Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз – батыр бабалардың ұрпағымыз

Біз – батыр бабалардың ұрпағымыз

Ұлы Жеңістің 75 жылдық айтулы мерейтойы қарсаңында қолға қалам алып, аудандық газетке мақала жариялауды жөн көрдім. Себебі әкемнің бауыры Серікбай Палымбетов Жеңіс туын желбіреткен жауынгер еді. Ол кісінің қиындыққа толы өмірі, майдан даласындағы ерлігі және соғыстан кейінгі ел үшін жасаған адал еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Тарих тағылымы мен ерлік шежіресі ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, жыл сайын жаңғыра береді.
Телеарналар мен газеттерде Ұлы Отан соғысы жөнінде көп ақпарат берілуде. Ойлап қарасақ, адамзат баласына үлкен қайғы-қасірет әкелген сұрапыл соғыстың зардабы шынында да ауыр болған екен. Майдан даласында шейіт болып кеткен ерлер қаншама?! Ал тылдағы тауқымет ше?! Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Аналарымыз жастай жесір қалса, соғыс салдарынан қаншама бала жетім өсті. Бақытты балалық шағында ауыр жұмысқа жегілді. Оларды өмір ерте есейтті. Ойлаудың өзі қорқынышты.
Биыл сұм соғыстың аяқталғанына 75 жыл. Бір кісінің ғұмыры дерсіз. Бірақ қаншама жыл өтсе де соғыс деген сөзді естісек, денеміз мұздап сала береді. Соғысты көрмесек те, тұла бойымызды үрей жаулап алады. Осы ретте жарылған бомба мен атылған оқты құлағымен естіп, көзімен көрген батыр бабаларымыз қаншалықты қиын күндерді бастан өткергенін аң­ғаруға болады.
Бала күнімізде ешнәрсенің бағасын білмедік. Отқа оранып жүріп, жаумен айқасқанының арқасында Серікбай әкемізге берілген орден, медальдардың да көбісі жоғалып кетіпті. Сарғайған суреттер де жыртылған. Үйдегі суреттерді, әкеміз тұтынған аз затты ұстаған сайын жанарымызға жас үйіріледі. «Шіркін, әкеміз Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойын көргенде ғой» деп ойлаймыз.
Менің туған әкемнің аты – Әуезхан. Ол 1929 жылғы. Сырдария ауданының Шіркейлі ауылының тумасы. Ал біз бала күнімізден әке деп атап кеткен Серікбай – менің әкемнің туған ағасы. Жалпы әкем отбасында 4 ағайынды болған. Үйдің үлкені Мүсілім ағамыз да соғысқа қатысып, елге Жеңіспен оралған. Сағида атты апасы да бар. Апамыздың күйеуі Бисенбектің артынан қаралы қағаз келген.
Бүгін майдангер Серікбай Палым­бетовтің өзім білетін өмір жолы жөнінде жазбақпын. Қолда бар деректерге сүйенсек, Серікбай әкеміз 1944 жылдың сәуір айында анамыз Биғанша Жылқыбайқызымен шаңырақ көтеріпті. Той өткеннен кейін тура 9 күннен соң 18-ге толып, әскерге шақыру қағазы келеді. Сөйтіп, жалынды жас Отан қорғау үшін соғысқа аттанып кетеді. Сарбаздың артында аман оралуын тілеп ағайын-туысы мен отбасылық өмірдің қызығын көріп үлгермеген жас әйелі қалады. Майданға аттанған жастың бірден ұрыс даласына қосылмайтыны анық. Әуелі 2 айлық оқу-жаттығуда шыңдалады. Қаруды ұстауды, оқтауды және оқ атуды үйренгеннен кейін барып жауға қарсы жорыққа шығады. Біздің әкеміз де осындай сынақтардан өтеді. Айта кету керек, әкеміз соғысқа аттанған 1944 жыл Кеңес әскері үшін сындарлы кезең болған екен. Өйткені