Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір сыныптан – бір сапқа

Бір сыныптан – бір сапқа

Әскер – азаматтықтың мектебі. Бұл ортада жас жігіттер шыңдалып, жауапкершілікті сезініп, Отан алдындағы қасиетті борышын өтеудің мәнін терең түсінеді. Ал бір ауылдан шығып, бір сыныпта оқып, кейін бір әскери бөлімде қатар қызмет ету – сирек кездесетін тағылымды тағдыр тоғысы.

Бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5547 әскери бөлімінде Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Ынтымақ ауылынан шыққан төрт жас сарбаз мерзімді әскери қызметтерін абыроймен атқаруда. Олар – Бекзат Зуриддинов, Умиджан Сахаддинов, Руфат Садықжанов және Мұхаммеддин Әбиддинов. Төрт жігіттің достығы мектеп қабырғасында басталған. Олар Бабажан Ғафуров атындағы жалпы орта мектепте бірге білім алып, бір сыныпта оқыды. Балалық шақтың қызығы мен жастық кезеңнің жарқын сәттерін бірге өткізген достардың өмір жолы уақыт өте әртүрлі бағытқа бұрылуы мүмкін еді. Алайда тағдыр оларды тағы да бір арнаға тоғыстырды.  Мектеп бітірген соң азаматтық борыштарын өтеуге шақырылған жастар Ұлттық ұлан қатарына қабылданып, бүгінде 5547 әскери бөлімінде бірге қызмет атқаруда. Бұл олардың достық байланысын одан әрі нығайтып қана қоймай, әскери ортаға бейімделуіне де оң ықпал етті. Әскери қызметтің алғашқы күндері кез келген жас үшін оңай емес. Туған үйден жырақта болу, қатаң күн тәртібіне бейімделу, жаңа ортаға үйрену – барлығы да ерік-жігерді талап етеді. Осындай кезеңде жанынан сенімді достарын көру төрт сарбазға ерекше қолдау болды. Олар бір-біріне демеу көрсетіп, әскери өмірдің талаптарына тез бейімделе білді.

Қазіргі таңда жас сарбаздар жауынгерлік даярлық сабақтарына белсенді қатысып, әскери істің қыр-сырын меңгеріп келеді. Қару-жарақпен жұмыс істеу, саптық дайындық, қызметтік міндеттерді орындау барысында олар жауапкершілік пен тәртіптің үлгісін көрсетуде. Әскери бөлім басшылығы да олардың қызметке деген ынтасы мен тәртіптілігін жоғары бағалайды.

Ұлттық ұланның негізгі міндеттерінің бірі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, маңызды мемлекеттік нысандарды күзету және ел тыныштығын сақтау. Сондықтан мұнда қызмет ететін әрбір сарбаздың бойында патриоттық рух, жауапкершілік және табандылық болуы қажет. Ынтымақ ауылының төрт түлегі осы қасиеттерді бойына сіңіріп, әскери антқа адалдық танытып келеді.

Бүгінгі жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру – қоғам үшін маңызды міндет. Осы тұрғыдан алғанда Бекзат, Умиджан, Руфат және Мұхаммеддиннің өмір жолы құрдастарына үлгі боларлық өнеге. Олар достықтың уақыт пен қашықтыққа бағынбайтынын, ал Отан алдындағы борыштың әр азамат үшін қасиетті екенін өз істерімен дәлелдеп жүр.

Туған ауылдан басталған достық бүгінде ел қауіпсіздігі жолындағы ортақ міндетпен жалғасуда. Бір сыныпта отырған төрт достың бір сапта тұрып, Отанға қызмет етуі – жастар тәрбиесінде маңызы зор тағылымды оқиға. Мұндай мысалдар елжанды ұрпақ тәрбиелеуге, әскери қызметтің беделін арттыруға және патриоттық құндылықтарды насихаттауға қызмет етеді.

Төртеуі де бүгін ел қорғаны. Олар әскери борыштарын абыроймен атқарып қана қоймай, туған жерінің, ата-анасының және ұстаздарының сенімін ақтап келеді. Бұл – достықтың беріктігі мен азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.


 Фатима МАРАТҚЫЗЫ,
ТжӘҚЖ бөлімше бастығының аға көмекшісі
                                                              
13 қазан 2026 ж. 71 0