50 жылға жуық қаржы саласында еңбек етті
Қонысбек Әбсадықұлы Тереңөзек ауданының төл тумасы. Бұрынғы Құндыздымай, қазіргі Сәкен ауылында 1939 жылдың 20 қазанында дүниеге келген. Бастауышты ауылында оқып, одан кейінгі сыныптарды аудан орталығындағы №35 М.И.Калинин атындағы орта мектепте оқыған. Он жылдықты бітіргеннен соң бала күнінен көкірегіне ұялаған арманы – есепші болуды мақсат тұтып, Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылық техникумының бухгалтерия бөліміне оқуға түседі. Қонысбек аға бала күнінен есепке жүйрік болды. Осы пәннен сабақ берген ұстаздары да шәкіртін «болашақта бухгалтер боласың» деп мақтап қоятын. Ол кезде ауылда есепші мұғалімнен кейінгі қадірлі мамандық еді.
Қ.Әбсадықұлы Қазалыдағы техникумда үш жыл оқып, бухгалтер дипломын алып, ауылға оралды. Туған ауылы «Ленин» колхозында есепші болып еңбек жолын бастады. Жас маманның орнықты мінезі, өз ісіне деген асқан жауапкершілігі алғашқы күннен-ақ көріне бастады. Әрбір колхозшының еңбегі дұрыс бағаланып, еңбеккүн толтыру, колхоздың есеп саласын жолға қою жүзеге асырылды. Колхозда жұмысына нық бухгалтер бар деген әңгіме ауданға жетті. Ол заманда жақсы кадр жерде қалмайды. Еңбегі бағаланып, қызметін өсіруге ықпал етілетін. Осындай қолдаудың нәтижесінде ауылында екі жыл еңбек етіп, көзге түскен Қ.Әбсадықұлын аудандық ауылшаруашылық басқармасы сол кезде жаңадан ашылған «Қараөзек» кеңшарына бас бухгалтердің орынбасары етіп тағайындайды. Бұл жас маманға білдірілген үлкен сенім еді. Өйткені, ол уақытта облыс бойынша екі ғана кеңшар болыпты. Бірі Қармақшыда, екіншісі осы «Қараөзек» кеңшары. Ал қалғаны ұжымшар (колхоз) екен. Сонда үлкен бір шаруашылықтың есеп-қисабын жүргізетін бас бухгалтерге орынбасар болу 22 жастағы Қонысбек ағаға олқы соқпапты. Тынбай іздене жүріп, тәжірибесін жетілдірген мамандығына беріле қызмет етудің нәтижесінде «Қараөзек» кеңшарында төрт жыл еңбек еткеннен кейін аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бас бухгалтерінің орынбасарлығына шақырту алған. Онда бірер жыл жұмыс жасап, өзінің білікті маман екенін көрсеткен Қ.Әбсадықұлы асыл тұқымды қаракөл қой шаруашылығымен айналысатын ірі кеңшар – Амангелдіге бас бухгалтер болып тағайындалады. Сол тұста бұл кеңшар Ауылшаруашылығы Министрлігіне қарайды екен. Шаруашылықтың есеп-қисабын басқаратын бас бухгалтер ай сайын Мәскеуге тікелей есеп беріпті. Есебі ешқандай қатесіз қабылданып отырған. Қай қоғамда да бас бухгалтер болып еңбек ету оңай емес екенін, бұл лауазымды қызмет екінің бірінің қолынан келе бермейтінін бүгінгі аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. Бір қуанарлығы, біздің кейіпкеріміздің есебінен ешқашанда шашау шықпаған. Бұл Қонекеңнің маман ретінде мықтылығын көрсетсе керек. Соның арқасында ағамыз Амангелді кеңшарында он алты жыл бас бухгалтер болып еңбек етіпті. Шаруашылықтың экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан. Екпінді еңбек ете жүріп, жоғары білім алуды да естен шығармаған. Алматы Халық шаруашылығы институтының бухгалтер бөлімін сырттай оқып бітірген. Сонан кейін тәжірибесі толысқан білікті маманды артта қалған шаруашылықты көтеруге жіберген. Сөйтіп, Амангелді кеңшарынан ХХІ партсъезд атындағы шаруашылыққа бас бухгалтер болып орын ауыстырды. Қай шаруашылықта еңбек етпесін бас маман аудандық ауылшаруашылық басқармасының жіті назарында болады. Төрт жылда артта қалған шаруашылықты алға шығарып, есеп-қисабын жолға қойған Қ.Әбсадықұлын аудан басшылары аудандық ауылшаруашылық басқармасының бас бухгалтері етіп бекітеді. ХХІ парсъезд кеңшарында және аудан орталығында қызмет етіп жүргенде ол жеті мәрте «Облыстың еңбегі сіңірген бухгалтері» атағына ие болды. «Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медалін төсіне тақты.
Аудан бойынша ауылшаруашылығы құрылымдарының жұмысын үйлестіретін аудандық басқармада Қонысбек аға бас бухгалтер болып, табаны күректей 21 жыл қызмет атқарды.
Тәуелсіздіктің елең-алаңында аудан басшыларымен бірге егде жасына қарамастан ел мүддесі үшін күн-түн демей жұмыс жасады. Соның нәтижесінде бұрынғы Тереңөзек ауданының ізіндегі көптеген шаруашылықтарды ыдыратпай сақтап қалуға Қ.Әбсадықұлы да өз үлесін қосты.
Есеп саласының қажырлы қайраткерінің еңбек өтілі 49 жылды құрайды. Оның 41 жылында аудандық ауыл шаруашылық басқармасында және жоғарыда аталған қос шаруашылықта бас бухгалтер болды. Қандай мықтылық!
«Қаржы есепті сүйеді» дейді орыс мақалы. Сол айтқандай білікті маман миллиондаған қаржының мақсатты жұмсалуын есепке мықтылығының, өз ісіне берілгендігінің арқасында абыроймен реттеп отырды.
Жақында абзал азаматтың 80 жасқа толуына орай оның отбасында аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров болып, ауыл шаруашылығы саласының ардагеріне аудан әкімі Р.Рүстемовтың Құттықтау хатын табыс етті. Сол құттықтау үстінде Бақытжан Зинаддинұлы Қонекеңнің ауданға сіңірген еңбегі зор екендігін атап өтті.
Қ.Әбсадықұлы ұлын ұяға, қызын қияға қондырған аудандағы өнегелі отбасының басшысы. Сүйікті жары Бибімариям апамен бас қосқандарына алдағы жылы 60 жыл толады. Ерлі-зайыпты абзал жандар 1 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығы аяқтанды, барлығының жоғары білімі бар, үйлі-күйлі. Қос қария бүгінде ұлы Мұраттың қолында. Немере мен шөберенің қызығына бөленуде. Ұлы жоғары білімді құрылысшы болса, келіні Айгүл ауданға белгілі білікті дәрігер. Үлкен немересі Әнуар анасының жолын қуған жоғары білімді дәрігер, қазір Нұр-Сұлтан қаласында №2 қалалық емхананың бас кардиологы. Келіншегі дәрігер-гинеколог. Әнуардан кейінгі Арайлым да дәрігер. Ең кіші немере Әлішер әкесінің жолын қуған болашақ инженер. Назарбаев университетінің студенті.
Осылайша ұрпағына үлгі болып отырған қос қария отбасының сәніне айналып, немере мен шөбереге саялы бәйтерек болып келеді.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