Жиырма жасында жоғарғы атақ алды
Қазіргі тыл ардагерлері Ұлы Отан соғысы кезінде 6-7 жасында колхоз жұмысына тартылып, масақ терген. Бұл деген жыламай тамағын ішпейтін баланың жасы емес пе?! Сұрапыл соғыстың сынағы ойын баласы деп қараған жоқ. Қолына мылтық ұстай алатын ер азаматтарды ел ішінен сыпырып, майданға алып кетті де, ауылдың тірлігі кемпір-шал, қыз-келіншектер мен балаларға қарап қалды.
Біздің кейіпкеріміз Ибадулла колхоздың бұзауын бағуға шыққанда 9 жаста еді. Әкесі Ақнияз соғыстың алдында ерте дүниеден озды. Анасы Сырға 4 баламен жесір қалды. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» халықпыз ғой. Ауылдың бас көтерерлері әмеңгерлік салтты негізге алып, Сырғаны Ақнияздың інісі Мусаға қосты. Өкінішке орай, кіші әкесі де 1943 жылы соғысқа алынады. Ол колхозда сиыр бағатын еді. Муса майданға аттанарда отбасын ойлап, шиіттей бала-шаға қалай күн көрер екен деп уайымдап, колхоздың басқарма төрағасы О.Мәлібаевқа өтініш айтады.
– Мен қып-қызыл оттың ортасына кетіп барамын, отбасыма қарайласарсыз. Ибадулла шаруаны түсінетін бала болып өсіп келеді. Ертең мен баққан табынды қарауына беріп, қасына естияр адам қоссаңыз болады. Өрісте жүріп қалжыраған бала ұйықтап қалар. Мал ит-құсқа жем болар деймін ғой. Жәрдеміңді жасап тұрсаң, шаруаңды алып та кетер, – дейді Муса. Оған О.Мәлібаев:
–Бұл жағынан қам жеме, менің даяр тұрған адамым жоқ. Ибадулланы көптен сынап жүрмін, көмектесеміз, шаруаны алып кетеді, – дейді.
Малшы әкесіне еріп бұзау баққан Ибадулланы Темірхан Оспанов «Әке жолы» атты кітабында былайша суреттейді: «Тіл алғыш, ширақ, пысықтығы қара тасты қайнатады. Алдына мал шашау шығармайды. Ит-құстан да бала болып қорқатын емес. Ізінде түркіменнің «Алабай» деген тұқымынан Байтөбет деген иті бар. Тұрқы қашардай. Ол жүрген жерге ұрының да жолауы қиын. Тоғыз жасар бала басшыларға да, басқаларға да ұнап қалды. Қарап жүрмейді, арық-атыздың бойын жағалап, өрісте жүргенде ізінебау-бау қамысты орып, тастап кетеді. Бір күні соларды арқалап келе жатқанын көресің. «Мұны не істейсің?» деген кісіге қыста малға азық болады дейді екен».
Жастайынан колхоз жұмысына жегілген, еңбекке қабілетті бала Ибадулланы «Қызылдихан» колхозының басшылары Ұлы Жеңістен кейін егін егуге шығарады. Егін болғанда нан атасы атанған бидай егуге. Бала диқан егіс басындағы қосының жанынан қосымша қауын-қарбыз да егетін көрінеді. Ерте көктемнен тастаған қауын-қарбыздың тұқымына қарғалар өш келеді. Тұмсығымен шұқып, дәнді іліп алады екен. Бала-шағаның несібесі деп жерге тастаған ырзықты қорғамақ ниетте ауыл адамдары тайлы-таяғы қалмай қарғамен аңдысады. Ауыл тұрғындарының сілесі қатады. Сөйтсе бұл күндері егін егуге шыққан Ибадулланың жеріне қарға қонбайтын көрінеді. Қауыны құлақтап өзі күркесіне тып-тыныш, кіріп шығады. «Бұл қалай?» деп ауыл адамдары мына көрініске таң қалады. Сөйтсе Ибадулла ұяны қарға тұмсықпен қалай шұқитынын біліп алады. Қарғалар бір шұқыған ұяға қайта соқпайды екен. Ибадулла кішкене томардың басын сындырып алады да, тұқым салған әр ұяға қарға тұмсығының ізін айнытпай салып қояды. Әуеден төніп келген қарғалар ұядан тұмсық ізін көріп оған енді қайтіп жоламай кетеді екен. Сөйтіп Ибадулланың тәсілі бүкіл ауылға үлгі болады. Сол кезде небәрі 16-17 жастағы бозбаланың жер қадірі мен табиғаттың тылсым сырларынан мол хабары болған ғой.
Колхозшы И.Ақниязов ерен еңбегінің арқасында бірнеше мәрте Стахановшы атанды. Колхоз жұмысының ауырлығына төтеп беріп, қара нардай қайыспай еңбек етті. Ол кезде жұмыстың бәрі қолмен атқарылады. Бозала таңнан тұрып, егіс даласынан табылатын еңбекқор жастың жыл сайынғы өндірген өнімі сол кезеңнің талабы бойынша рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл жоғарғы көрсеткіш 1947, 1948, 1949 жылдары үш мәрте қайталанды. Сөйтіп небәрі 20 жасында Ибадулла Ақниязов ең жоғарғы марапат – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Диқаншылық кәсіпте жүріп, білімін жетілдіруді мақсат тұтты. Орал қаласында үш жылдық ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын мектепте оқып, кіші агроном мамандығын алды. Әр жылдары шаруашылықта бастауыш партия ұйымының хатшысы, басқарма төрағасының орынбасары, мал бақташысы, бидай өсіруші, күрішші болып еңбек етті. Бірнеше рет ауылдық, аудандық кеңестің депутаты болып сайланды.
Ибадулла Ақниязов КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері, «Ленин» ордені мен «Алтын жұлдыз» медалінің иегері атанды. Сондай-ақ КазССР Министрлігі кеңесінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған. Еңбек майталманы 1998 жылы 69 жасында дүниеден озды.
Өткен жылы ерен еңбек иесінің 90 жасқа толуына орай аудан көлемінде «Ер есімін еңбек шығарады» атты еске алу шарасы ұйымдастырылды.
«Орнында бар оңалар» дегендей, Ибадулла ағаның ұлы Нұрсұлтан әке жолын қуып, көп жылдан бері күріш өсірумен айналысады. Соңғы 5-6 жыл көлемінде әкесі еңбек еткен «Қызылдихан» шаруа қожалығының егіс бригадирі, өндіріс озаты. Өткен жылы Нұрсұлтан басқаратын бригада 380 гектар алқаптың әр гектарынан 60 центнерден өнім алды. Еңбек ерінің қызы Сұлушаш – жеке кәсіпкер. Осылайша жақсы әкенің өнегелі ісі жалғасын тауып жатыр.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