СПОРТТЫ СЕРІК ЕТКЕНДЕР
Астана қаласының 20 жылдығы мен Сырдария ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай аудан әкімдігінің қолдауымен жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында «Нашақорлыққа жол жоқ!» «Бәріңде жарысқа!» ұранымен эстафеталық сайыстың аудандық іріктеу кезеңі өткізілді. Сайысқа аудандағы барлық жалпы білім беретін мектеп оқушылары қатысып, 2 топқа бөлініп сайысты. Сайыстың іріктеу кезеңінде І, ІІ, ІІІ орын алған 6 білім ордасы яғни №135, №131, №126, №131, №210 орта мектеп және №36 мектеп-лицей командалары ақтық сайысқа жолдама алған болатын. Қорытынды жарыс 6 команда арасында өтіп, жүзге жуық қатысушылар бақтарын сынады.
Жарыс шымылдығын аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б. Есмағанбетов ашып, ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытында өткізіліп жатқан жарыстардың мақсатын түсіндірді. Жарыс көрігін қыздыруға келген қатысушыларға сәттілік тіледі. Тартысты өткен сайыстың қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ-орынды №126 мектеп командасы иеленсе, ІІ-орынмен №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп марапатталды. Жарыстың ең биік тұғырына №137 орта мектеп командасы көтерілді. Сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне аудан әкімдігі тарапынан Алғыс хаттар, естелік медальдар мен кубоктар берілді. Жарыс жеңімпазы атанған №137 орта мектеп командасы үстіміздегі жылдың 16 наурызында Қызылорда қаласында өтетін облыстық сайыста аудан намысын қорғайтын болады. Ендеше, аталған жарыста жерлестеріміздің сәттілік серігі болғай.
Б.АЯБЕКҰЛЫ