Халық қалаулылары – Сырдарияда

Мәжіліс депутаттарын аудан әкімі Берік Сәрменбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов күтіп алып, ең алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы туралы ақпарат берді. Топ құрамында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы болды.
Мәжіліс депутаттары Шаған ауылындағы ауруханасын күрделі жөндеу сапалы әрі уақытылы жүргізілуі керек екенін айтып, мердігер мекеме өкілдерімен пікірлесті. «РеалСтройСнаб» серіктестігінің өкілдері күрделі жөндеу жұмыстары наурыз айының басында басталғанын айтып, қыркүйек айында толық аяқтау жоспарланғанын жеткізді. Қазіргі таңда жұмыстың 80 пайызы аяқталған, ішкі әрлеу және сырлау жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен бөлінген 328,9 млн теңге бөлінген. Техникалық қадағалаушы «Жайық СтройИнжиниринг» серіктестігі құрылыстың сапалы, талаптарға сай жүргізілуін қатаң бақылауға алған. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мархаббат Жайымбетов пен Мұрат Әбенов Шаған ауылдық ауруханасын жөндеу жұмысы халықтың талап-тілегінен туындаған жұмыс екенін айтып, сапасына мән беру керектігін ескертті.
Айта кету керек, депутаттардың сапары А.Тоқмағамбетов ауылдық округінде ауыл тұрғындарымен кездесумен және тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигон жұмысымен танысумен жалғасты. Ең алдымен халық қалаулылары А.Тоқмағамбетов ауылына барды.
Кездесу барысында Мәжіліс депутаттары сегізінші шақырылымның үшінші сессияында атқарылған жұмыстар туралы айтты.
– Бірер күн бұрын біз «AMANAT» партиясы фракциясының жиынында Мәжілістегі сегізінші шақырылымының үшінші сессиясында атқарылған жұмысты қорытындыладық. Қабылданған заңдардың саны мен шешілген мәселелердің ауқымы жағынан алып қарайтын болсақ, бұл саяси тұрғыда мазмұнды кезең болды. Парламент Әділетті Қазақстанды құру жолындағы реформаларды жүйелі жүзеге асыруда. Бұл жұмыстағы негізгі бағыт – Мемлекет басшысының бастамаларына заңнамалық қолдау көрсету.
Жалпы біздің партияластар 62 заңға бастамашылық етті. Бұл құжаттар барлық парламенттік фракциялардағы әріптестерімізбен бірлесе жүргізген үйлесімді жұмыстың, Үкіметпен, сарапшылармен және азаматтық қоғаммен өзара сындарлы іс-қимылдың нәтижесіне айналды. Сөйтіп, VIII шақырылымда заң жобаларына барлығы 5300-ден астам өзгертулер мен түзетулер енгізілді және 626 депутаттық сауал жолданды, – деді Мархаббат Жайымбетов.
Өз кезегінде әріптесінің сөзін қуаттаған Мұрат Әбенов көпшілікке бірнеше мәселе бойынша мағлұмат берді.
– Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясы атқарған жұмыс қорытындысы жөнінде айтар болсақ, азаматтардың мүддесі мен мемлекеттің дамуы – басты назарда. «AMANAT» партиясы фракциясы VIII шақырылымның үш сессиясы аясында Президент Жолдаулары мен партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жүйелі және нәтижелі жұмыс жүргізуді жалғастырды. Қабылданған бастамалар негізгі салаларды қамтыды: экономика, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, цифрлық инфрақұрылым және азаматтардың құқықтары. Фракция барлық заң жобаның 82,6%-на бастамашылық етті, тұрғындармен 4 мыңнан астам кездесу өткізді және азаматтардың өмірінде орын алған нақты өзгерістерге қол жеткізді. Біз сайлаушылардың ұсыныс-пікірін алдағы уақытта да ескеріп, нақты жұмыстар атқаратын боламыз. 1 шілде күні Сыр еліне депутаттық қызмет сапарымен келдік. Саяси тілде «каникул» деп аталып кеткен, шын мәнінде парламенттік жұмыстың өңірлік деңгейде жалғасуы. Кесте бойынша іс-шаралар, күніне бірнеше кездесулер, жеке қабылдау жоспарланған. Әріптесім Мархаббат Жайымбетовпен бірге өңірді аралап, өндірістік жобалармен танысып, экономикалық әлеуметтік саладағы
қалыптасқан жағдайды өз көзімізбен көріп, сайлаушылармен кездесеміз, – деді Мұрат Әбенов.
Депутаттардың сапары «Қызылорда-Жалағаш» автожолының бойынан көлемі 4 гектар жерге салынған полигон жұмысымен танысумен жалғасты.
– Бұл полигонның аудан тұрғындары үшін маңызы зор. Полигон құрылысына облыстық бюджеттен 475,5 млн теңге бөлінген. Полигонда тұрмыстық қалдықтар сұрыпталады. Құрылыс жұмыстарын «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС атқарған. Айта кету керек, полигон шаруашылық және өндірістік аймақтардан тұрады. Өндірістік аймақта тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап жинайтын арнайы алаң, сүзгіш құдығы орналасқан. Мұнда жылына 3500 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыпталмақ, – деп ақпарат берді аудан әкімі.
Мәжіліс депутаттары тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру үшін тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигонның жұмысын жүйелі ұйымдастыру қажеттігін айтты.
Одан кейін Мәжіліс депутаттары «Руханият» орталығында жеке қабылдау өткізді. Жеке және заңды тұлғалар өкілдерін қабылдауға келушілер инфрақұрылымды жетілдіру, құрылыс, кәсіпкерлік, әлеуметтік сала және «Ауыл аманаты» жобасына өзгерістер енгізу бойынша мәселелерді көтерді.
Мәселен, білім саласының ардагері Ұ.Жанәлиева «Жайлы мектеп» салу бойынша сұрақ қойса, кент тұрғыны С.Тобағұлов апатты үйлер мәселесін шешу туралы айтты. Сонымен қатар С.Сейфуллин ауылының тұрғыны Б.Рахметов «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Қызылорда облысында асыл тұқымды малын сатып алу талабын алып тастау бойынша ұсынысын жеткізсе, Қалжан ахун ауылының тұрғыны Б.Зинабдинов Қалжан ахун ауылының электр желілерін жаңарту жобасы 2024 жылы басталып бүгінгі күні аяқталмай тоқтап тұрғанын айтты.
Әр мәселенің түйінін тарқатып, шешу жолдарын қарастырған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары көтерілген мәселелерді жеке бақылауға алып, жұмыс жасайтынын айтты.
«Тт» ақпарат