Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіс сарбазы

Жеңіс сарбазы

Жеңіс сарбазы Іздіқұл Жұмабаев – Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауы­лының 1905 жылғы тумасы. Ұлы Отан соғысы басталған жылдары жасы асып кетсе де, еңбек майданына емес, өзі сұранып сұрапылдың ортасына түскен қазақ солдаты. Қанды қырғыннан бір аяғынан айырылып, мүгедек болып оралса да, кеудесінде бір емес, екі бірдей «Ерлігі үшін» медальдары жарқыраған майдангер елінің экономикалық әлеутетін арттыру жолында аянбай қызмет етті. Әуелгі кездері жауапты жұмыстар атқарғанымен, кейін шопандыққа біржола бет бұрды. Өзі ғана ата кәсіппен айналыспай, киелі ақ таяғын балалары Гажденбек пен Рабиғаға табыстады. 
Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты және Президиум мүшесі болған, Ленин, «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, атақты шопан Рабиға Іздіқұлова туралы жазылған қарымды қаламгер Тілеген Бекарыстановтың «Шыңдағы шынар» атты ғұмырнамалық баянынан Қоғалыкөлдік қазақ солдаты Іздіқұл Жұмабаевтың соғыс даласындағы ерліктерінен үзінді ұсынбақпыз.
Әке туралы алғы сөз
– Аяз қатайып барады. Қауқары кеңсірігіңді қарс айырып, шеміршек сындырардай екен. Аяғы борсық бо­ранға ұласады-ау.
Бөкебаймен бетін тұмшалап ал­ған. Оның өзімен-өзі сөйлесіп тұр­ғанын алыстағы адам ауызынан шық­қан будың үздік создықтығынан анық аңғарар еді.
«Мал ешкімді сыйламайды, тек той­ғанын ғана біледі. Сон­дық­­­тан қойларды жаз айларында мүм­­кіншілігінше түнде, не ерте сал­қынмен жаю керек», – деген әкесінің ақыл сөзін бұлжымас заңдылыққа айналдырған жас шопан, түнімен алдағы болашағының жарқын кездерін армандап ұйықтай алмағасын, қой қораның есігін бүгін күндегісінен ерте ашқан еді. Рас, қыста малды түнекке жаюға болмайтыны бесенеден белгілі. Күн арқан бойы көтеріліп күн қыза бастағанда өріске шығарады.  Дегенмен, бүгінгі ерте ішілген таңғы шай дағдының алдын алды.
Ертелетіп қойын қыстаудан алыс­тау өргізген жас шопан,найза бойы көтерілген күн, жиде тоғайдың басын сәулесіне мала нұрланғанда, көзді қарықтырар қасат қарды ат тұяғымен таптай,    бұйрат төбенің басына қиыстай шықты. Сырдың ызғырық желі, аязды азыната ертіп, Құлатөбел атты қарашадай қойшының қойны-қонышын түртпектеп ойнайды. Сырдың самалына еркелеп бой түзеген ол – боз қырау шалған бұталарды аралай барып,төскейде күншығысқа бұрылақарап,    арқадан соққан желге қарсы   тұрды. Әкесінің «ызғырыққа тура қарап үйрен, қырындап тұрсаң ауызыңнан шыққан будан бетіңді үсіріп алуың мүмкін» деген сөзі бүгінде мұның дағдысына айналған. Оның үстіне малсақ қазақтың баласы жас жылқының жойқын екпінді суық желге қасқая қарсы қарап тұратынын талай көрген. Сондықтан халқының қанына сіңген жылқы мінезділігінен танбақ емес.
