Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды

Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды

Ұлы Жеңістің 75 жылдық айтулы мерекесіне орай әлеуметтік желіде көптеген ақпараттар жариялануда. Мысалы майдан даласында өшпес ерлік көрсеткен жауынгерлердің ұрпақтары «фейсбукта» өз аталарының ерлік істерін насихаттауда. Аудандық газетте де бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Осыған орай мен де қолға қалам алып, Ұлы Отан соғысына қатысқан көкелерім жөнінде жазуды жөн көрдім.
Ұлы Отан соғысы жөнінде айтыл­ғанда менің есіме Жұмабай көкем түседі. Батыр бабаның ұрпағы екенімді ойлаған сайын көңілімді мақтаныш сезімі кернейді. Иә, расында да Жұмабай көкемізді ұмыту мүмкін емес. Ол менің атам Жақайдың жалғыз інісі болатын. Бүгінде жұмысқа барарда да, қайтарда да Жұмабай Әбдіреев атындағы көшемен жүремін.
Жұмабай Әбдіреев 1921 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Ата-анасы ауылшаруашылық саласында жұмыс істеген. 1930 жылдан бастап бұрынғы Коммунизм ұжымшарында ұжымдық шаруашылықтың мүшесі болған. Жұмабай көкем Қызылорда қаласындағы 1 май орта мектебінде білім алған. Ұлы Отан соғысының өрті тұтанған 1941 жылы мектепті тәмамдаған. Есімде қалғаны, соғыс туралы киноларды көргенде көкемнің көңілі босап кететін. Өйткені албырт жастық шағындағы мектеп бітіру кеші қарғыс атқыр соғыстың кесірінен болмай қалған. Көкем секілді қаншама жастың балауса арманы солды десеңізші...
Ел басына күн туған сындарлы сәтте жас та, жасамыс та қарап қалмады. Соғысқа жарамды деген елдегі азаматтар майдан даласына аттанды. Олардың қатарында менің көкем Жұмабай Әбдіреев те бар еді. 1941-1942 жылдары Орта Азия әскери округінде ротаның саяси жетекшілерін дайындайтын курс­та оқыған көкем 1942-1943 жылдары соғысқа араласады. Ұрыс даласында жүріп, ер­жүрек коммунист аттанады. №141 танкіге қарсы жойғыш артиллерия полкінде санитарлық нұсқаушы болады. Кескілескен шайқастардың бірінде ауыр жараланып, госпитальде ем алады. Жарақаты ауыр болған соң елге қайтару жөнінде шешім қалбыл­данғанда Жұмабай көкем қарсы болып, «шыдаймын, төземін» деп соғысқа өз еркімен қайта қосылған. 1943 жылдан бастап ротаның барлаушысы, командирі секілді жауапты міндеттерді атқарған. Сұрапыл соғысты капитан әскери шенінде жеңіспен аяқтаған.
Елге жеңіспен оралғаннан кейін май­дангер Жұмабай Әбдіреев комсо­мол, партия ұйымдарында жеміс­ті еңбек еткен. Тапсырылған жұ­мыс­­­тарды тиянақты орындап, ұ­қып­­­­ты­лығымен, тазалығымен көзге түскен. 1951-1952 жылдары Мәскеу әскери округінің Ярославль әскери теміржол ущилищесі жанындағы саяси қызметкерлер дайындайтын курс­ты оқып, Қарулы күштер құрамын нығайту мақсатында Архангельск облысы Плесецк ауданындағы Белемор әскери округіне рота командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне жіберілген. Мұнда 1955 жылға дейін болады. Кейін Қазақстан Компартиясы Қызылорда облыстық комитетінің екінші хатшысының кө­мек­шісі қызметін атқарады. Алматы жоғары партия мектебін бітіреді. 1960-1963 жылдары облыстық мә­дениет басқармасын және кинофикция кинопрокат мекемесін басқарады. 1963 жылдан 1981 жылы зейнетке шыққанға дейін ауыл шаруашылығы жә­не дайындау саласы қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы қызметін абыроймен атқар­ған. Зейнеткерлікке шыққан соң да қоғамдық жұмыстардан қол үзбей об­лыстық партия комитетінде аудармашы болды.

