Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің мерекелік құттықтауы

Аудан әкімінің мерекелік құттықтауы

Қымбатты Ұлы Отан соғысының ардагерлері!
Құрметті тыл еңбеккерлері!
Сұрапыл соғыстың оғы мен отынан елге аман-есен оралған кешегі жеңімпаз жауынгер, бүгінгі алтын қазынамыз – ардагер ағаларымыз бен апаларымызды Ұлы Жеңістің 74 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін біз 1418 күн мен түнге созылған ең сұрапыл да қатал, қатігездігімен есте қалған Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 74-ші бейбіт көктемін қарсы алып отырмыз.
Бұл мереке – еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн, өшпес ерлік пен қайсар рухтың мерекесі.
«Ерді елі үшін, жігітті жұрты үшін мақта!» – дегендей бүгін біздер Сырдария топырағынан шыққан Кеңес Одағының Батырлары Нағи Ілиясов пен Жаппасбай Нұрсейтов бастаған соғыс ардагерлерінің есімін мақтанышпен айтып, ерліктеріне бас иеміз.
Жалпы, Сырдария ауданынан Ұлы Отан соғысына 3 мыңға жуық азамат аттанып, жартысынан көбісі туған жерге оралмады. Олар Отан үшін шейіт болды.
Тек қан майданда ғана емес, тылда жұмыс істеп, ашаршылықты, ауыртпалықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей жұмыс істеген қайратты да қайсар жандарға бүгінгі ұрпақтың алғысы шексіз.
Ардақты ардагерлер!
Сұрапыл соғыс жылдарында қаза болғандар мен елге аман оралған батырларымызға, тыл ардагерлеріне басымызды иіп, тағзым ете отырып, ешкімнің де, ештеңенің де ұмытылмайтынына, Отан үшін от кешкен ерлеріміздің ерлігінің де, еңбегінің де ұрпақтар жадында мәңгі сақталатынына сенеміз.
Біз есімдері тарихтың бетінен мәңгі өшпейтін аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Бүгінгі Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен ауданымыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі.
Сіздерді, әсіресе соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесімен тағы да құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және баянды бақыт тілеймін.
Ерлік ұрпаққа ұран, елге мұра болсын, ардақты ағайын! Аспанымыз ашық, бейбіт өміріміз баянды болсын!
Құрметпен, Ғанибек ҚАЗАНТАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі
09 мамыр 2019 ж. 1 258 0