Аяғындағы терісін сыртқа қарата тіккен саптама етік, мақталы шалбар, қимылға еркін ықшам тон, құлағын артына қайыра байлаған түлкі тымақ жатаған төбенің басындағы балаң шопанды  ертегінің батырларынша елестетеді. Тек шопандардың арасында да екінің біріне бұйыра бермейтін, басшылардың ғана пешенесіне жазылған ақ тон мен ауызын таңа, белінен айқастары байлап алған бөкебай ғана оның қыз бала екенінен аңғартады. Ат үстінен жеңіл ырғып түсіп, екі алақанын ысқылай қаққыштап, тоңазып қалған бойын билей жылытуы да, қыз қылықты  әйбат бір әдемілік әлеміне жетектейді. Төскейді бауырлай өскен жалғыз түп жиде бұтағында, күзгі жел мен жауыннан аман қалып, ақпанның аязында бар шырынын ішіне бүге бүрісіп, дір-дір еткен мәуені бұтағынан бөлмей, бір түйірін  қызыға, соншалықты бір ілтипатпен үзіп алып, әдеппен ауызына салуы, ақырын тамқап, ер үстіндегі шағын көрпешені ыққа қарай қаққыштап,  жерге төсеп    бір қырындай тізе бүгуі, осы ойды бекемдей түскендей.
Иесінің дем алғанынан жақсылық күткендей, бұта арасынан шыға келген қазақы алабай ит төбе басына екпіндей шығып иесінің қасынажата кетті. Бауырын көтерер-көтерместен аяғына оралып, алақанынан талай тәттіні татқан алпамсадай иттің күшік еркелігі қалмаған. Тұмсығымен иесін түртіп-түртіп қояды.
–  Ақтөс, отардың арғы басы аман ба? Мен саған сеніп малдың о шетін барлап қараған жоқпын.
Әкесі Іздіқұл көршілес «1 Май» совхозының Бірқазан стансасыіргесіндегі ит бағатын бөлімшесінеарнайы барып, күшік кезінде таңдап алып келген Ақтөс, қазір әжептәуір қолқанат. Совхоздың осы бөлімшесі шопандарға арнап қой бағуға үйретілген ит өсіреді. Бір жасқа жетер-жетпестен-ақ ол иттеротардың бір жағын алып жүруге жарайды. Ит-құсқа «тышқақ лақ» бермейді.   Отарды айнала тынбай шауып жүретін қорушысына қойлардың да бойлары үйренген, өздерінің қорғаны екенін де білетіндей, үйірсек. Қой арасындағы серке отарды қызғанғандай, кейде  өздерінің қорушысын сүзе қуып, шеткері шығарып тастайды. Серкенің семсердей сүйір мүйізінен тайсақтап, ойнақтай қашатын, кейде тістерін батырмай бүгерлеп тастайтын қазақы бөрібасардың айбаттылығы сондай, олардың ырылы мен иісінен-ақ жақын маңға шибөрілер мен анау-мынау қасқырлар жолай да бермейді.
– Үр-һайт!
Дауысын қышқыра шығарып, жол жаққа көз тікті. Совхоз орталығынан түскен күре жолдың қарын бұрқыратып келе жатқан жеңіл көлік қылаң берді. Жылан ирек таптаурын жолды қуалай жүйткіген қара «Волга» жасырынбақ ойнағандай бұталар арасынан бір көрінеді де, қайта тығылады.
– Ойпырмай, біздің орталық тұрмақ, ауданда мұндай «сүлік қара» жоқ еді. Мынау дәуде болса, облыстан құлаған болды. Ертелетіп қыстаудан қиыс, отар жағалағанына қарағанда, не де болса тегін келіс емес. Оның үстіне қыстың көзі қырауда, «қалың қарға омбылап қаламыз-ау» деп қорықпай жүйіткуін  пайымдар болсақ, ішінде жер жағдайымен таныс, жол білетін біреу бар-ау, болмаса әй-шәйға қаратпайтын, мұрынынан шаншылған шұғыл шаруалары байыз таптырмай қуып келеді.
«Кім де болса, құдайы қонақ, алдынан шығайын».
Атына мінсе, қонаққа деген құрметінің кемшіндігі болар деп, күреңді жетелей келгендердің алдынан шықпаққа, дағдақтай басып, төбеден төмен сусыды. Отарды иіріп тастап негізгі тапсырманы тас қылған Ақтөс те, енді иттік міндетін орындамаққа машинаның алдынан шығып, жарыса шапқылады. Шопан итін қайырмаламады. Қонақтарды қауып алар деп қауіп те ойлаған жоқ.
