Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірі – өнеге, ерлігі – үлгі

Өмірі – өнеге, ерлігі – үлгі

Еліміздегі әр отбасынан кем дегенде бір адам Ұлы Отан соғысына аттанып, қан майданда өшпес ерлік көрсетті. Бозбала шағында жұмысқа тартылып, кейін сұрапыл соғысқа аттанып, қиын-қыстау заманның бұлыңғыр тұстарын басынан өткергендердің қатарында менің қайын атам Сәрсенбай Баяханов та бар. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында аудандық басылым бетінен Отан үшін от кешкен жауынгерлер жайлы көптеген материалдарды оқыдым. Қолыма қалам алып, адамзаттың жүрегіне айықпас жара салған екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, атам туралы жазғым келді.
Майдангер атам Сәрсенбай Жәке­бай­ұлы 1922 жылы ауданға қарасты С.Сейфуллин ауылында дүние­ге келген. Ол небәрі 20 жасында Кеңес әскері қатарында Украин бағы­тындағы майдан даласына аттанған. Сұрапыл соғыс аяқталғанша кеудесін оққа тосып, Отан алдындағы қасиетті борышын өтеген. Мұнымен қоса жапон соғысына да қатысып, ерлік көрсеткен. 1948 жылдың тамызына дейін әскери күзет сабында адал қызмет атқарған.
Атамыз майданнан оралған соң Қызылорда облысы Концерттік-эстра­да бюросында әртіс болып жұмыс істеді. Онда атақты Нартай Бекежанов, Ақмырза Тұяқбаев секілді өнер тарландарымен қатар өңірдегі өнер, мәдениет салаларын өрге сүйреді. Соғыстан кейінгі жылдары көңілі жарым елге демеу болып, елді мекендерді аралап, шығармашылық кештер ұйымдастырғанын көзкөрген­дер жақсы біледі. Жалпы атамыз жан-жақты, ізденімпаз кісі болған.
От пен оқтың ортасынан аман-есен оралған жауынгер елдегі қиын жағдайды өз көзімен көріп, кейін аудандағы құрылыс мекемелерінде тас қалаушы, жөндеуші және ағаш ұстасы болып еңбек еткен. Отбасын құрып, аяулы жары Жаңыл анамыз екеуі 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Ұлы Отан соғысының ардагері ұрпағына тәлімді тәрбие бере білді. Анамызбен 50 жылдан астам уақыт бірге ғұмыр кешті.
Мен осы әулеттің бесінші ұлы Әкімбектің жарымын. 1993 жылы іргелі әулетке келін болып түстім. Атамыз 6 келінінің ешбірін атымен атамайтын. Үнемі «Балам, айнала­йын» деп біздерді қызыңдай көретін. Әрбір сөзі өсиет, істері өнеге еді. Балалары мен немерелеріне бата үйрететін. Кейде тебіреніп, өлең жазатын қасиеті де бар еді. Осы ретте маған арнап жазған «Келінге» деген жыры бар екенін атап өткенім жөн.
«Айналайын келінім,
Батасын ал еліңнің.
Бақыт қонып басыңа,
Арта берсін сенімін, – деген бір шумақтан-ақ көп мән аңғаруға болады. Ауылдас бауырларына, көрші мен туған-туысқа арнаған жырлары көп. Оның барлығын атамыздың жылдық асында арнайы кітап етіп жарыққа шығардық. Кітапты шығаруға қайны ағам Темірғали көп еңбек сіңірді. Сонымен бірге аудандық жазба ақындар мүшәйрасын ұйымдастырдық. Іс-ша­ра­лардың барлығы жоғары деңгейде өтті. Атамыздың ерлігі мен өрлігін жырға қосқан жас ақындарға сый-сияпатымызды ұсындық. Ас беріп, ағайын-туыстың батасын алдық.
Атамыздан соғыс туралы есте­ліктер сұрағанымызда айтқысы кел­мейтін. «Соғысқа қатысқаным рас» деп қысқа қайыратын. Өзі жайлы жариялағанды аса ұната бермейтін. Бұл майдангердің «Отанды қорғау – қасиетті борышым» деп санағаны, көрегенділігі шығар. Әйтеуір әрқашан «соғыс болмасын, ұрпақтар бақытты ғұмыр кешсін» деп тілейтін. Тазалықты жаны сүйетін.
Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары алыс­тап барады. Десек те Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан баһадүр бабаларымыздың ерен ерліктері ұмытылмайды. Біз атамызды мақтан етеміз. Ерлік істерін әркез еске алып, рухына тағзым жасаймыз. Бұл біздің перзенттік парызымыз. Бүгінде майдангердің ұрпақтары ел дамуының әр алуан саласында жемісті еңбек етуде. Барлығы кеудесінде орден, медаль жарқыраған аталарын мақтан тұтады.

Шынар Баяханова
28 сәуір 2020 ж. 1 211 0