Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Даңқы асқақ болған Сыр мұрабы

Даңқы асқақ болған Сыр мұрабы

Серікбай Бедебеков 1886 жылы Тереңөзек қыстағында дүниеге келді. Ауыл молдасынан арабша хат танып, білім алды. Кейін Ресейге аттанып, гимназияда оқыды. 1923 жылы Ташкенттегі су шаруашылығы мамандарын даярлайтын халық университетінде білімін толықтырып, инженер-гидротехник мамандығын алып шықты. Бұл кезде Сыр жұртшылығы осындай білікті маманға сусап отырған. Ол туған жерге оралды. Ел қуанып, жас маманды құшақ жая қарсы алды.
Ауыл баласының жастық шағы қиындықпен өтті. Кейде жалданып жұмыс істеп, өзінің еңбексүйгіштігімен елге танылды. Оның алғырлығын байқаған Ақмешіт басшылары 1906 жылы қалалық болыстық қызметтің хатшылығына тағайындады. Осы кезде зиялы қауым өкілдерімен танысып, өмірге, еңбекке деген көзқарасын қалыптастырды. С.Өтегенов, Ж.Ақбергенов, З.Иманжанов, ағайынды Лапиндер, Д.Нысанбаев секілді азаматтар мектебінен өтті. Екі тілге бірдей сауатты инженер-су маманы түні бойы сызбалар сызып, каналдар жобасын жасады. Жас маман Серікбайдың қызметі жоғарылай берді. Қазан төңкерісінен кейін сауаты мол азаматтарды лауазымды қызметтерге ұсыну өріс алды. Ол Ақмешіт уездік атқарушы комитетінің хатшысы, кейін 1919 жылы облыстықсу шаруашылығы бөлімінің басшылығына көтерілді. Көп кешікпей Түркістан республикасында халықтық жер комитеті жер-су саясаты бөлімінің нұсқаушысы болған сәттерде өзінің қабілетін, білімдарлығын тағы байқатты. Жас инженер-гидротехниктің жобасымен жасалған каналдар бойымен су толассыз ақты, егіншілік мәдениеті көтерілді. Еңбек жолы қайта басталды. Жер-суды білетін азамат ауыл жастарын ұйымдастырып, шөл даланы суландырды, каналдар қаздырды. Сырдария, Жалағаш, Тереңөзек аудандарында су маманы болып қызмет атқарған жылдары Серікбай Бедебековтің тасы өрге домалады. Қызылордадан Қаракеткенге дейінгі жүз шақырымдық дамба соғылды. 1924 жылы өзі бас болып қаздырған Райымбек, Бостандық, Бөкейхан, Сталин, 1935 жылы Ақарық, Көксу, қысқасы 30-дан астам каналдың бойына қан жүгірді, егіншілікке жол ашылды. Су тасқынына кезікпеу үшін жүз шақырымдық «Қызылорда - Қ а р а к е т к е н » дамбасын, айта беретін ыза-дан көтерілген «қызыл судан» құтқарды. Бұрын су шықпаған өңірлерде тіршілік бастады. Бедебековтің даңқы асқақтады, жер-жерден іскер маманның тәжірибесін алуға, үйренуге делегаттар ағылды.
Архивті ақтарып отырсақ, 1926 жылы гидротехник Серікбай Бедебеков сызған сызбалар, тың жерлерге су шығару тәсілдері туралы ұсыныстары, тасқа басқандай қолтаңбасына қайран қаласың. Бедебеков мектебінен ұшқан талай маманның ұрпақтары әке жолын қуып, су шаруашылығында еңбек жолын жалғастырып жүр. Өзімен қызметтес болған Оразбай Мәлібеков, Мақат Алдамжаров, Жүніс Ұстабаев, Қарымсақ Үсенбаевтарды аузынан тастамай отырушы еді.
Су шаруашылығын басқарған Максимов, Анасов, Попов, Төреханов, Гукасов сынды азаматтардың ықыласы бөлек болды.
– Серікбай Бедебекович, сізге ақылдасуға келдім. «Шіркейлі» каналының табанын кеңейту керек болып тұр, – деді Гукасов.
– Ә, дұрыс шешім. Болашақта суды молайту, үнемдеу үшін бұл қадамды осы бастан қолға алу керек, – деді Серікбай.
Ұсыныс қолдау тапты, «Шіркейлі» каналында су молайып, егіншілік көлемі артты.
Тарихи деректер не дейді? Атақты Қарақұм көтерілісін бейбіт жолмен тоқтамға шақыру үшін Бедебеков келіссөз жүргізуге аттанды. Бір топ сарбазбен барып, көтерілісті бейбіт бітімге келтірді.
Ол адалдықты ту етті. Дүниеден өткенше ораза-намазынан жаңылмады. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген сөзді аузынан тастамады. Қиянатты да көрді, бірақ ешкімді сатпады. 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшырады. Алты ай түрмеге отырып, өзінің адалдығын дәлелдеп, ақталып шыққаны аңызға бергісіз.
Білгір ұйымдастырушы шөл даланы суландырудағы ерен еңбегі үшін талай құрметке, орден, медальға, бағалы сыйлықтарға ие болды. 1926 жылы «1 май» каналын қаздырудағы ерекше еңбегі үшін арнайы күміс сағат пен қаржылай сыйлыққа ие болды. Осынау аты аңызға айналған адам 1971 жылы 85 жасында бақи дүниеге аттанды.
Қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді гидротехник Серікбай Бедебековтің үрім-бұтағы өркен жайып келеді. Ұлы Ерәлі Бедебеков мәдениет және өнер саласында еңбек етті. Кезінде облыстық филармонияны басқарды. Нұрғали білімді ұстаз болды, Тереңөзек кентіндегі No35 Калинин атындағы мектеп директоры болды. Ал атаның көзіндей Қадиша Серікбайқызы қазір ортамызда жүр. Қысқасы, Бедебековтер әулеті немере, шөберемен шаңырақты жалғастырып келеді.
С.Бедебековтің екі ұлы соғысқа аттанып, ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. Батыр ұлдарының ерлігі туралы әскери құжаттарда айшықты суреттелді, жазылды. Сыр мұрабы атанған ардақты жанның құрметіне облыс орталығы – Қызылорда қаласындағы бір көше берілді.
Әулеттің үрім-бұтағы жиналып, 24 қараша күні Серікбай Бедебековтің дүниеден өткеніне 48 жыл толуына орай «Сырдария-Ақмешітте» орталық мешітінде ас беруді ұйғарып отыр. Шәкірттері, яғни, су мамандары жүрекжарды естеліктерін арнамақ. Асқа жиналғандар ата рухына тағзым етері ақиқат.

Қайырбек
МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.
25 қараша 2019 ж. 662 0