Қажырлы қайраткер
Сыр бойында туған бала өскенде мұрап болуды мұрат тұтады. Өйткені су – тіршілік көзі екенін жастайынан санасына сіңіреді. Қасиетті Сыр ана ежелден жағалауындағы елдің асыраушысы, панасы болған. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Қазақ халқының тарихында ақтаңдақ жыл болып саналатын тас мешін – ашаршылықтан бір жыл бұрын Тереңөзек топырағында дүниеге келген. Ол бала күнінен жоғары білімді мұрап болуды армандады. Бір отбасында әкесі мен ағасы бірі егінші, бірі малшы еді. Оларға алмакезек көмектесетін. Егінші жұмысының қиындығын көргендіктен әкесіне болысып, еңбегін жеңілдетуді көздегені рас.
Тереңөзек қыстағы орталығындағы №35 М.И.Калинин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Өзбекстанның астанасы – Ташкенттің гидромелиоративтік құрылыс институтына оқуға түсті. Алыс қалада оқу оңай болған жоқ. Етінің тірілігінің арқасында таршылық кездің қиындығын жеңе біліп, сабағын да жақсы оқыды. Жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алып, туған жерге оралды. Алғашқы еңбек жолын аудандық құрылыс мекемесінде қатардағы инженер болып бастады. Тәжірибе жинақтай келе учаске бастығы дәрежесіне көтерілді.
Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап аймақты суландыру, егістік жерлерді инженерлік жүйеге келтіру жұмыстары қарқын алды. Осы кезеңде Тыныштықбай Сырғабаев нағыз білікті маман ретінде танылды. Кезінде осы Тыныштықбай ағаның қарамағында жұмыс жасаған, бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан зейнеткер, Тереңөзек тұрғыны Өмірзақ Бедебеков Тәкең туралы былайша жарқын естеліктер айтты.
– Т.Сырғабаев аудан үшін елеулі жұмыс жасаған қажырлы қайраткер десем жаңылыса қоймаспын. Аудан шаруашылықтарының егістік алқаптарын суландыру үшін белсенді еңбек етті. Әйтектің жоғарғы жағынан Елтай каналы қазылып, Онділдә арнасына су жеткізілді. Сондай-ақ Әйтек каналында сағасы бар Қаракөл арнасы арқылы Сәкен ауылы аумағындағы Шағырлы және Қараөзектің Бәйге аралығын қамтитын тыңайған жерлер игерілді. Айта берсе бұл істе қиындық шаш-етектен кездесті. Ол кезде жер қазатын, тегістейтін техникалар қазіргідей көп емес еді. Жұмыстың көбі қолымен атқарылатын. Бізде сол игілікті істі жан-тәнімізбен, адал жүрекпен атқарғандықтан, қайтарымы нәтижелі болды. Сондықтан «Әйтек» каналын ел ырысы деп атасақ жарасады. Бұл ірі су жүйесі қазіргі кезде төменгі сағада отырған Сырдария, Жалағаш аудандарының егін шаруашылығын сумен қамтамасыз ететін бірден-бір ірі арна. Бұл құрылыста Тыныштықбай Сырғабаев бастаған білікті мамандардың жарқын қолтаңбасы бар, – дейді Өмекең.
Алғашында аудандық құрылыс монтаж басқармасында, кейіннен №15 Жылжымалы механикаландырылған колоннада учаске басшысы болып көп жыл жұмыс жасаған Тыныштықбай Сырғабаев еңбегі еленіп, 1970 жылы «В.И.Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медалімен, 1974 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Мұнан соң Т.Сырғабайұлының қызметі өсіп, Қызылорда «Союзгипрорис» жобалау институтына директор болып тағайындалды. Бұл лауазымда жүріп болашақ су, құрылыс мамандарын даярлауға елеулі үлес қосты. Қызылорда политехникалық техникумы жанындағы мемлекеттік емтихан қабылдау комиссиясын 10 жылдан астам уақыт басқарды. Алпыс жасында зейнетке шығып, Қызылорда қаласының қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Асыл азамат 2011 жылы сексенге қараған шағында дүниеден озды.
Осы мақаланы баспаға әзірлеу барысында облыстық «Сыр бойы» газетінің 2019 жылдың 17 қазанында (№156 саны) жарық көрген «Ғалым ғибраты» деген мақаламен таныстық. Авторы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Серікбай Қошқаров. Білікті ғалым өз мақаласында «Ұлы дария о бастан өз жағалауын көкорай шалғынға айналдырған. Сондықтан өзен суын осы аймақта тірлік еткен азаматтардың мұқтажына жарату маңызды мәселе болған. Өткен ғасырдың екінші жартысында Сырдария арқылы осы алқап азаматтарының экономикалық әлеуметтік жағдайын көтеру басталып, соның негізінде 30-40 жыл шамасында мол нәтижеге қол жеткені баршаға мәлім. Маңызы аса жоғары ауқымды жұмыстың басы-қасында жүріп, ерен еңбегімен көзге түскен Ержігіт Бозғұлов, Сабыр Арыстанбаев, Елтай Құтыбаев, Айқынбай Дүйсеков, Елтай Тыныштықбаев, Мәделхан Нәлібаев, Тыныштықбай Сырғабаев, Әскербек Мақұлбеков, Жанайбек Сақтағанов, Әбдіманап Құтжанов тағы басқа азаматтардың есімдерін Сыр халқы зор ілтипатпен еске алады» деп атап өткен. Оның жуан ортасында біздің кейіпкеріміз Тыныштықбай аға Сырғабаевтың есімі аталғаны жерлестерінің жүрегіне қуаныш отын ұялатады. Бұл абзал азаматтың адал еңбегін паш етеді. Сырдариялықтар Сырғабаевтың аймақ үшін абыройлы жұмыс жасағанына куә болып, оның өнегелі ісін жас ұрпаққа үлгі етеді.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