Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өкпеде елу жыл тұрған оқ

Өкпеде елу жыл тұрған оқ

Зұлым фашизмнің адамзат баласына әкелген қасіреті қанша уақыт өтсе де аға ұрпақ жадында жаңғырып тұр. 1941 жылдың 22 мау­­сым күні таңсәріде тұтқиылдан басталған соғыс үздіксіз 1418 күнге созылды. Екінші дүниежүзілік соғысқа кеңес одағы құрамындағы рес­публикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. Деректерге сәйкес, елімізден аттанған 1 миллион 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан оралмады. Жалпы бұрынғы кеңес одағының 27 миллион­ға жуық адамын жалмаған қанды қырғынға елімізден аттанғандардың ішінен ерлік көрсетіп, елге келгендердің қатарында жауынгер Байыш Байзілдаев та бар.
«Өткендердің қадірін білу, олардың арман, мүдделерін жалғастыру – адамгершілік парыз ғана емес, қоғамдық дамудың, ілгері басудың негізгі алғышарттарының бірі» дейді Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сүрудің бақыты бұйырды. Ата-бабамыздың басынан өткен сан қилы тағдыр тарихқа айналды.
Сыр елінде туып-өскен Байыш Байзілдаев көп балалы отбасында тәрбиеленді. Соғыс басталғанда бір отбасынан Дүйсен, Құламқадір, Шақан, Байыш және Айыш есімді бес азамат бірдей майданға аттанған. Үлкені Дүйсен майдан даласында қаза тапса, Құламқадір елге аман-есен оралды. Шақан бір аяғынан айрылып, мүгедек болып елге келді. Айыш болса хабарсыз кеткендердің қатарында. Біз әңгіме еткелі отырған Байыш әке – Тамбов қаласында лейтенанттар курсынан өтіп, пулемет взводының командирі болған жауынгер.
Екінші Белорусь майданында соғысқан Ба­йыш Байзілдаев 1944 жылға дейін Отан үшін от кешкен.
– Менің әкем 1944 жылы 23 шілде күні Варшава қаласын азат ету кезінде ауыр жарақат алған. Оқ өкпесіне тиіп, сол оқ өмірінің соңына дейін өкпесінде қадалып тұрған. Госпиталь дәрігерлері әкеме «Ота жасау қиын, оқ өкпеңізде тұр. Оқ әлі өкпеңізде 50 жыл тұрады. Денсаулығыңызға қауіп жоқ» депті. Дәрігердің айтқаны дәл келді. Әкемнің өкпесіндегі оқ 1995 жылға дейін тұрды. Сол жылы оқ жүрекке қарай жылжып, 29 сәуір күні 79 жасында өмірден озды, – дейді жауынгердің ұрпағы, ардагер-ұстаз Фатима Байзілдаева.
Қандай білгірлік, қандай дәлдік. Осы күні ойлап қарасаңыз, дәрігердің біліктілігіне қайран қаласыз. «Денсаулығына зияны жоқ» деп айтқан оқпен сонша жыл өмір сүру мүмкін емес нәрсе сияқты. Дегенмен ота жасаған неміс дәрігерінің сөзіне Байыш ақсақал өмір бойы риза болып кеткені анық.
Ұлы Отан соғысынан оралғаннан кейін Ба­йыш әке өмірлік серігі Ақбала апамен бас қосты. Дүниеге 9 бала әкеліп, өнегелі отбасы атанды. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат қаржы саласында еңбек етті. Мемлекеттік сақтандыру, қаржы бөлімінде ұзақ жыл қызмет етті. Елде нан зауыты болмаған шақта зауыттың салынуына себепші болды. «Еңбекші» деп аталатын артельде бөлім бастығы болғанда нан, қант, науат шығаратын цехқа басшылық етті.
«Елде болса, ерінге тиеді» дегендей, елді ұйымдастырып, адал қызмет еткен жауынгер Байыш Байзілдаев адал еңбек иесі атанды. Ел-халқына өзінің шыншылдығымен, ең­бек­қорлығымен, бауырмалдығымен сыйлы бол­ған Байыш әке туған-туыстарының балаларына ерекше қамқорлық жасады. Әсіресе, жиендерінің білім алуына жағдай жасағанын осы күнге дейін оны білетіндер айтып жүр.
– Әкем зейнеткерлікке шыққан соң да қол қусырып жатпады. Оның қолынан ағаштан түйін түю келетін. Үй жиһаздарын жасайтын. Үйдің терезесін, есігін жасап, тұрмыста қолданатын шкаф, ыдыс-аяқ қоятын буфет, күбі, қол жуғыш жасағанын көзіміз көрді. Бір ғажабы, әкем ағаштан түйін түйгенде бір де бір темір шеге қолданбайтын. Оның орнына ерінбей, жалықпай ағашты үшкірлеп өз қолымен шеге жасайды. Ал жасаған бұйымдарын көрсеңіз, өте әдемі және сапалы болатын, – дейді әке өнегісін еске алған қызы Фатима апай.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Ба­йыш ақсақалдың шеберлігі сонда оның қолынан тігін тігу де келген. Тон, ішіктен бастап, аяқ киім тігудің де шебері болған. Балаларына сәнді етіп киім-кешек тігіп, былғарыдан етік тіккенде жақындары қуанышқа бөленген.
Өнегелі өмір кешкен отбасында өскен ба­лаларының барлығы жоғары білімді маман атанды. Олар әкелерінің омырауында жарқыраған «Қызыл жұлдызды», көптеген ордендер мен медальдарды көріп, сүйсінетін. Қазір әкелерінің бұл наградалары оларға аманат секілді көздің қарашығындай сақтаулы тұр.
Тамырын тереңге тартып, жапырағын жай­ған бәйтеректей үлкен әулетке айналған отба­сының баянды бірлігі мен тірлігі жарасым тапты. Әке шаңырағында дүниеге келген ұрпағы өрісті кеңейтіп, өнегелі өмірді жалғастыруда.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, әруақтарға арнап ас беру, ата-ананы еске алу Байзілдаевтар әулетінде дәстүрге айналған. Мұны ұрпақтары ата-ана алдындағы парызымыз деп біледі.

Бибісара ЖАНӘЛІ
14 сәуір 2020 ж. 695 0