Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран
Майдангер Айдар Әбілпаттаев 1910 жылы Тереңөзектегі Қызыл орақ колхозында дүниеге келген. 1924 жылы бастауыш қазақ сыныбының табалдырығын аттаған оның қиындыққа толы өмірін еңбек жолынан анық аңғаруға болады. Ол небәрі 21 жасында темір жол саласында жұмысшы ретінде қызмет атқарып, ауыр релстер мен темір-бетонды шпалдарды орналастыруға, жылжытуға атсалысқан. Қиын жұмысты атқара жүріп оқудан, ізденуден қол үзбеген азамат кейін білім саласында жұмыс істеген. 1933 жылы Қармақшы ауданына қарасты шалғай ауылдағы мектепте оқушылардың қалыпты білім алуына өз үлесін қосқан. Сондай-ақ Тереңөзектегі 7 жылдық мектепте шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс жасаған.
Қаршадайынан еңбекпен шыңдалып, еңсе тіктеген Айдар Әбілпаттаев ізденісті серік ете жүріп, мұғалімдік курсты тәмамдағаннан кейін ұстаздық қызметке кіріскен. Бидайкөл мектебінде мұғалім болып, оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие берген. Ал 1935 жылдың қыркүйегінен бастап Аламесектегі мектепке ауысып, жұмысын жалғастырған. Сонымен қатар 1936-1937 жылдары білімін шыңдап, Қызылорда қаласындағы педагогикалық колледжде оқыған. Осылайша, білім саласына біржолата бетбұрыс жасап, Аламесектегі мектептің меңгерушісі, Тереңөзек атқару кеңесінің штаттан тыс нұсқаушысы секілді жұмыстарды атқарған. Еңбек жолында үздік мұғалім ретінде 1939 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне қатысып, ҚазССР оқу-ағарту комиссариатының шешімімен 300 сом сыйақымен марапатталған. Ол сондай-ақ терең діни білім иесі болған. Қари атанып, мұсылмандық ережелерді ұстанып, елді имандылыққа, адалдыққа үндеген. Жаңадариядағы ересектер мектебінің меңгерушісі болған.
Соғыстың нағыз қызған шағында, яғни 1942 жылы майдан даласына аттанған жауынгер Айдар Әбілпаттаев елдегі ағайын-туысқа арнап бірнеше хат жазған. Батырдың жиеншары Динара Есілова жақында сарғайған жазбаларды құрастырып, арнайы видео әзірлеп, әлеуметтік желіде жариялады. Видеода ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран екені айтылған және майдангер Айдар Әбілпаттаевтың өміржолы, майдандағы ерлігі, елге жазған сағыныш хаттары жөнінде мағмұмат берілген. Мысалы, мына бір хатта жауынгердің соғыстағы қиын күні, сағынышы баяндалған екен. «Анамыз Науша, інілерім Сәпи, Сайпулла, Бағраш, жеңгеміз Бибігүл, асыл жарым Үмбіш тегіс аман-сау боларсыздар? Менің де денім сау, бүгін Отан соғысының қызу майданына кірдім. Мені сұраған туған-туысқандарға құрметті сәлем! Айдар Әбілпаттаев, минометші» делінген. Батырдың жиеншары Динара Есілованың айтуынша, 1942 жылы атасының артынан осындай сарындағы хаттар көп келген екен.
– Менің жауынгер атам Айдар Әбілпаттаев тағы бірде «Қымбатты ана! Қан майданға келіп, минометші мамандығын үйрендім. Әдіріс белгісіз. Бірақ жолдастарым орыс, украйн ұлтынан. Полктегі жалғыз қазақ мен. Барлығымыз туған кісінің баласындаймыз. Бауырларыма, маған сұлу Үмбішке сәлемімді жеткізерсің. Мені көбірек ойлаңдар, бәлкім, сонда тірі қалармын» деп жазыпты. Бұдан біз сол кездегі майдан даласындағы жауынгер мен шалғайдағы туыстардың арасын осындай хаттар жалғағанын аңғарамыз. Өкінішке қарай, хаттар легі 1943 жылдың қазан айында кілт тоқтаған. Өйткені полк жанынан командирлік оқуға аттанған атам Айдар Әбілпаттаевтың майдан даласында із-түссіз жоғалып кеткені туралы қаралы қағаз келген», – дейді майдангердің жиеншары.
Ұлы Отан соғысының қатысушысы Айдар Әбілпаттаевтың ұрпақтары берген мәліметтерге қарап, батырдың небәрі 13 жасында мешіт ұстағанын байқадық. Ескі қағаздарда Өзбекстанның Бұхара қаласында білім алғаны жазылған. Сол кездегі қуғын-сүргінді есепке алар болсақ, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың білімге қаншалықты құштар болса да еңбек жолының алғашқы жылдары теміржол саласына арналғанын түсінуге болады. Кейіннен барып білім саласында жұмыс істеген. Яғни, ол өз өмірін елге қызмет етуге арнаған және Отан қорғау шебінде жантәсілім еткен. Ұлы Жеңістің 75 жылдығында майдангер рухының жаңғыруы заңдылық. Себебі, ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды. Ұлы Жеңіс – ұрпақтар мақтанышы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