осы жылы екі жақ та әлсіреген әрі әскер саны да азайған. Осындай жауапты кезеңде ел қорғау шебінде ерлік көрсеткен ерлердің қатарында болған әкеміз Серікбай Палымбетов соғысты Варшаваны алудан бас­тап, Берлинді азат етумен аяқтаған. Осы екі аралықта қаншама қалада оқ пен оттың арасында жүріп, ерлік танытты десеңізші?! Әкеміздің өзге майдангерлерден ерекшелігі, атақты Нюрн­берг процесін күзеткені. Тарихтан білетініміздей, бұл фашистік Германияның басты әскери қылмыс­керлер тобына қарсы сот процесі. Процестің бір жылға жуық уақытқа созылғанынан-ақ қаншалықты күр­де­лі, қиын, жауапты болғанын білу­ге болады. Осындай жауапты жұмыстарды абыроймен адал атқарған майдангер елге 1947 жылдың қазан айында оралған.
Соғыстан кейінгі өмір белгілі ғой. Тұралаған шаруашылық, тоз-тозы шыққан өндіріс, жұтаған ауыл. «Жау­ды жайраттым» деп міндетсінуге әсте болмайды. «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері атанған жеңіс сарбазы Серікбай Палымбетов елге оралғаннан кейін бірден еңбекке араласты. Өзі де қарулы, ірі денелі болатын. Әкеміздің бейбіт күндегі өмірі Қызылордадағы жиһаз жасау фаб­рикасында өтті. Ағаш өндірісіндегі кәсіпті қарапайым балташы болудан бастап шебер, цех бастығы қызметін атқарған. Қолы алтын, нағыз шебер еді. Ол жасаған бесіктерге сұраныс жоғары болатын. Серікбай әкеміздің бұл қасиеті шаңырақтағы ұлы Нұрланға қонған.
Ісіне жауапты, сөзіне мығым Серікбай Палымбетов фабриканың партия ұйымының хатшысы болған. Ол бұл жұмысқа қатарынан үш рет лайықты деп танылып, сайланған екен. Партияның белсендісі болған майдангер қалалық кеңестің депутаты болып та қоғамның дамуына атсалысқан. Газет қиындыларынан аңғарғанымыз әкеміздің еңбегі уақы­тысында кеңінен насихатталған. Ең­бек сүйгіш жан туралы «Фаб­рика мақтанышы» тақырыбында СССР Журналистер Одағының мү­ше­сі Ж.Шөкенов мақала жазыпты. Қызылордалық ұстаз Орынбай Құлымбетовтің жазған мақаласы да қолымызда бар. Бәрінен әкеміздің адал еңбекті ту еткенін байқаймыз. Көңілімізді мақтаныш сезімі кернейді.
Әкем Әуезхан білім саласында жұмыс істеді. 1957 жылы партияның жолдамасымен қазіргі Отырар ауданында ұстаздық еңбек етті. Біз де отбасымызбен сонда тұрдық. Серікбай әкеміздің демеуімен 1970 жылы қайтадан туған жерге оралдық. Есімде ерекше жатталып қалғаны, ағайын-туыстың арқасүйері Серікбай әкеміздің қонақжайлылығы еді. Қы­зыл­ордадағы қарашаңырақтан қо­нақ арылмайтын. Екі бөлмелі үйден жасқа да, жасымысқа да жай табылатын. Бәріміз сол үйде өстік, өндік. Студенттік кезеңімді ойласам да сол үй еске түседі.
Иә, соғыс еліміздегі барлық адамға өзіндік қиындығымен келді. Әрбір үйден жоқ дегенде бір адам майданға аттанды. Қалғаны тылдағы тауқыметті күндерді бастан өткерді. Сондықтан майдангерлерге тағзым етуіміз керек. Жеңістің 75 жылдық мерейтойына ауданнан небәрі екі ардагер аман жеткенін ескерсек, оларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Ерлік – ұрпаққа ұран. Біз батыр бабалардың ұрпағы екенімізді мақтан етеміз.

Сәуле Палымбетова

28 сәуір 2020 ж. 1 928 0