Қонақжай, қашанда дастарханы жиылмайтын көпшіл Жұмабайдың Іздіқұлының үйінен үнемі адам арылмайды. Қыдырып шыққаны да, сәлем бере бұрылғаны да, тексере келгені де ығы-жығы болып жататын. Оның үстіне күзем мен көктемгі қырқым, төл алу, жазғы жайлау кезінде шопандар ауылы думанды болады. Сондықтан  күшік кезінен көп арасында өскен Ақтөстің ретсіз ешкімнің шалғайына жармаспайтынынбіледі. Алпамсадай бөрібасар тек отардағы қойдың біреуіне ұрлана қол тигізгеннің алқымынан ала кетуге дайын. Иесінің ойын діттегендей барақ ит тоқтаған көліктен түскендердің алдынан еркелей құйрығын бұлғаңдатудан әрі аса қойған жоқ.
«Сүлік қарадан» үшеу түсті. Бірі жүргізуші, бірі совхоздың завфермесі Мырзабек ағасы екен, сонадайдан шырамытты. Шопандар көшкенде үйлерін көшірісіп, шыр-пыр болып жүгіріп, водовозбен су жеткізіп беріп тыным таппайтын. Сонысымен де шопандардың семьясының бір мүшесіндей болып кеткен.Үшіншісі, үстіне қаракөл жағалыұзын қара пальто, басына қаракөл папаха киген бейтаныс. Ана екеуінің өбектеуіне қарағанда, «сыйлысы осы кісі болды» деп шамалады. Қыстауға емес, отарға ат басын тіреген қадірлі қонақты жыға танып алғысы келіп, жақындап келе жатқанда зерлей қарады. Жіті жанар жаңылыспады. Таныды. Өзі газет-журналдардан күнаратпа оқып, біліп, суретін көріпжүрген, бір-екі рет қатысқан үлкен жиналыстардың Президиумнан таныс қадірменді ағасы екен. Ақын, сатирик, драматург, «Қырғи тілді Асқар» атанған, кәдімгі Асқар Тоқмағамбетовтың өзі.
... Төбенің ықтасындау етегіне тізе бүккен ақын мен шопан ет пісірім уақыт әңгімелесті. Асқар ағасы негізгі келген шаруасын ішіне бүгіп, алдымен өзінің құрдасы, Іздіқұл туралы білмек ниетте еді. Ертелі-кеш отармен бірге ен даланы жалғыз шарлайтын шопан қыз тығылып қалған екен, алаңсыз ақтарылды.
– Асқар көке, кейде ойлаймын... балалық па, әлде еш нәрсенің байыбына бара бермейтін шалалық па, болмаса, күндіз-түні қой соңынан көз алмай салпақтап, ат үстінен түспегеннен кейінгі шаршағандық па, осы әкем туралы көп біле бермейтін сияқтымын. Кейде қызықтап сұрауға да қатаң әкенің қас-қабағына қарайсың. Сен желігіп отырғанмен, бір әулеттің салмағын бір өзі көтеретін әкенің  әңгімеге құлқы болмайды.
– Өзі шешіліп ештеңе айтпайды ма?
– Жалпы біздің әкеміз өзі туралы айта беруге онша әуес емес. Соғыс туралы тіпті де қозғай бермейді. Керек десеңіз, көке, соғыс туралы кино болса, әкем экранға жонын беріп, теріс қарап отырады. Сондайда түнеріп кеткен әкемнен батып та ештеңе сұрай алмайсың.
– Қан кешкен кезі есіне түсетін шығар?
– Анамның айтуынша майданнан алғаш оралған жылдары түн баласына шошып ояна береді екен. Қайта бертін келе, «уақыт емші» дегендей онысы саябырсыды. Дегенмен, қанды қырғындағы басынан кешкендерін жаңғырта бергені онша-мұнша жақтыра бермейді-ау.
– «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегенмен кебін киіп кетпей, кебенек киіп еліне аман-есен келгендердің де көкіректерінде өздері білер бір шемен мен бір қайғының жатқаны анық. Қан майданда қаншама дос-жаранынан, бір котелоктен ас ішіп, бір мылтықтан оқ атқан, бір шинельді жамылып ұйықтаған қаруластарынан айрылды.
