Баяттың Бастау деген баласын көрдім. Қасында Пірімжанның баласы бар екен. Шәкірді көрмегелі бір айдан асты. Бір-бірімізге кездесуге қол тимейді. Басқа не айтайын? Жазатын әңгіме де көп. Көрген білгенді жаза берсе таусылмайды және құпия ғой. Қалқаларым, қош. Нұртай, менен сәлем айт. Хатты үзбей жаз. Тоқсейіттің адресін жіберіңдер. Хош, Әзиз, 8.11.1942 жыл».
«Қарағым, Нұртай! Мен 8 желтоқсанда кешкі сағат 4-5 шамасында жауға қарсы шабуыл жасап бара жатып жаралы болдым. Сол аяғымның бас бармағын оқ қақ жарып өтіп кетті. Менің взводымнан 5-6 әскерім жаралы болды. Аздап өлгендері де баршылық. Бұл Калинин қаласы үшін айқаста болған оқиға. Қазір Калинин қаласынан 50-60 шақырым жерде Торток деген қаланың маңында госпитальда жатырмын. Аяғыма ешнәрсе етпес. 10-15 күнде жазылып кететін шығар, сүйегі де бітер. Шәкір мен көргенде аман болатын. Ал осыдан жазылған соң тағы соғысқа кірісеміз. Амандықтарыңды білдіріп жедел хат сала бер. Бірі болмаса, бірі тиер. Қорықпаңдар, тәуекел. Басқа түскенді көрерміз де. Балаларды дұрыс тәрбиелеңдер. Сәлеммен Әзиз 16.12.1942 жыл».
«Қарағым, Айттықыз! Сенің сәуірде салған хатыңды 5 мамыр күні алып қуанып қалдым. Нұртай ініме қиын болды ғой. Хатты өте қысқа жазғансың. 8 айдан бері хат алмағандықтан, құмарым қанбады. Алдағы уақытта хат жазғанда барлық нәрсені қамтып, ұзағырақ жаз. Шәкір де (Тәжібаев) аман. Бір взводтың командирі. Анда-санда кездесіп тұрамыз. Мен өз қарауымдағы атқыштар жайлы айтсам, олар Мәншүк Мәметованы мақтан тұтады. Қазақтың қызы талай немісті жер жастандырыпты. Бұл мақтауға тұрарлық. Аман болсақ олармен де кездесерміз. Хош, амандықпен қауышайық!
Сәлеммен, Әзиз 5.05.1943 жыл».
Осыдан ет бауырыңды елжіретерлік хат сап тиылды. Үй-отбасы зарыға күтіп отырғанда 1943 жылы Киевте бір көпірді қорғау кезінде ерлікпен қаза тапқандығы жайлы қара қағаз келді.
Шешелеріміз Рәзия мен Айттықыз осы сағынышқа толы сарғайған хаттарды көзінің қарашығындай етіп сандық түбіне сақтады. Өлдіге қимады. Батысқа қарап елеңдеумен күн өтті. Ізетті жолмен анамыз Айттықыз қайынағаларының атын атаған емес. Артында қалғандарға үлгі болсын деп жақсы істерін әңгіме етіп отыратын. Ер азаматтың ісіне нәзік те болса өзі араласты. Елдің көркеюіне үлес қосқан, әулетіміздің анасы болған анамызды Ұлы Жеңістің 60 жылдығына жете алмай бақилық болып кетті. Бұл күнде бұл кісілердің бәрінің топырағы торқа, әруағы риза болсын деп тілегеннен басқа не айтамыз. Елде тек тыныштық болып, әке-шешелеріміздің көрген қиындықтары қайталанбаса екен дейміз.
Алтын НҰРТАЕВА,
ардагер-ұстаз
ардагер-ұстаз