Көкемнің майдандағы ерлігі мен бейбіт күндегі еңбегі ескерусіз қал­маған. Ол ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен мараттталған. Екі рет ІІ-дәрежелі «Отан соғысы» орденін омырауына таққан. Мұнан бөлек «Құрмет белгісі», «Ерлігі үшін» медал­інің иегері. Қызылорда қаласындағы Арай мөлтек ауданынан көшеге есімі берілген. Бұл оның еңбегінің бағаланғаны. Осы ретте атам Жақайдың елдегі шаруашылыққа қажетті маман болғандықтан соғысқа жіберілмегенін атап өтуім керек. Ол кісі ертерек қайтыс болып кеткендіктен бізге ата орнына ата болған Жұмабай көкем жаныма жақын.
Жұмабай көкемнің тағы бір жақсы қасиеті кітапты көп оқитыны және ағайын-туысқа қамқорлығы еді. Біздің үйге де жиі келетін. Мұндайда біз көкемізді қуанып қарсы алатынбыз. Бізді ақ пейілімен, дархан көңілімен еріксіз баурап алатын. Кейде қалаға өзімен бірге алып кететін. Лауазымды қызметтерді атқарса да көкемнің отбасының тұрмыс салты ел қатарлы қарапайым еді. Кітап сөрелеріндегі тамаша кітаптарға қызыға қарайтынбыз. «Мұның бәрін оқып шыққансыз ба?» деген сұрағыма жауап бергені әлі есімде. «Адам көп оқуы, ізденуі керек. Сөредегі кітаптар мен оқыған дүниелердің бір бөлігі ғана. Сенің атыңды жазушы Саттар Ерубаевтың құрметіне қойғанбыз. Сондықтан бұл есімге кір келтіруге болмайды» деген көкем сөздері менің бала қиялымды биікке самғатып, арманымды асқақтатқан болатын. Содан бері жақсы азамат болуға дағдыландым. Көкемнің көп оқитыны ұрпағына жұғысты болды. Баласы Алмас ағам мен немересі Төлеген кітапты жинауға, оқуға бейім.
Көкемнің үйі қалалық саябақ тү­бін­дегі көпқабатты үйде болатын. Саябақта қызықты ойындар ұйм­дастырылатын, балмұздақтың, тәт­ті сусынның неше түрі бар еді. Қала­ғанымды алып беретін, бала­ларды ойын алаңына ойнататын, жақын маңдағы Аманкелді кинотеатрынан кино көр­сететін. Қала берді, «Сені менен өзіңе бір табан жақын бауырларыңа ертіп апарайын» деп Коммунизмдегі (өзінің дүниеге келген мекені) ағасының балаларының (Менің әкемнің інілері­нің) үйіне қыдыртатын. Бұл бір жа­ғы­нан туысқандық байланыстың үзіл­меуіне, бауырмалдықтың артуына тәр­биелеу екен ғой.
Салтанатты жиналыстарға, кездесулерге барарда барлық орден-медальдары тағылған костюмін киіп, кеудесін керіп тұрған кезде Жұмабай көкем маған кез келген қиындыққа қасқайып қарсы тұратын батырлардай елестейтін. Соғыс туралы сұрай қалсам, терең ойға беріліп, күрсіне отырып, менің ой-өрісім қабылдар деңгейде түсінікті етіп қысқа ғана баяндайтын. «Соншама кеудесі тол­ған ордендер мен медальдарды тегін­нен-тегін бермеген шығар, басынан кешкендерін неге мақтанып айта бермейді екен», деген балалыққа тән ой кешетінмін сонда. Бүгін ойлап отырсам, отты күндері ойға оралғанда бірге аттанған құрдастары, ұрыс даласында бақилық болып кеткен қаруластары, көрген қиындықтары, бәрі-бәрі еске түсетін болса керек. Басымнан сипап, «ендігі жерде ел аман, жұрт тыныш болсын, қарғыс атқыр соғыс болмасын, сендер ондайды көрмеңдер» деп тілейтін еді.