«Кинодағының бәрі бер жағы, соғыс­тың бораған оғы мен шалқыған оты, жан-жағын жалмауыздай жал­ма­ған өрті туралы айтуға тіл жет­пейді. Тек, ондай қырғынды көруді келешек ұрпақтың маңдайына жазбасын» деп отырады.
Майданда болғандардың бәрін батыр деп құрметтеуіміз керек. Тек, олар туралы біздің сирек, тым сирек білетініміз өкінішті.
– Мен де солай ойлаймын. Енді бір отыз-қырық жылда майдангерлердің қатары сиреп, селдіріп те қалар, сол кезде іздейтін шығармыз.
– Сондықтан, әкең туралы, Ұлы Отан соғысының майдангерлері туралы осы кезде ретін тауып біліп, сұрап, жадыңа тоқып алуың керек.
– Әкем туралы соншалықты көп біліп, бүге-шүгесіне дейін айтып бере алмағаныммен, Гажденбек ағамнан естігендерім есімде.
– Ендеше соныңды тыңдайық.
– Менің әкем ірі кісі ғой. Бұл қайта шөккені. Әйтпесе, жас кезінде тіпті алып, қарулы болған көрінеді. Балуан болып күреске де түскен. Кішкентайынан бейнетке жақын болыпты. Ашаршылық жылдары Нөкіске барып түйемен астық әкеліп, үй-ішімен қоса айналадағы ағайынға да көмегі тиген. Соғыс басталып жатқанда бүкіл ауылдан ең қарулы деген 84 адамды, ішінде менің әкем де бар, іріктеп екінші дария атанған атақты Шіркейлі каналын қазуға жіберіпті.
– Соғыстың басталып, жаудың Совет жеріне ентелеп кіріп келе жатқан кезінде қазылды ғой. Онда жұмыс істейтін ер-азаматтыәскер жасына келсе де броньмен алып қалған. Бүкіл аймақтың  егістігін сумен камтамасыз ететін арнаның маңыздылығын содан біле беруге болады.
– Сол маңызды каналды қазуда 84 азаматтың бірі, сол кездегі алтыншы ауылдан, қазіргі «Октябрь» колхозынан біздің әкем де барып кетпен ұстаған көрінеді.
– Айдарлы өңіріндегі «Жетікөл», «Айнакөл», «Ақарық», «Ботабай» «Жамбасарық», «Тасарық» атындағы арықтар, «Кеңес», «Айбала» жармалары халықтың күшімен,  асармен,кетпенмен қолдап қазылған. Даңқы шартарапқа кеткен Шиелі каналы да осындай білек біріктірген бірліктің арқасында өмірге келген.  Сенің әкеңнің де сол арық-тоғандарды қазуда үлесі бар. 
– Иә, қалаға барған кезде Тасбөгет плотинасынан өтіп бара жатып дарияның сол жағалауын қуалай ағатын Шіркейлі каналынкөргенде осы жерге әкемнің табаны тиген ғой деп тәу етіп өтемін.
– Үш өткелдекпен қазылатын каналдың табанында қарулы деген жігіттер тұратын. Бірақ жау еліміздің жүрегі Москваға жақындаған сайын бронмен қалғандарға да шақырту келе бастаған еді.
– Иә, соғыс үдеп бара жатқасын 1942 жылы біздің әкемізді де соғысқа шақыртыпты. Ағұст айында «Октябрь» колхозының әлгі канал қазып жатқан мықты-мықты деген 84 жігіті де тайлы-таяғы қалмай қызыл эшелонғамінеді.   Содан оларды Қазалы ауданына апарып үш ай ойнатады да, бірден соғысқа кіргізеді.
– Ол кезде немістер Москваға жақындап қалған кез ғой. Бірақ сенің әкеңнің жасы сол уақытта 37-де. Кейде бұл жастағы қазақтарды қара жұмысқа да жіберген. «Трудовой армия» дейді ондайды.
– Негізі біздің әкей артиллерист болған-ау.
– Мәскеу іргесіндегі Ржев қаласы маңындағы әйгілі «Марс» операциясына қатысатын 100-ші және 101-ші қазақ ұлттық атқыштар батольонының құрамында да қазақтың атқыштар батереялары болған. Ондағы артиллерист солдаттардың бәрі алғашқы кезде қазақ жігіттерінен жасақталған болатын.
