Батырларды іздеушілер бар ма?
Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Қазіргі жас ұрпақтың санасында осы тағлымды сөз жатталып тұруы тиіс. Өйткені бүгінгі бейбіт өмір үшін сұрапыл соғыста жауынгерлер жан алысып, жан берісті. Қан кешіп жүріп, ұрпақ үшін кескілескен ұрыста жауға тойтарыс берді. Сондай жанкештіліктің арқасында Ұлы Жеңіске қол жеткізді. Міне, сол себепті де ерлік көрсеткен жауынгерлердің есімі ешқашан ұмыт болмай, ұлықталып тұруы – кейінгі ұрпаққа міндет.
Келер жылы Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толады. Бұл қан майданда жауға тойтарыс берген жауынгерлерді сол мерекеде ғана ұлықтау керек деген сөз емес. Керісінше, майдан даласында ерлік көрсеткен батырларға әр күн сайын құрмет көрсетіліп отырса, артық етпейді. Себебі кескілескен шайқаста Отан үшін жанын пида еткен жауынгер ерлігі ерен.
Сұм соғыстан миллиондаған жауынгер елге мүгедек болып оралды. Одан бөлек отты жылдары майдан даласында хабар-ошарсыз кеткен сарбаздар қатары да жетерлік. Соғыстан кейінгі жылдары қанды қырғыннан оралмаған боздақтарға іздестіру жұмыстары жүргізіліп, көптеген майдангерлердің жерленген жері табылды. Сол жұмыс бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып, әлі де іздестіру шаралары тоқтаған жоқ. Оның бір айғағы, 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығында Ленинград майданында ерлікпен қаза тапқан айдарлылық Нуреден Тоқбенбетовтың сүйегі табылып, туған жердің топырағы бұйырды. Ленинград облысының Тортолово елді мекені аумағындағы Мәскеу-Ленинград темір жолы бойынан табылған мүрденің қасында жауынгерлік бойтұмар болған. Сол арқылы оның Нуреден Тоқбенбетов екендігі, Сырдария ауданынан әскер қатарына алынғандығы анықталған. Сол бойынша жауынгер сүйегі Айдарлыға жеткізіліп, ұрпақтарының ізденісі нәтиже берді.
Ұлы Отан соғысының 75 жылдығы қарсаңында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің 2019 жылғы 16 қыркүйек айындағы шығыс №0101-19/4431 жедел хатының негізінде боздақтар Ержанов Урда Ибраевич, Наурузбаев Примжар Баймаханович, Раскильдиев Муса және Сятов Ерниаздың (құжат бойынша) туыстарын іздеу жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылған. Бұл облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Е.Байболовтың хаты арқылы аудандарға жіберілген. Яғни қан майданда ерлік көрсеткен жауынгерлердің батырлығын паш етіп, олардың есімін мәңгі ету мақсат етілген. Облыстан сұм соғысқа аттанған аталған жауынгерлер туралы көп ақпарат жоқ. Тек кіші лейтенант Урда Ержанов (1923 жылы туған) 1942 жылы әскер қатарына алынғаны белгілі. Ал кіші лейтенант Примжар Наурузбаев (1923 жылы туған) 1943 жылы Қазалы аудандық комиссариат арқылы әскерге шақырылған. 1944 жылы Жаңақорған аудандық комиссариат арқылы әскер қатарына алынған кіші сержант Муса Раскильдиев 1925 жылы туылған. Сондай-ақ аға сержант Ерниаз Сятов (1923 жылы туған) ұрыс даласына 1939 жылы аттанған. Жауынгерлер «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылыпты. Бұл жөнінде білмекке аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге арнайы бардық. Мұнда осы майдангерлердің туыстарын іздестіру шараларымен тікелей айналысатын бөлім инспекторы Шолпан Үсенова мәлімет берді.
– Соғыста ерлік көрсеткен батырлар туралы іздестіру шаралары тұрақты жүргізіліп келеді. Сіз сұраған мәлімет бойынша бізге арнайы тапсырма келді. Соған сәйкес аудандағы барлық ауылдық округке арнайы хат жолдадық. Бірақ бұл жауынгерлер жөнінде мәлімет табылмады, – деді бөлім инспекторы.
Байқағанымыздай, Примжар Наурузбаев пен Муса Раскильдиев Қазалы мен Жаңақорған аудандық комиссариат арқылы әскер қатарына қосылған. Демек, екі жауынгер сол жақтың тумасы екені анық. Ал Ернияз Сятов туралы Қармақшы аудандық «Қармақшы таңы» газетінде «Соғыс ардагері Ернияз Сәтовті білетіндер бар ма екен?» деген мақала жарияланды. Сондай-ақ жақында Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің бас редакторы А.Батырбеков «Жалағаштан шыққан Кеңес Одағының батыры немесе 75 жыл кешіккен атақ» деген зерттеу мақала шығарды. Онда Ернияз Сәтов (мақала бойынша) Жалағаштан шыққан Кеңес Одағының батыры екені айтылады. Ол «Қызыл Ту» орденімен наградталған. Оның іздеушісі табылып отыр.
