Мүшәйрадан үздік шыққан кім?
Ауылға «Қызыл диқан» атауының берілгені тегіннен-тегін емес. Сонау Одақ кезінен диқаншылықпен аты шықты. Бір ауылдан үш бірдей Социалистік Еңбек Ерінің шыққанын қалайша мақтан етпеске? «Ауылына қарап азаматын таны» дейді халық даналығы. Ауыл шаруашылығы өндірісін шебер ұйымдастырушы Оспан Мәлібаевтың жетекшілігімен «Қызыл диқан» колхозының ұжымы Ұлы Отан соғысы кезінде және соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде жанқиярлықпен еңбек етіп, аудандағы 39 колхоздың алды болыпты.
Ауылдан үш бірдей Социалистік Еңбек Ері шықты дедік жоғарыда. Мұндай жоғары атаққа аудан бойынша 1949 жылы 4 еңбеккер лайық деп танылған. Олар «Карл Маркс» колхозынан (қазіргі Н.Ілиясов ауылы) Күләнда Әбдіраманова, Шағаннан Цой Ги Хва және «Қызыл диқанның» колхозшы-диқандары Дүйсенбай Керейтбаев пен Ибадулла Ақниязовтар. Ал қызылдиқандық Қасым Бөдеев Социалистік Еңбек Ері атағына 1966 жылы ие болды.
Бүгінгі мақала атақты еңбек майталманы Ибадулла Ақниязов туралы болмақ. Тумысынан ақжарқын, елгезек Ибадулла ағамыз еңбекке ерте араласқан. Соғыстың нағыз қызып тұрған шағында 14 жасынан бастап колхоз жұмысына тартылған. Қолына кетпенін алып, диқан болды. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп екпінді еңбек етті. Әке-ағалары майданда. Ауылда қалған еңкейген қарттар, қыз-келіншектер және балалар егіс даласында күн-түн демей жұмыс жасады. Колхозшы И.Ақниязов ерен еңбегінің арқасында бірнеше мәрте Стахановшы атанды. Колхоз жұмысының ауырлығына төтеп беріп, қара нардай қайыспай еңбек етті. Ол кезде жұмыстың бәрі қолмен атқарылатын. Бозала таңнан тұрып, егіс даласынан табылатын еңбекқор жастың жыл сайынғы өндірген өнімі сол кезеңнің талабы бойынша рекордтық көрсеткішке жетті. Сөйтіп небәрі 20 жасында Ибадулла Ақниязов ең жоғары награда – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Диқаншылық кәсіпте жүріп, білімін жетілдіруді де мақсат тұтты. Орал қаласында үш жылдық ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын мектепте оқып, кіші агроном мамандығын алды. Әр жылдары колхозда бастауыш партия ұйымының хатшысы, колхоз басқармасы төрағасының орынбасары, мал бақташысы, күрішші болып еңбек етті. Бірнеше рет ауылдық, аудандық кеңестің депутаты болып сайланды.
Ибадулла Ақниязов КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері, «Ленин» ордені мен «Алтын жұлдыз» медалінің иегері, сондай-ақ ҚазССР Министрлер кеңесінің «Құрмет» грамотасының иегері атанды.
Колхоздың еңбек майталманы Ибадулла Ақниязов 1998 жылы 69 жасында дүниеден озды.
Биыл 90 жасқа толған абзал азаматтың құрметіне кент клубы қызметкерлері «Ер есімін еңбек шығарады» атты еске алу шарасын ұйымдастырды. Сахна шымылдығы еңбек даласын бейнелейтін көрініспен түрілді. Игі шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы мен аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров Социалистік Еңбек Ері жұмыс жасаған шаруашылық тарихына тоқталып, аудан бойынша осындай жоғары атаққа ие болған 8 еңбек майталманы туралы айтты. Мұнан соң Еңбек Ерін еске алуға арналған жас жазба ақындар мүшәйрасына кезек берілді. Жыр додасына кент пен ауылдардан 15 және 30 жас аралығындағы 7 талапкер ақын қатысып, бақ сынады. Әрқайсысы жүрегінде бүршік жарған екі өлеңін сахнадан шабыттана оқыды. Оның біріншісі Еңбек Еріне, екіншісі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаға арналды. Мүшәйраға талапкерлердің жан-жақты дайындықпен келгендері сезілді.
Жыр байқауына аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің жауапты хатшысы Ш.Нұрсейітов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі М.Шілдебайұлы, аудандық мәдениет үйінің аға әдіскері Г.Сәрсенбаева қазылық етті. Сайыс қорытындысында бас жүлдені кент клубы атынан Ақмарал Қадырханова жеңіп алды. Бірінші орынды аудандық мәдениет үйі атынан қатысқан Зарина Жарболова иемденсе, екінші орын нағилық Гүлбану Сембиеваға бұйырды. Үшінші орынды С.Сейфуллиндік Бақтөре Айтбаев иеленді.
«Орнында бар оңалар» дейді халық даналығы. Ибадулла ағаның ұлы Нұрсұлтан әке жолын қуып, көп жылдан бері күріш өсірумен айналысады. Соңғы бес жыл көлемінде әкесі еңбек еткен «Қызылдиқан» шаруа қожалығының егіс бригадирі, өндіріс озаты. Биыл Нұрсұлтан басқаратын бригада 380 гектар алқапқа Сыр салысын егіп, әр гектардан 60 центнерден өнім алды. Еңбек Ерінің қызы Сұлушаш жеке кәсіпкер. Осы ұл-қызы бас болып, мүшәйраға демеушілік жасады. Мүшайрадан кейін ауыл орталығындағы мейрамханада еңбек батырына ас беріліп, құран бағышталды.
Шаһарбек БАЛТАБАЙҰЛЫ