– Майдан даласына барған соң оларды жан-жаққа бөлмей ме, сонда ауылдан барғандардың ішіндегі   аздап орысша тіл білетін Дүйсенбай деген әкеміз «Алтыншы ауылдан келгендер реті келсе бөлінбейік. Не көрсек те бірдей көрейік» деп үгіттейді. Ең қиыны ойларын ашып айтуға ауыл жігіттерінің бәрі жөнді тіл білмейді.
Майдандық командир бұларды сапқа тұрғызып, аралап келе жатып, әкемнің қасында тұрған   Дүйсенбайға темекі шегетін мүштегін көрсетеді.
– Что это?
– Трубка...
– Молодец. А ты что скажешь?
Не айтарын білмей абдырап қалған әкеме Дүйсенбай сыбырлайды.
– Қолындағы шылым шегетінінің атын сұрап тұр.
Үнсіз қалуды, шегінуді білмейтін әкеміз сарт еткізеді.
– Мүштек.
– И это тоже правильно. Нам в артиллерию надо сильных солдат.
Сол жерде қарулы деген отыздай жігітті таңдап алыпты. Оларды тағы үш ай оқытқан. Содан әкем 1943 жылдың аяғына дейін артиллерияда болған екен.
– Иә, үлкен зеңбіректердің снарядтарының өзі жиырма келінің о жақ, бұ жағында болатын көрінеді. Оның үстіне көшкен кезде ауып кетпеу үшін салмақтылау бір солдатты зеңбіріктің ұңғысына мінгізіп қоятын кездері де бар екен. 152 миллимерлік гаубица дегендерді соғыс сәтінде күтпеген жақтан жау келіп қалғанда, қалаған бағытыңа, өзегінен шыр айналдыра,оңға-солға бұру үшін де үлкен күш керек.
– Рас айтасыз, Асқар көке. Снарядтың ауыр жәшіктерін «Нати» деген тракторға тиейді екен. Зеңбіріктерді де сонымен сүйрейтін болған. Кинодағыдай атқа жекпей, тракторға тіркегеніне қарағанда әкем  ең әйдік зеңбірікте болған-ау.
– Ерліктері де ерекше болған шығар. Орден-медальдары бар ма еді?
– Ой, көп болатын. Гажденбек ағайымның кеудесіне тізіп тағып қоятын. «За отвагу» деген   медальдің өзі екеу еді, ұмытпасам. 
– «Ерлігі үшін» медалін оңайлық­пен бере бермейді. Жауынгерлік медальдің ішіндегі ең құндысы ол.
– Көке, қандай ерлігі үшін алғанын мен білмеймін. Менің айтып жатқаным  Гажденбек ағамнан естігендерім ғой.
– Дұрыс, айта бер. Осының өзінен де Іздіқұл құрдасым туралы біраз жайға қанықтым.
– Өздерінің бригадасы ма, полкі ма, әйтеуір 500-ге жуық адамның ішінде екі-ақ адам өте қарулы болыпты. Бірі менің әкем де, екіншісі Володя Горохов деген орыс жігіті.  Соғыс саябырсыған сәттерде екеуі өзара алысып ойнаса, әкем қазақша күрес әдісіне салып, ананың екі қолын жаздырмай   жамбасқа алып лақтырып жібереді екен. Ал, қолмен ұстаса қалса, орыс жігіті алдырмай, әкемді жығып кететін көрінеді.
– Қай ұлтта да қарулы азаматтар жетерлік қой.
Әкемнің
айтқандарынан
Бірінші ерлігі
– Украина жерінен жауды түре қуып келе жатыпбір өзенге тірелдік. Қасымдақырғыз жолдасым бар, биіктеу жарқабақ басында отырғанбыз. Мұз үстіне топырлай шыққан командирлеріміз әр жерді теуіп көріп жүр.
Қырғызым таңырқай қарап тіл қатты.
– «Теуіп, теуіп ойылмаған жерге отыр» деп сіздің халық айтатындай, Іздіқұл аға, мыналарың не ойластырып жүр?