Ал Урда Ержанов әскер қатарына облыстық комиссариат арқылы алынған. Ол І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған. Жауынгердің соғыстағы ерлігі туралы архивтік құжатта ғана кездеседі. Онда «Товарищ Ержанов, принимая участие в прорыве сильно укрепленной немецкой обороны в районе деревне Вулька-Лаговска с 14.01.45 и по овладению город Фадом в составе батареи совместно с частями 274 СДБ/СК, действовал смело и решительно в результате чего экипаж которым командовал товарищ Ержанов, огнем из своей пушки уничтожил 2 пулеметных точки, 2 миномета, 2 дота и не менее 80 гитлеровцев» делінген.
Жалпы төрт жауынгер де жоғары награда «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылған. Мұндай мәртебеге екінің бірі лайық болмағаны белгілі. Сондықтан жауынгерлердің жоқтаушылары, іздеуші ұрпақтары табылып жатса, жоғары награда беріліп, олардың көзіндей болмақ.
Бізбен әңгімесінде «Бұл кісілерді танитындар болса, аудандық қорғаныс істері бөліміне хабарласса екен» дейді Ш.Үсенова.
Сондай-ақ бөлім қызметкері ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті жауынгерлік дәстүрді сақтау және Отан қорғаушылардың есімдерін мәңгі есте сақтау жұмыстарын жүргізіп жатқандығын жеткізді. Осыған сәйкес Ресей Федерациясы Иваново облысында екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ерлікпен қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер жерленгені анықталған. Оның ішінде Тереңөзек әскери комиссариаты арқылы майдан даласына аттанған сарбаздардың есімі кездескен. Атап айтқанда, ефрейтор Анас Құрманбаев пен қатардағы жауынгер Оразбек Нұрлановты іздестіру шарасы қолға алынған.
– Біздің қолымызда «Боздақтар» кітабы бар. Мұнда соғыстан оралмай, қаза болған жауынгерлер туралы ақпарат берілген. Арнайы іздестіру шараларында осыған жүгінеміз. Кітапта Оразбек Нұрланов туралы мәлімет бар. Ал Анас Құрманбаев туралы жазылмапты. Десе де туысқандарын іздестіру нәтижесінде біз 1900 жылы туылған А.Құрманбевтың ұлын таптық. 1936 жылы 4 сәуірде дүниеге келген Құрманбаев Баянды Анасұлы қазіргі таңда Қызылорда қаласы Шұғыла мөлтек ауданында тұратыны белгілі болып, оған хабар берілді, – дейді бөлім қызметкері.
Ал О.Нұрланов туралы барлық елді мекенге хат жіберілген. Бірақ оның туыстары табылмаған сыңайлы. Ол туралы «Боздақтар» кітабында «Қатардағы жауынгер 1916 жылы бұрынғы «Тасарық» колхозы жерінде туған. Білімі ортадан төмен колхозшы Сырдария аудандық әскери комиссариат арқылы 1943 жылы әскерге алынып, 310-ӘБАП 8-АД құрамында атқыш ретінде соғысқа қатысқан. 1945 жылы 6 мамырда ауыр жарақаттан 138-АД, 135-ЕМСБ-да қайтыс болған. Чехословакиядағы Гутинско селосындағы зиратта жерленген» делінген.
Иә, оқ пен оттың ортасында қан кешіп жүріп жаудың бетін қайтарған батырлардың ерлігі мен өрлігі өскелең ұрпаққа өнеге дейміз. Сол кезеңде жауынгерлер ұрыс даласында Отан үшін жанын беріп шайқасты. Көбісі көмусіз де қалды. Майдан даласынан қаншама қара қағаз келді. Сұм соғыс Жеңіспен аяқталғанда қаза болған жауынгерлерді іздестіру қарқынды жүрді. Соның нәтижесінде біраз батырдың есімі ұлықталып, туған жер топырағы бұйырды. Дегенмен майдан даласында хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлер әлі де бар. Оларды осындай мемлекеттің және ұрпақтарының іздестіру шаралары арқылы ерліктерін паш етуге мүмкіндіктер жасалуда. Оған көп болып көмек көрсету – сол батырлар алдындағы парыз деп білеміз. Асылында, кеудесінен жаны шыққанша жаумен арпалысып, мүрдесі майдан даласында қалған майдангерлер жайлы мәлімет қай кезде болмасын тарих беттерінде алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