Жаны жайсаң, кеуілі дархан Жұма­бай көкем өле-өлгенше өзінің осы болмысын сақтап кетті. Аузынан ұрпақ амандығын, ел тыныштығын, Отанымыздың өркендей беруін тілеген ыстық ықыласты сөзін тастамайтын. Өзі өмірден өтсе де, көңілімнен кетпеген көкемді оның соғыстағы, еңбегі, ерліктерін, биік адамгершілік пара­сатын әлі күнге мақтан тұтамын. Ұрпағыма үлгі етіп алып келемін, әлі де айта беретін боламын. Өйткені, олардың Отансүйгіштігі, адами қасиет­тері, батырлық рухы келер ұрпаққа өнеге болуы тиіс.
Майдан даласында өшпес ерлік көрсетіп, елге жеңіспен оралғаннан кейін ел-халықтың құрметіне бөленген Қажыман атамызды да мақтанышпен еске аламыз. Анасынан ерте айырылып, өмірдің қиындығын көрген ол кісі біздің туысымыз. 17 жасында өзі сұранып майданға аттанғанынан-ақ елжандылығын, батырлығын аңғару­ға болады. Менің әкемнің ағасы Қажыман Асанұлы соғысты Ленинград майданында мергенші болып бас­тап, Берлин түбіндегі шайқастарға да қатысқан. Соғыстан кейін де бес жыл бойы әскер қатарында қызмет етіп, елге тек 1950 жылы оралады. «Қызыл жұлдыз» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. Қызылорда об­лысының бірнеше ауданында банк саласында басшылық қызмет ат­қарған. Адалдықты ту еткен атамыз Зағипа анамызбен бірге ұлағатты ұлдар мен тәрбиелі қыздарды өсірді. Гүлнұр әпкемізді алдына алып, күйсандық тартатыны есімде қалған. Өзі де еңбеккеш адам еді. Қазіргі таңда ұрпақтары егемен ел дамуы жолында жауапты қызметтерді атқаруда. Жан дүниесі бай, парасатты Қажыман Асанов біздің есімізде мәңгіге сақталып қалды. Батырдың құрметіне Тереңөзек кентінен көше берілген.
Қ.Асанов еңбек жолын банк жү­йесінің инструкторы қызметінен баста­ған. Қызмет ете жүріп, орта білімін жалғастыру мақсатында кешкі мектепке түсіп, оныншы сыныпты аяқтайды. 1952 жылы Алматыдағы Қазақ мем­лекеттік университетінің қаржы фа­куль­тетін сырттай оқып бітіреді. 1954 жылы білікті маман ретінде Қар­мақшы аудандық банк бөлімшесін басқаруға жіберіледі. Ізденімпаздығы, жауапкершілігі, ұйымдастырушылық қа­білеті оны көпке танытады. Еңбегі ескеріліп, 8 жылдан кейін облыс ор­талығына шақырылады. Екі жылдан кейін 1964 жылы Тереңөзек аудандық банк басшысы болып ауысып, осы салада 20 жыл бойы басшылық қызметте абыройлы еңбек еткен. Қолға тиген деректерді қарап отырсақ, Қажыман атаның көпшілдігі, қайырымдылығы, қанағатшылдығы, қызметіне адалдығы оның қоғамда үлкен беделге ие болғанын көрсетеді. Сол абыройдың, биік беделдің арқасында облыс­та алғаш рет типтік жобадағы банк бөлімшесінің ғимараты 1975 жылы Тереңөзекте салынып, пайдалануға беріліпті.
Міне, осындай даңқты майдангер­лердің рухын бойға сіңірген ұрпақ деген атты биік ұстап, бүгінде тәуелсіз еліміздің баянды болашағына қызмет етіп келеміз. Біз соғысты көрген жоқпыз. Ұлы Отан соғысы жөнінде айтылғанда қан майданда Отан үшін от кешкен қаһарман батырларды еске аламыз. Олардың ерлігі бізге мақтаныш. Бәріне тағзым етеміз.

Саттар ӘБДІРЕЕВ

05 мамыр 2020 ж. 1 712 0