Екі мәрте «Еңбек Даңқы» орденінің иегері
Аға ұрпақтың пешенесіне ауыр жылдар жазылғаны тарихтан белгілі. Ұлы Отан соғысы кезінде ағайынды үйелмелі-сүйелмелі екі бала ата-анадан тұлдыр жетім қалды. Үлкені Керейтбай 5 жаста, кішісі Келдібай 2 жаста болыпты. Қос жетімнің әкесі Мамыт Мергенбаев Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға аттанып, хабарсыз кеткен. Кейін қатардағы жауынгер «Боздақтар» кітабына енгізілген. Анасы Ханшайым ауыр науқастан қайтыс болған.
Үлкені Керейтбай «Бостандық жолы» колхозында ағайындылардың қолында жүреді де, кішісі балалар үйіне жіберіледі. Еті тірі болып өскен Керейтбай мектеп оқушысы кезінде өгіз арбамен аудан орталығына сүт тасиды сабақтан бос уақытында. Жетімдіктің тақсыретін тартады. Керейтбай аға қайсарлығының арқасында сондай балалар үйіне жіберілген інісі Келдібайды ширек ғасыр бойы іздеп, тауып алады. Кейін ағайындылар қазіргі Н.Ілиясов ауылында қатар үй болып отырды, бірге еңбек етті.
1954 жылы механизаторлық курсты бітірген Керейтбай Мамытов бастапқыда Карл Маркс колхозында, одан кейін Қазақ ССР-нің 50 жылдығы атындағы кеңшарда 40 жыл екпінді еңбек етті.
Керейтбай аға жастарға үлгі болсын деді ме, өзінің бас құрап, қалай отау көтергені жөнінде ғибратты әңгіме айтты. Ол кездің адамдары бөлек ғой. Бұл кісінің жетім өскенін жоғарыда айттық. Жамағайыны Ахмет әкесі мұның қамын ойлап жүреді екен. Ақсақал дария жағасында отырған Ырысдәулет қайықшымен сөйлесіп, оның қызы Бибайшаны Керейтбайға лайық көреді. Сәті түскен бір күні күйеу жігітті ертіп барып, екі сөзге келместен, қалыңдықты алып кетеді. Ерлі-зайыптылар 3 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 34 немере, 40-50 шөбере көрді.
Шаруашылықта қысы-жазы еңбек ететін Керейтбай Мамытов озат механизатор атанып, 1969 жылы КПСС мүшелігіне қабылданды. Егін орағының қорытындысымен талай мәрте ауыл, аудан чемпионы болды. Жатка машинисі бір өзі 300 гектар егін орып, алдына жан салмады. Мұндай ерен еңбегі елеусіз қалған ба, 1972 жылы Керейтбай Мамытов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ал 1975-1976 жылдары қатарынан жоғарғы еңбек көрсеткішіне жетіп, ІІІ дәрежелі және ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін омырауына тақты. І дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін алғанда Еңбек Ерімен теңесетін еді. Бұдан жұмыс десе жанып тұратын Керейтбай Мамытовтың ауылдың, ауданның маңдай алды майталман механизатор болғанын көреміз. Кейін озат комбайншы інісі Келдібай, баласы Серікбай үшеуі бірігіп, мердігерлік звено құрды. Мұнда да олардың жұмысы ел аузына ілікті. Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің жеңімпазы атанды. К.Мамытов бірнеше рет Одақ қалаларында және шет елде туристік жолдамамен демалды.
– ХҮІІІ партсъезд атындағы шаруашылықтың озат комбайнері Жақсылық Әлсейітовпен бірге бір ай Куба мемлекетінде демалдық. Біздің делегацияны Тереңөзек аудандық партия комитетінің хатшысы Л.Үкібаева бастап барды. Кариб теңізінде кемемен серуендеп, Бостандық елі аралдарын армансыз араладық. Сол кезде шаруашылықтың жұмысшылар комитетін басқарған Төребек Жұмабекұлы мен тәрізді механизаторлардың еңбегін бағалап, бірінші кезекте шет елге, курорт шипажайларға жолдамамен жіберетін, – деп еске алады майталман механизатор.
«Әке көрген оқ жонар» дегендей, 3 ұлы Серікбай, Мейрамбек, Сағит әкесінің жолын қуды. Ағайындылар «Абзал және К» ТС мен «Мағжан және К» ЖШС-де белді механизаторлар. Осы ауылдың көне жұрты Карл Маркс колхозынан басталған ұрпақтар сабақтастығының еңбек жолы бүгінде заманауи жан-жақты жетілген компанияда жалғасын тауып жатыр.
– «Ерінбей еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген халық даналығын балаларыма үнемі айтып отырамын. Олардың туған ауылын көркейту жолында жасап отырған жұмыстарына тілекшімін, – дейді Керейтбай аға. Ауылының қарапайым ақсақалы, еңбек ардагері Керейтбай Мамытовтың өнеге аларлық өмір жолы осындай.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