Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Республикалық спартакиадаға жолдама алды

Республикалық спартакиадаға жолдама алды

Газетіміздің өткен санында «Тереңөзек» шағын футбол командасының суперлигаға жолдама алғанын жазған болатынбыз. Осы жақсы жетістікті №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің құрамасы еселей түсті.

26-27 наурыз күндері облыстық білім басқармасының «Аймақтық дене тәрбиесі методикалық орталығы» футзалдан жарыс ұйымдастырды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілген спорт бәсекесіне өңірдегі білім беру ұйымдарының 9-11 сынып оқушылары қатысты. «Ұлттық мектеп лигасы» аясындағы теңбіл доп додасы карантин талаптары сақтала отырып ұйымдастырылды.

Аталған жарысқа Сырдария ауданынан №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектеп оқушылары қатысып, аудан абыройын қорғады. Нұрлан Ерғалиев пен Роллан Бисембаев жетекшілік еткен оқушылар топтық кезеңде Қазалы ауданының құрамасын 2:1 есебімен жеңді. Сондай-ақ шиеліліктерді де 3:2 есебімен ұтып, өз топтарында ұпай санымен алға шықты. Ақтық сайыста тереңөзектік жас­тар Байқоңыр қаласының спортшыларымен бақ сынасты. Ойын өте тартыс­ты өтті. Негізгі уақытты қос құрама 5:5 есебімен тең қорытындылады. Ал жеті метрлік айып добын қақпаға бағыттау сынында тереңөзектіктер қарсыластарынан 4:3 есебімен басым түсті. Осылайша, республикалық спартакиадаға жолдама жеңіп алды.

Атап өту керек, Ұлықбек Жомартов «Үздік қақпашы» аталымы бойынша марапатталды. Мұнан бөлек Ақсәулет Қуандықов, Бексұлтан Ұлтанбеков, Нұртөре Тахиров, Нұрдәулет Жәдігеров, Саят Төлегенов, Әділет Жұмабеков және Мадияр Ұлтанбеков жақсы қырынан танылды. №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектеб құрамасының ойыншылары республикалық спартакиадаға тың­ғылықты дайындалып, жеңіс туын жел­біретуді жоспарлауда.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 
30 наурыз 2021 ж. 713 0