200 метрдей жерде соларға қарай салып-ұрып келе жатқан «Нати» тракторын көрсеттім. 
– Дәуде болса бастықтар ана тракторды осы жерден мұз үстімен өткізбек.
– Мыналарыңның естері дұрыс па? Өздерінің салмағымен трактордың салмағын салыстырғандары несі?
– Өкінішке орай, оршалақ басшылар елде де, майданда да кездеседі.
– Іздіқұл аға, көрде тұр, қазір тракторлары ойылып кетеді.
– Иә, мұздың қалыңдығы соншалықты емес. Қыс түскені енді ғана, аяз да күшіне кешелі-бүгінді мініп келеді.
– Орыстарыңның басы істемейді.
– Жүр,  барып ойымызды айтайық. Мүмкін райларынан қайтар.
Жаяу мен техника теңесе ала ма? Трактор бізден бұрын жетті. Жетті де жағалауда көп аялдамастан, командирлердің қолын бұлғаған бұйрығына бағынып, ойнақтап мұз үстіне шықты.  Біздің болжамымыз келді. Жағалаудан оншақты метр ұзады ма, ұзамады ма ойылды да кетті. Судың тереңдігі сондай «Натиіңнің» төбесі де көрінбей, ізім-қайым жоқ болды. Тек, сақтықпен есігін ашып айдап келе жатқан әккі тракторист-солдат секіріп аман-есен мұзға түсіпті.
Бұл әрекетті көріп тұрған жақындағылардың бәрі әлгі жерге қарай жүгіріп, үймелей қалады. Командирлер енді солдаттар қарық бола ма деп, оларды құрғаққа қарай қуып әлек.
Жиекте ұйлығып тұрмыз.
– Жолдастар, қалай да тракторды алып шығуымыз керек. Қане, суға түсетін еріктілер бар ма?
Көпшілік тым-тырыс. Қақаған қыста есі дұрыс адам жалаңаштанып суатқа түсе ма? Аяз болса 25-30 гарадустай. Дегенмен көп арасы емес пе, тәуекелшіл батыл жан табылды.
– Мен түсемін.
Менің бәсекелес жолдасым Вовка, Володя Горохов. Енді маған сын. Нар тәуекел. «Не белбеу, не бел кетер» деген халықтың ұрпағы емеспін бе?..
– Менде түсемін.
Жігіттер жаппай бізге қамқорлық жасаудың қамына кірісті. Мұзға тон төсеп тастады. Әуелі жалаңаштанып Вовка түсті. Сәлден соң шықты, маған «әрірек түс» дегендей кеңес берді.
– Друг, чуть дальше.
Орысымды тонға орап, жақын тұрған сарайға ала кетті. Ендігі кезек менікі. Шегінсем өлім. Жалаңаштанып көп тұра берсем, осылай-ақ қатып қаларым белгілі.
«Тәуекел түбі жел қайық, өтерсің де шығарсың».
Көзді жұмдым да, бәрін мұз астына тарта, иірімденіп жатқан қара суға гүп бердім. Вованың жобасы дұрыс болды. Трактордың дәл төбесіне түсіппін. Көзімді ашсам, біздің  Сырдариядай емес, су тұп-тұнық. Жан ұшыра трактордың артына бардым. Мұз үстінен салбырай түсірілген трос­ты керекті жеріне байладым да, демім таусылып, су жұтып қоймай тұрғанда, «батырға да жан керек», аяғыммен серпе жоғары ытқыдым. Одан кейінгісін білмеймін, әйтеуір бәрі мені будкаға алып бара жатқаныемес-еміс есімде. Келе үстіме спирт жағып сылай бастады. 
– Сто грамм выпей. Хорошо будет.
– Нет.
Бар орысшаммен басымды шайқаймын. «Наркомпоекпен» жаны жақын орысым былқ-сылқ. Өле мас. Дәрігер маған күле ымдады.
– Храбрец, тогда с твоего счета одну бутылку спишем. За тебя мы будем пить.
Кейін өзен бетіне бөрене қиып төсеп, көпір салып өттік.
(Жалғасы бар)
14 сәуір 2020 ж. 705 0